Нашақорлық – бұл бүгінгі қоғамымызды алаңдататын әлеуметтік мәселелердің бірі. Ал нашақорлықтың өршуіне есірткі заттарын тарату, яғни өткізу себепші. Сондықтан бұл ауыр қылмыстардың қатарына жатады. Мемлекетіміз көптеген халықаралық есірткіге қарсы жобаларға қатысып жүр. Трансұлттық қылмыстық топтарды жою көлеміндегі халықаралық операцияларды ұйымдастыру үшін құқықтық құралдар да жасақталған. Еліміздің құқық қорғау органдары бұл «қоғамдық кесапатты» тарату жолымен тиімді күресті жүргізуді ұйымдастыру үшін тиісті шаралар қолдануда. Бірақ барлық мәселе де сонда, яғни бұл қылмыспен күресу тек мемлекеттік деңгейде ғана қалып қоймауы керек. Керісінше, бүкіл қоғам болып, оның алдын алуға атсалысуымыз, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы санасына сіңіруіміз қажет. Мемлекеттік деңгейде Қазақстан Республикасы үшін есірткі заттарының заңсыз айналымын қадағалау және оған жауаптылық туындату жөніндегі міндеттемесі оның осы мәселе бойынша халықаралық шарттарға қатысуынан туындайды. Атап айтқанда, 1935 жылғы «Есірткі заттарын заңсыз сатуға тыйым салу» туралы Женева конвенциясы, 1961 жылғы өзгерістер мен толықтыруларымен бірге «Есірткі заттары» туралы Бірыңғай конвенция, 1971 жылғы «Психотроптық заттар» туралы және 1988 жылғы «Есірткі заттары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес» туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы конвенциясы және тағы басқа да шартқа отырған жақтардың өзара қатынасын нақты айқындайтын бірнеше мемлекетаралық келісімдер де бар. Ел Үкіметімен «Нашақорлық пен нашақорлық бизнесімен күресу» туралы 2012–2016 жылдарға арналған салааралық бағдарлама да бекітілген. Бұл бағдарлама үш бағытты, нашақорлықтың алдын алуды, денсаулық сақтау жүйесінің одан әрі дамуын және нашақорлыққа тәуелді тұлғаларға психологиялық көмек көрсетуді қамтыды. Одан басқа, Қазақстанда есірткінің заңсыз айналымымен күресті күшейту тұрғысында тиісті заң актілері де қолданылуда. Заң есірткі заттарын жеке дәрігерлермен қолдануға тыйым сала отырып, онымен бірге медициналық мақсатта қолдану тәртібін айқындайды. Тиісінше қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтар қарастырылған. Есірткімен байланысты ауыр қылмыстар жасаған тұлғалар құқық қорғау органдарының қатаң бақылауына ілігеді. Бүгінде есірткі заттарын қолдануға үгіттегені және де жарнамалағаны үшін әкімшілік жауапкершілік туындайды. Сонымен қатар есірткі заттарын дәрігердің рұқсатынсыз қолдануға тыйым салынған. Дәріханаларда және денсаулық сақтау мекемелерінде есірткі заттарының заңсыз айналымына жол бермеуді қадағалауды тиісті комиссиялар жүзеге асырады. Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу үшін қылмыстық жауапкершілік Қылмыстық кодекстің «Халық денсаулығына және имандылыққа қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» деп аталатын 11-тараудың 296-бабында (есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) және 297-бабында (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) қарастырылған. Бұл баптардың әрбір бөлігінде заңды дұрыс қолдану үшін олардың бар не жоғы анықталуға жататын осы қылмыстардың саралаушы белгілері қарастырылған. Мысалы 297-баптың 4-бөлігі бойынша осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер, сол сияқты есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді бiлiм беру ұйымдарында не көрiнеу кәмелетке толмаған адамға өткізгені үшін кінәлі тұлға мүлкi тәркiленiп, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін. Бұл – 297-баптың санкциясында қарастырылған, кінәлі тұлғаға тағайындалуы мүмкін ең ауыр жаза түрі. Сот тәжірибесі мен қылмыстық іс материалдарынан көбіне аталған санаттағы қылмыстарға баруға кінәлі тұлғаның қиын материалдық жағдайы немесе үлкен қаражатқа тез ие болғысы келетіндігі итермелейді. Оңай олжаға құнығып, шырмауық іске шырматылмай адал жүргенге не жетсін?.. Ләззат Ілиясова, облыс бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді