Елбасының Қазақстан халқына 23-ші рет жолдап отырған биылғы Жолдауының жетінші – «Адами капитал – жаңғыру негізі» бөлімін өткен жылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы «Адами капитал сапасын жақсарту» атты төртінші басымдықтың жалғасы деп қабылдаған жөн. Биылғы Жолдауы арқылы Елбасы адам капиталы материалдық игіліктен де құнды екенін тағы да айқындап берді.
Нұрсұлтан Назарбаев төртінші өнеркәсіптік революция туралы айта келе, әлемдегі бәсекелестікке қабілетті 30 дамыған елдер қатарына енудің жолдары мен міндеттерін қазақстандық модель негізінде көрсетіп, он мақсат қойған. Яғни Елбасы атап өткендей, «Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды». Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жаңғыруы – Қазақстан дамуының ең басты бағыты. Бұл ретте сапаның артуы, оның ішінде өндіріс, білім сапасы мен ғылыми ізденіс нәтижелерін арттыру Президент Жолдауының басты лейтмотиві болып отыр. Әсіресе оның жетінші міндетінде рухани жаңғыруымыздың негізі адами капиталға көп көңіл бөлінген. Тікелей еңбек адамымен, ұлы мамандық иелері болып табылатын ұстаздардың еңбек құқығы мен заңды мүдделерін қорғаушы ұйым ретінде біз үшін аса өзекті мәселелер жетінші бағытта қарастырылған. Бұл ретте «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» дегендей, мектепке дейінгі білім беруден бастап, орта мектеп пен жоғары оқу орындарына дейін қамтылған жаңа бағдарламалар мен стандарттар 2021 жылға дейін жасалынуы тиістілігі айтылған. Бұл үшін орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу, жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар әлеуеті қажет. Педагогтерді оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдары қайта қаралып, жаңартылу сұралып отыр. Оқытудың мазмұны заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы толықтырылады. Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектептерді бейне құрылғылармен жабдықтау жұмыстары жалғастырылуы қоғамды ілгері жылжытуға бастайды. Бәсекеге қабілетті білім беру үдерісін қалыптастыру – еліміздің экономикасының дамуы, өркениеттің өркендеуінің кепілі болмақ. Бұл Жолдауды жүзеге асыру барысында әр сала өзіне қатысты тұста тосырқап қалмау керек. Елбасы ұсынған жаңғыртуларды әрқайсымыз өзімізден, өз санамыздан бастағанымыз жөн. Өзіміздегі ескі қағидаттардан арылып, бүгінгі күннің арнасымен алға қарай ұмтылуымыз қажет. Кәсіптік одақтар – еліміздегі кеңестік дәуірді қамтыған ғасырдан аса тарихы бар жалғыз қоғамдық бірлестік. Сол үшін де бізге санамызды жаңғырту туралы терең ойланып, пәрменді әрекет ету керек. Бұл ретте кәсіподақтардың жаңғыруы қысқа мерзімді процесс емес, керісінше, қоғамдық институт ретінде сыртқы ортаның өзгеру қарқыны мен динамикасына және кәсіподақ қозғалысының қарапайым мүшелерінің қажеттіліктері мен мүдделеріне сәйкес тұрақты жаңарып отыруы тиіс. Осы орайда, кәсіподақтың ерекше басымдық беретін жұмыс бағыттарының бірі әлеуметтік әріптестік болып табылады. Қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес жалақы төлеу, еңбек жағдайларын оңтайлы ету, қызметкерге заңмен көзделген кепілдіктер мен жеңілдіктердің сақталуын және олардың деңгейін арттыра түсуге мүмкіндік беретін бірден-бір заңды құрал, пәрменді әрекет тап осы келісімдер мен ұжымдық шарттар жасау арқылы жүзеге асырылады. Біздің салада да кез келген мекеме басшысына еңбек қатынастары барысында туындайтын проблемалар мен түйткілдерді әрбір қызметкермен жеке дара шешкеннен гөрі олардың заңды өкілі – кәсіподақ ұйымдарымен мәмілеге келе отырып шешу анағұрлым тиімді. Елбасы Жолдауында көрініс тауып, көңіл қуантқан бір тұс ол жаңартылған білім бағдарламасы бойынша мұғалімдердің лауазымдық жалақысын 30-дан 50 пайызға дейін арттырумен қатар, ұстаз беделін көтеру жөніндегі Елбасы мәлімдемесі – үлкен қамқорлықтың айқын дәлелі. Олай болса, мұғалімдер тиісті білім мен біліктілігін алған соң, әлемдік жоғары сұранысқа ие болатын деңгейіне жетуі тиіс деп есептеймін. Себебі бүгінде еліміздің әлемдік көшбасшылар қатарынан көрінуі бәсекеге қабілетті білім беруден басталады. Кәсіподақтың негізгі мақсаты болып табылатын одақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін құқықтық қорғау бойынша кәсіподақ ұйымының құқықтық еңбек инспекциясы бүгінгі күнде нәтижелі қызмет етуде. Қазіргі уақытта облысымыздағы әрбір ауданда бір инспектордан құқықтық қызмет атқарып, жалпы инспекция заңгерлерінің саны 14 маманға дейін жетті. Инспекция құқықтық көмек көрсетумен қатар, тиісті қоғамдық тексерулер ұйымдастыру арқылы құқық бұзушылықтың алдын алуда таптырмас құралға айнала білді. Аталған тексерулердің мемлекеттік және бақылау органдардың тексерулерінен айырмашылығы өте көп. Біздің заңгерлермен жүргізілетін тексерулер білім ұйымдарына ешқандай да нұқсан келтірмейді, себебі тексерулер нәтижесінде біз айыппұл салатын немесе тәртіптік жауапкершілікке алып келетін іс-әрекеттерді қолдануға мүдделі емеспіз. Керісінше, біздің тексерулер жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы еңбек қатынастарды дұрыс жүргізуге құқықтық кеңес беріп, әдістемелік көмек көрсету болып табылады. Жоғарыда баяндалғанның барлығы билік пен азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі болып табылатын кәсіподақтың адам капиталын дамытуға қолайлы жағдай жасап отырғанын көрсетеді. Одан арғы мәселенің барлығы мұғалімнің біліктілігіне, педагогтердің білгірлігіне, түптеп келгенде әрқайсымыздың еңбекқорлығымызға, қала берді өз ісімізге деген адалдығымызға байланысты. Демек, Жолдауда айтылған міндеттер сөз жүзінде қалмауы үшін әрбіріміз жауапкершілікті сезіне отырып, ортақ іске жұмыла кірісуге тиіспіз.
Гүлсін ОРЫНБАЕВА, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық ұйымының төрайымы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді