Қоғамдық қабылдау бөлімінде қай кезде де қауырт жұмыс
Бүгінде «Нұр Отан» партиясы облыстық, қалалық және аудандық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөліміне келушілердің қатары көбейген. Олардың дені негізінен әлеуметтік мәселелерді алға тартады. Сот шешімдеріне көңілі толмай, арызын арқалап келетіндер де аз емес. Биылғы жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында партияның аумақтық филиалдарына 2147 өтініш келіп түскен. Талдау көрсеткендей, өткен жылмен салыстырғанда сот шешімдеріне қатысты мәселелер саны 19-дан 31-ге, денсаулық сақтау саласына қатысты өтініштер 87-ден 167-ге дейін өскен. Банк, қаржыландыру жүйесіне қатысты өтініштер саны 9-дан 42-ге артқан. Сол сияқты баспана алу мәселесімен келетіндер де көбейіп тұр. Былтыр осы мерзімде мұндай мәселемен 111 адам қайырылған болса, биыл олардың саны 176-ға дейін өсіп отыр.
– Қоғамдық қабылдауға азаматтар үлкен үмітпен келеді. Басым көпшілігі баспанаға зәру. Баршаға белгілі, Тұрғын үй қатынастары туралы заңның талаптарына сәйкес, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне баспана кезексіз беріледі. Өзі облыста майдангерлеріміз 300-дің о жақ, бұ жағында. Қатарлары кемімесе, артпайды. Осы заңға былтырдан бастап жаңа өзгерістер енгізілді. Ендігі кезекте жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тұрғын үй кезексіз берілетін болды. Былтыр осы санат бойынша небәрі 500 адам кезекте тұрған болса, қазір олардың саны мыңнан асып кетті. Жаңа өзгерістерді естіп, кезекке тұрып жатыр. Бірінші кезекте баспана соларға берілуде. Міне, осындай жағдайларға байланысты өзге санаттағы азаматтардың күте тұруына тура келеді. Олардың да арасында мүгедектер, бала күтімімен отырған ата-аналар бар. Бізге мұң-мұқтажын айтып келеді. Өтініштерін мұқият тыңдаймыз. Тиісті мекемелердің басшыларына хат жолдап, жауап беруін талап етеміз. Соңынан бақылауда ұстап отырамыз. Мәселе оң шешімін тауып жатса, оған біз де қуанамыз, – дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы қоғамдық бақылау бөлімінің меңгерушісі Бақыт Төлемісова. Б.Төлемісова денсаулық сақтау саласына көңілі толмайтындардың да көп екендігін айтады. Портал арқылы кезекке тұруда кездесетін қиындықтар жетерлік. Бұл өз кезегінде көптің ашу-ызасын тудырады. Оның үстіне кейбір дәрігерлер мен мейірбикелер жеңілдіктер туралы дұрыстап түсіндіре бермейтін көрінеді. Қоғамдық қабылдау бөлімінің тікелей ықпалымен екі адамның ауруханаға жатуына көмек көрсетіліпті. Тағы бір атап өтерлігі, партияның облыстық филиалы тарапынан көшпелі қоғамдық қабылдау ұйымдастыру да жолға қойылыпты. Бұл қоғамдық қабылдау жұмысының тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Биылғы бес айда облыстың шалғай елді мекендерінде осындай 29 көшпелі қоғамдық қабылдау өткізілген. Сонымен қатар, республикалық «Жолда қабылдау», «Әділет органдары кеңес береді» акциялары шеңберінде тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып келеді. Биылдың өзінде осындай 14 басқосу өткен. Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында мүгедектердің әлеуметтік мәселесіне айрықша назар аударғаны белгілі. Қазіргі таңда облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі жандардың жалпы саны 39667 адамды құрайды. Оның ішінде 29196 адам жұмысқа жарамды жаста. Бүгінде белгілі болып отырғандай, осы санаттағы 4027 адам әртүрлі кәсіппен айналысуда. Жолдау жүктеген міндеттерге сай, жыл басынан бері партияның облыстық, қалалық және аудандық филиалдарында мемлекеттік органдар мен депутаттардың қатысуымен қоғамдық қабылдаулар жүргізілуде. – Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру мәселесіне айрықша көңіл бөлінуде. Қоғамдық қабылдауға негізінен үшінші топтағы мүгедектер жазылады. Бірінші топтағылардың басым көпшілігінің жұмыс істеуге шамасы келмейді. Біз олардың сұраныстарын зерделеп, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізуді дәстүрге айналдырдық. Қоғамдық қабылдаулар, Тараз қаласы мен барлық аудандарда өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінің нәтижесінде 290 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасты, – дейді Б.Төлемісова. Еліміздегі ең ықпалды партияның қоғамдық қабылдау қызметі мұнымен шектеліп жатқан жоқ. Бүгінде аумақтық филиалдарда электронды қоғамдық қабылдау жүйелерін пайдалану тәжірибесі де орныққан. Биылдың өзінде өңірде электронды қоғамдық қабылдау жүйесі бойынша 2084 хат кіріске алыныпты.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді