Көпшіліктің көкейіндегі мәселелер айтылды
Жыл ішінде атқарылған жұмыстардың жайын ауылдық округ әкімдері есеп беру кездесулерінде толық баяндады. Бұрындары мұндай есепті жиында тұрғындар ауызсу, егістік, жол мәселелерін көтеретін. «Көгілдір отын» мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде оның бірқатары шешімін тапқан. Дегенмен әлі күнге өзектілігін жоймаған проблемалар да бар.
Жамбыл Келелі істер кезегін күтуде
Қызылшарық ауылында өткен Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Қайрат Жатқанбаевтың тұрғындармен есепті кездесуіне Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Еркін Базарханов, аудан әкімі Бақыт Қазанбасов қатысты. Қайрат Есенбекұлы өткен жылы атқарған жұмыстардың нәтижесін баяндап, алдағы жоспарлармен таныстырды. Алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында нақтыланған 10 бағытқа тоқталып, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында жүзеге асырылған игі шараларды сөз етті.
– Өткен жылы округте бірқатар жұмыстар атқарылды. Бектөбе ауылындағы Қ.Рысқұлбеков көшесі 9 миллион 700 мың теңгеге орта жөндеуден өтсе, Қызылшарық ауылындағы Атшабар көшесіне 3 миллион 966 мың теңгеге ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жамбыл көшесінде жаяу жүргіншілер жолы салынып, осы жолдың бойындағы үш көпір қайта қалпына келтіруге 3 миллион 156 мың теңге бөлінді. Көшелерді жарықтандыруға 2 миллион 860 мың теңге қаржы қарастырылып, темір бағаналар толық ауыстырылды. Амангелді атындағы орта мектепке 9 миллион 327 мың теңгеге «ПАЗ-3203» автобусы сатып алынды. Ауылдық мәдениет үйіне 1 миллион 175 мың теңгеге трансформатор, 18 миллион 500 мың теңге қазандық орнатылды, – деді ауыл әкімі. Кездесуде тұрғындар көкейкесті мәселелерді қозғады. Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тұрсынбек Спаналиев ауызсу мәселесін қаузаса, ауыл тұрғыны Ермек Мырзалиев ауылға қатынайтын №27 бағыттағы қоғамдық көліктердің қызметіне көңілі толмайтынын жеткізді. Ауыл ішінде жылдамдықты шамадан тыс асыратын жүргізушілер кесірінен соңғы кездері Т.Тоқтаров көшесімен жүруді қойғанын айтып, осы мәселенің оң шешім табуына ықпал етуін сұрады. Ауыл әкімі алдағы уақытта бұл мәселені бір жүйеге келтіретінін жеткізді. «Амангелді» өндірістік кооперативінің төрағасы Қасымхан Қанаев мал және басқа да ұрлықтардың алдын алу үшін ауыл көшелеріне бейнебақылау камераларын орнату туралы ұсыныс жасады. Ал зейнеткер Қасымбек Райымбековтың: «Ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалану үшін 2018 жылы ауылда қандай шаралар атқарылмақ?» деген сауалына ауыл әкімі биыл «АзияГазҚұбыры» ЖШС директорының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Ғ.Сағынтаевтың демеушілігімен Қызылшарық ауылында құны 7 миллион 500 мың теңгеге кіші футбол алаңы салынатынын айтып, жауап берді.
Т. Рысқұлов
Мал жайылымы қашан кеңейеді?
Абай ауылдық округ әкімі Мұратбек Арыстамбеков ауыл тұрғындарының алдында есеп берді. Атқарылған істердің нәтижесіне тоқталып, алдағы жоспарлы міндеттерімен таныстырды. Абай мен Көкарық ауылдарынан келген көпшілік округ әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Алайда өзекті мәселелер де айтылмай қалған жоқ. Мәселен, ауылдық округ ардагерлері кеңесінің төрағасы Рысқұлбек Секербеков мал жайылымының тарлық ететінін мәселе етіп көтерді. Мұнан соң жаздыгүні тау суының жеткіліксіз болатынын айтып, арық-атыз тарту қажет екені де айтылды. Қойылған сұрақтарға жауап берген Мұратбек Арыстамбеков ауылда жылдан-жылға мал көбейіп келе жатқанын, сондықтан жайылым мәселесі туындағанын, оны шешу жолдарын қарастыратынын айтты. Басқа мәселелердің де өз кезегімен шешілетінін жеткізді.
Жуалы
Боралдайлықтар неге алаңдаулы?
Боралдай ауылдық округінің әкімі Ғани Қуанышев Ертай және Рысбек батыр ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізіп, жыл қорытындысы бойынша есеп берді. Рысбек батыр ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепте өткен жиынға аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков пен аудан әкімдігі өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Талғат Әмірәлиев қатысты. Ғани Қуанышев түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында ауылдағы атқарылып жатқан жұмыстарға рет-ретімен тоқталды. Ауыл әкімі тамыз айында сайланса да, талай шаруалардың іске асуына бастамашы болған екен. Оны жиында тұрғындардың өздері де айтып өтті. Мәселен, Жарас Әлішеров округ әкімінің жұмысын оң бағалап, ауылда электр жарығына қатысты мәселенің шешілгенін, қардың дер кезінде күрелгенін Қуанышовтың іскерлігі дейді. Дегенмен ауылда түйткілді үш мәселе әлі де шешімін таппай отыр екен. Соның бірі – елді мекенде Мәдениет үйінің жоқтығы. «Мәденет үйі салынса, кітапхана да ашылар еді. Тағы бір проблема – бізде телефон байланысы қиын. Қырға «Beeline» байланысы орнатылған. Ол бірде ұстап, бірде ұстамайды. Осы жағдайды ескеріп, «АCTIV» пен «Тele 2» байланыс мұнаралары орнатылса. Ал үшіншісі – ауызсу. Ауызсу ауылға және мектепке керек. Осы мәселелер бақылауға алынса, – деді Жарас Әлішеров. Бұл – тұрғындардың №1 сайлау округінен сайланған аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубековке айтқан тілегі еді. Ерғали Өтемісұлы өз кезегінде қаржы қарастырып, ауылдан демеуші тартып, бұл мәселелердің барлығын таяу жылдарда шешуге тырысатынын айтты.
Қордай
Көпірді жөндеуге қаржы керек
Ноғайбай ауылдық округінің әкімі Ермұхан Жапарбековтің Шарбақты ауылында өткен есеп беру кездесуіне аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Талғат Қожабергенов қатысты. Жиында Е.Жапарбеков өткен жылы бірқатар жұмыстардың шешімі табылып, жүзеге асқанын айтты. Әсіресе шаруа қожалық жетекшілеріне көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдауларға көбірек тоқталды. Шарбақты ауылы тұрғындарының әкімге айтары көп екен. Әсіресе жұртты алаңдатып отырғаны – ауылға келетін кіре беріс жолдың, көпірдің біраз жылдан бері жөндеу көрмегені. Сондай-ақ ескірген электр бағаналарының жай-күйі де арқаға аяздай батып тұрған көрінеді. Ауыл әкімі Е.Жапарбеков Шарбақтыға келетін 8 шақырымдық жолды және көпірді жөндеуге қаржы қарастыратынын айтты. Ал электр бағаналарының жайын аудандық электр торабы мекемесі басшысына жеткізетін болды. Жиынды аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Талғат Қожабергенов қорытындылап, ауылдық округ әкімінің жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.
Меркі
Сөз жүзінде қалған іс көп
Сұрат ауылдық округінің әкімі Ғазиз Байарыстан жыл қорытындысы бойынша округке қарасты Тескентоған ауылы тұрғындарының алдында есеп берді. Өткен жылы ауылдық округ аумағындағы жұмыстар, негізінен, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, кооператив жұмыстарын жандандыруға, білім мен мәдениет салаларын жаңғыртуға және өзге де мәселелерге бағытталып, жоспарға сай жүйелі жүргізілген. Есепті жиында ауыл тұрғындары өз ойларын ортаға салды. Мысалы, Ш.Жақыпбаев Б.Момышұлы көшесін асфальттау мәселесінің сөз жүзінде қалып отырғанын, жол бойларындағы ауыз су құбырларының беті ашық екенін айтса, осы көшенің тұрғыны К.Салыбайұлы жол, газ құбырын тарту және электр бағаналарын жүргізу мәселелерінің назардан тыс қалып жататынын алға тартты. Ал Р.Құрманалиев болса, Сыпатай көшесінің аяқ жағы қыс-көктем айларында балшық болып, жүргіншілерге қолайсыздық тудыратынын, сол жерлерге тас төсетіп беруге ықпал етуін өтінді. А.Арыстанбаев ауылдағы электр бағаналарын ауыстыру керектігін, С.Әбдрасилов көшені жарықтандыру қажеттігін сөз етіп, балабақша мәселесін қозғады. Ауылдық округ әкімі Ғазиз Байарыстан бұл мәселелерді мүмкіндігінше шешуге тырысатынын айтып, сөз берді.
Дүйсенбек Орманов, Мереке Айнақұлов, Марат Құлибаев, Жандос Омаров, Әтіркүл Исаева
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді