Мемлекеттік қызмет – мәртебелі міндет

Мемлекеттік қызмет – мәртебелі міндет
ашық дереккөз
Мемлекеттік қызмет – мәртебелі міндет

Еліміз тәуелсіздігін жариялап, егемендігін алғалы бергі аралықта мемлекеттік қызмет саласын жетілдіруге, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілік деңгейін көтеруге мүмкіндік беретін құқықтық базаны қалыптастыруды үнемі басты назарда ұстап келеді. Соның бір нақты көрінісі ретінде, тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік қызметке қатысты Республика Президентінің 15 Жарлығы мен «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның, Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі қабылданғандығын, соған орай ел Үкіметінің арнайы қаулылары мен еліміздің Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің 14 нормативтік-құқықтық актілерінің күшіне енгендігін, Елбасы 22

2011 жылғы шілде айында бекіткен Тұжырымдама негізінде 2013 жылдан бастап қазақстандық мемлекеттік қызметтің жаңа моделі жұмыс істей бастағандығын, 2013 жылдың 26 наурызында қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңдағы түбегейлі жаңа өзгерістердің қолданысқа енгізілгендігін және 2013 жылдың 23 желтоқсанындағы Мемлекет басшысының Жарлығымен маусым айының 23-і Мемлекеттік қызметші күні ретінде белгілегендігін айтсақ та жеткілікті. Міне, осы соңғы құжатқа орай бейсенбі күні Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты жиын өтті. Онда зал толы жұртшылық өкілдері тәуелсіз Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің өмірге келу және қалыптасу тарихы туралы түсірілген бейнефильмді тамашалауды аяқтаған соң, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне байланысты құттықтау сөз сөйледі.

Кәрім Нәсбекұлы әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкер екендігіне, нақ сондықтан ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болудың мәртебелі міндет болып табылатындығына, мемлекеттік қызметшінің биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетуге тиістігіне тоқталып, мемлекеттік қызметшілерді төл мерекесімен шын жүректен құттықтады. Қазақстанның бұрынғы посткеңестік елдер арасында мемлекеттік қызметшілерді конкурстық жолмен іріктеуді енгізген, мемлекеттік лауазымдарды саяси және әкімшілік қызметке жіктеген бірінші мемлекет болып табылатындығын айтты. Бүгінгі таңда елімізде жұртшылықтың кадрларды іріктеу мен оларды қызмет бабында жылжыту жүйесіне сенімін нығайтуды, азаматтардың мемлекеттік қызметтің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттанушылығын арттыруды мақсат тұтқан мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасы табысты жүзеге асырылуда. Әрі осынау жаңашылдық шешімдерімен Қазақстан ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында мемлекеттік қызмет саласын реформалауда көшбасшылық рөлге ие болып отыр. Негізі, мемлекеттің күш-қуаты, оның қызметкерлерінің елді заманауи тұрғыда биік тұғырға көтерудегі және табысқа қол жеткізудегі іскерлік қабілетінде жатыр. Сондықтан, мемлекеттік қызметші мемлекеттің атына лайық болуға, оның іргетасын бекемдеуге үлес қоса білуге тиіс. Облыс әкімі бұдан әрі мемлекеттік қызметкерлерге өз міндеттеріне жоғары деңгейдегі мүдделілік және адалдық тұрғысынан қарап, жауапкершілікпен атқарғаны үшін алғыс-ризашылығын білдіре келе, «Халқымызда «Билігі мықты елдің — тірлігі құтты болады» деген даналық сөз бар. Сондықтан да қашанда жүгі ауыр билік міндетінің ауқымды және мақсатының биік болары барлық мемлекеттік қызметшілердің жадында болуы керек», деді сөзін қорытындылап. Бұдан кейін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Тараз қаласы мен аудандардағы үздік қызметімен көзге түскен бір топ мемлекеттік қызметшілерге «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі мен мадақтамаларды тапсырды. Салтанатты жиынның соңы облыстық филармонияның өнерпаздары дайындаған мерекелік концертке ұласты.

Сапарғали ӘЛІБАЙ, «Ақ жол»

Ұқсас жаңалықтар