Каратаудын тарихы қатпар-қатпар

Каратаудын тарихы қатпар-қатпар
ашық дереккөз
Каратаудын тарихы қатпар-қатпар

Қаратау фосфорының алғаш рет қалай табылып, зерттелгенi, геологтардың сандаған қиындықтармен бетпе-бет келгенi, осындай тынымсыз еңбектің арқасында  бiр кездегi шөлдi-батпақты жерде кеншiлер қаласы еңсе көтергені жөнінде білу, әсіресе, жас ұрпақ үшін де айрықша қызықты  деп ойлаймын.

Осы ретте 30-жылдардың өзінде-ақ Қаратау тауларынан фосфордың мол қорлары табылғаны баршаға мәлім. Қаратау фосфорының химия өнеркәсiбi үшiн де маңызы өте үлкен болды. Химиктердiң дәлелдеуiнше, жалпы фосфордан тыңайтқыштардан бастап, тiс жуғыш және басқа да жуу ұнтақтары секілді 60-тан астам өнiм шығарылады екен. Ал, «Қаратау» деген атау қандай мағынаны бiлдiредi? Ата-бабаларымыз «Қаратау» атауына жыл бойы қарайып жататын дала, қыстап шығуға қолайлы деген мағына теліген, өңірдің жануарлар мен өсiмдiктер дүниесi де әр алуан болып келедi. Қазақстан тарихын оқыту барысында бірінші модульдан бастап-ақ бiлiмгерлердi өзiмiз қоныстанған Қаратау жотасының тарихи атауларымен таныстыра бастайтынымыз белгiлi. Бұл өңірдің аты ғылыми әлеуетке Тәңiрқазған, Бөрiқазған секілді адамзаттың алғашқы қоныстары – көне тұрақтарымен танымал. Ал, үшінші модульда – 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деп аталатын айтулы оқиға «Қаратаудың басынан көш келедi» деп басталып, қазақ тарихының әр алуан кезеңдерiнiң өзiмiз қоныстанған өлкемізбен байланысты болғанына көз жеткiзе түсемiз. Жалпы, Қаратауды геологиялық зерттеулердiң бiр ғасырдан астам тарихы бар. 1864 жылы атақты зоогеограф, дарвиншiл ғалым Николай Алексеевич Северцев жасаған атласта Шу мен Сырдария арасының алғашқы геологиялық-географиялық сипаттамасы түзілді. Онда Қаратау жотасының фаунасы да тұтастай қамтылған. Фосфориттердi зерттеу тарихы осылай басталған еді. 1874-1881 жылдары Қаратауда геолог және географ Иван Васильевич Мушкетов бiрнеше рет болып, Түркiстанның геологиялық картасын құрастырды, ол аталған аумақтың жалғыз ғана картасы ретінде ұзақ уақыт қолданыста болды. Валериан Николаевич Вебер Қаратауды геологиялық тұрғыда зерттеудi 1904 жылдан бастады. Ал, 1936 жылы геолог Иван Ильич Машкара бұл өңірден фосфордың мол көзiн тапты. Ол өзінің өмiрбаяндық естелігінде «Геология менi мектептен-ақ қызықтыратын едi. Тау-кен институтына түсудi армандадым. Алғашқы кезде Ленинград тау-кен институтының ерiктi тыңдаушысы болдым, ал 1927 жылы Ленинград мемлекеттiк университетiнiң физика-математика факультетiнiң геология бөлiмiне түстiм. Қаратау тауларының геологиялық құрылымын зерттеуге барлығын қосқанда 9 жыл уақытым кеттi. Қаратаудағы жұмыстарды 1928 жылдан бастадым. Ал, 1942-1943 жылдары Қаратауда ванидий iздеуге қатыстым» деп жазады. Шындығында сол, 1936-1937 жылдары кеңес геологтары Оңтүстiк Қазақстан аймағындағы Қаратау жоталарынан фосфориттің құрамы жағынан әлемде теңдесі жоқ түрiн тапты. Мұны Пантелеймон Леонидович Безруков өзінің естелігінде былай деп баяндайды: «Алғаш рет Қаратауға 1937 жылы өз студентiм Николай Цитенкомен бірге шықтым. Жамбылдан бiз әуелі екі ат сатып алдық. Фосфорит кенішін жаяу және атпен жүрiп iздедiк. Арба жүретiн жолдармен Үлкен Бурыл, онан Билiкөл арқылы Майтөбе совхозына бардық, одан ары қарай Кiшi Қараойға өттiк. Кiшкентай ауылдарда мал саны өте аз болды. Қойдың сүтiн сатып алудың өзi қиынға соқты. Байқадамнан алынған фосфордың үлгiлерiн Москваға жiбердiк. Байқадам – аудан орталығы едi. Ол жердегi тұрғын үйдiң саны 20-25 үйден аспайтын. Ал өзендердiң айналасында қазақтардың киiз үйлерi орналасқан. Соңынан мәлiм болғанындай, Қаратау тауларында фосфор кенiнiң адам сенгiсiз мол қоры бар болып шықты. Ал, химиялық тәжiрибелер олардың сапасының жоғары екенiн дәлелдедi. Москвадан маусымда Борис Михайлович Гиммелфарб келдi. Шолақтау елді мекенiнде 1939 жылдан бастап жұмыс iстей бастадым. Бұл жер әлі ашық дала күйінде, адамдар қоныстанбай жатқан кез едi. Жаңатас елдi мекенiн 1939 жылы аштым. Соңынан Қаратау жоталарында фосфорит кенiшiнiң өте үлкен көлемдегi қорлары бар екендiгi белгiлi болды, ал олардың химиялық құрамын зерттеу нәтижесi олардың өте жоғары сапалы екендiгiн дәлелдеп бердiм». Міне, осындай тарихи деректерден көз жеткізгеніміздей, 1939 жылдан бастап қазiргi Қаратау қаласының орнында алдымен геологтардың алғашқы палаткалары пайда болып, ал күзге қарай саман үйлер соғылды. Сол жылы-ақ алғашқы бұрғылау төбешiгi пайда болды. 1940 жылы кеңес геологтары Жаңатас және Көкжон аймақтарын да зерттеп, нәтижесiнде Жаңатас кенiшiнiң қоры 216 миллион тонна шамасында болатындығын анықтады. А. С. Соколовтың айтуынша, бір ғана Қаратау жотасының фосфор қоры 4 миллиард тоннадан асатындығы белгiлi болды. Ал, соңыра Ұлы Отан соғысының басталуымен байланысты фосфорға деген қажеттiлiк өскен-ді. 1941 жылы 27 тамызда «Қаратау» тау-химия комбинатын ашу туралы Жарлыққа қол қойылды. Алғашқы жылы комбинатта бір ғана тау-кен инженерi болған еді. Комбинатта жылдан жылға жұмысшылар қатары көбейiп, арада екі-үш жыл өткенде, 5565 үй еңсе көтеріп, ал жалпы тұрғындар саны 4000 адамға жеттi.1944 жылдан бастап «Қаратау» кен-химия комбинаты үкiметтiң Жарлығымен бүкiлхалықтық құрылыс болып жарияланды. Сол жылдан бастап кендi игерудi жеңiлдету үшiн бүкiлхалықтың жұмылуымен «Жамбыл-Шолақтау» темiр жолы салынды. Отанымызға қауiп төнген сын сағаттарда тылда қаратаулық еңбекшiлер, отызға жуық ұлт өкiлдерi өзара тату қарым-қатынаста жұмыла еңбек еттi. Олардың өзара достығы мен жан-жақты еңбегi үлкен нәтиже де бердi. 1946 жылы ресми түрде «Қаратау» кен-химия комбинаты iске қосыла бастады. Фосфориттердiң аса iрi қоры анықталған бөлiктер қатарында Жаңатас, Көкжон, Көксу, Ақжар,Үшбас, Ақсай және Шолақтау елді мекендері бар. Өңiр еңбеккерлерінің адам айтқысыз қиындықтарды социализм дәуiрiне тән энтузиазммен еңсеріп, таулы аймақта Қаратау, Жаңатас секілді кеншілер кенттерін тұрғызғаны, басқа да қол жеткiзген жетістіктерi туралы толыққанды деректерді техникалық жоғары оқу орындары бiлiмгерлерiне арналып, соңғы жылдары шығып жатқан арнайы оқулықтардан там-тұмдап қана кездестіре аласыз. Осы шағын дүниемізді сол олқылықтың аздап болса да орнын толтырар деген оймен жазып отырмыз. Осы орайда Қаратауда 1964-1966 жылдар аралығында ашылған политехникалық институт филиалының осы өңiрге өте қажет мамандар – маркшейдерлер, геологтар, инженер-механиктер, құрылысшылар даярлағанын айта кетсек орынды болатын сияқты. Өткен ғасырдың 70-жылдары Қаратау-Жаңатас территориялық өндiрiстiк кешенi бүкiл одаққа өзiнiң жарқын iстерiмен белгiлi болды – стратегиялық айрықша маңызы бар нысанға айналғаны да белгілі. Елiмiздiң барлық ауылшаруашылық өнiмдерiн өсiретiн аймақтары Қаратау фосфориттерiнiң арқасында – астық өндiруден, қант қызылшасын, темекi, мақта өсiруден алған мiндеттемелерiн асыра орындап жатты. Бұл аймақ тұрғындарының бойынан адам қызығарлықтай энтузиазмдық ерекшеліктер байқала бастады. Міне, осындай асыл қасиеттер – еңбексүйгiштiк, адалдық, ізденіс пен алға ұмтылыс, еңбек адамына дер уақытысында көрсетiлiп отырған ынталандыру шаралары қала мен дала еңбеккерлерiнің ертеңгi жарқын болашаққа деген сенiмдерiн оятқаны соншалық, «қара маржанды» өңірде көптеген көршiлес аумақтарда бола бермейтiн үлкен серпiліс пайда болды. Қаратау жері, күллі Талас өңірі қазір де осы рухпен тыныстап, бүгінгі ұрпақ буыны өкілдері ағалар даңқы жолымен нұрлы болашаққа батыл беттеп барады...

10Алима ЖҰМАБАЕВА, Қаратау технология, білім және бизнес колледжінің оқытушысы.

Қаратау қаласы.

Ұқсас жаңалықтар