«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сайыпқыран сержанттар

Сайыпқыран сержанттар
turaninfo.kz
1996 жылдың 1 шілдесінде Қазақстан Республикасының Президенті Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Тараздағы сержанттардың кәсіби мерекесінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының штабында үздік сержанттар марапатталды.

Үздік сержанттарды салтанатты түрде сапқа тұрғызуды және марапаттауды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының сержанты – Сержанттар құрамымен жұмыс жөніндегі топтың бастығы, штаб-сержант Рауан Әлімбетов жүргізді. Ол өз сөзінде ерекше көзге түскен сержанттардың еңбегін айрықша атай келе, әрбір озат маманның жеке құрамның жауынгерлік даярлығы мен оқуын нығайтуға елеулі үлес қосқанын қадап айтты.

– Жас сарбаздардың командир тапсырмаларын тиімді түрде іске асыра алулары немесе бөлімшелердегі жауынгерлік дайындық деңгейін дұрыс қалыптастыра алулары сержанттардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Жауынгерлерден Отан қорғаушыларды қалыптастыра отырып, оларға әскери қызмет негіздерін үйрететін де сержанттар, – дейді штаб-сержант Рауан Әлімбетов.

Кәсіби мерекеге орай «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің бірқатар сержанттары грамоталармен марапатталды. Ең ерекшеленгендеріне бағалы заттай сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда, Тараз гарнизоны штаб батальонының жауынгерлік және дене дайындығы бойынша нұсқаушысы, 2-сыныпты сержант Ділдәбек Балғадыр, гвардиялық гарнизон танк бригадасының сержанты, 1-сыныпты сержант Бағдад Ұлықпанов, Арыс гарнизоны артиллериялық дивизионының сержанты, 2-сыныпты сержант Дәурен Айымбетов планшеттермен марапатталды. Басшылықтың объективті бағалауы бойынша әскери қызметке деген берілгендігі мен өз міндеттерін адал орындағандықтары үшін аталған сержанттар марапатқа лайық деп танылды.

Штаб-сержант Рауан Әлімбетов екі жылдан бері «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының сержанты – әрі сержанттар құрамымен жұмыс жөніндегі топтың бастығы ретінде еңбек етуде. Оның әскери мансабы – мамандыққа деген адалдықтың жарқын мысалы. Дей тұрғанмен, штаб-сержант Әлімбетов өзінің қызметтегі жетістіктерін тек қана Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас сержанты шебер-сержант Темірбек Халыковтың және Қарулы Күштердің сержанттық құрамымен жұмыс жөніндегі басқарма мамандарының еңбек жолында үлкен қолдау көрсеткендіктерімен байланыстырады. Сондай–ақ, сержант қол жеткізген жетістіктері «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамында қызмет ететін пікірлес адамдар мен қолбасшылыққа бағынышты сержанттардың қолдауы арқасында мүмкін болғандығына сенімді.

– Жеке жауынгерлік дағды, жеке құрамның моральдық–психологиялық жағдайы және жалпы бөлімшелердің жауынгерлік міндеттерді орындау қабілеті сержанттар құрамының беделіне, тәжірибесі мен біліміне байланысты. Сержанттардың иығына жас сарбаздарды тәрбиелеу мен оларды әскери мамандықтарға оқытуда бойларына жауынгерлік көңіл-күй мен рухты сіңіру секілді аманат артылған, – дейді Рауан Әлімбетов.

Сержанттар өздерінің кәсіби мерекелерін күнделікті әскери міндеттерін атқару үстінде қарсы алады. Мұндай үрдіс олардың офицерлердің сенімді алғашқы көмекшілері һәм армияның мықты тірегі екендіктерін растайды. Олардың елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесі жеке құрамның тұрақты жауынгерлік дайындығынан және сапалы білімінен көрінеді.

Талғат ТАЛАПҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар