«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Су үнемдеу технологиялары мықтап қолға алынуда

Су үнемдеу технологиялары мықтап қолға алынуда
www.gov.kz
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Қордай ауданына барды. Өңір басшысы агроөнеркәсіп кешені мен әлеуметтік инфрақұрылым және денсаулық сақтау саласына қатысты нысандарды аралап, олардың жай-күйімен танысты.

Ең алдымен Ербол Қарашөкеев Масаншы ауылындағы «GreenWill» ЖШС-нің жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. Жалпы ауданы 11 гектарды құрайтын шаруашылықтың 4 гектары жылыжайға арналған. Негізгі өнім түрі – «Умагна F1» сұрыпындағы қызанақ пен қияр.

Биылғы жылы бақшадан 300 тоннаға дейін өнім жиналады деп күтілуде. Көкөністер аудан аумағындағы дүкендер мен сауда орындарына жеткізіледі. Қазіргі таңда мұнда 20 қызметкер жұмыс істейді.

Келесі кезекте облыс әкімі «Щенхо» шаруа қожалығы аумағында салынып жатқан 1000 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңының құрылысымен танысты.

Өтеген және Қайнар ауылдарында өңір басшысы «Таң», «Азиз» шаруа қожалықтарының пияз және қант қызылшасы егістіктерін аралап, дихандармен кездесті.

Ал Сарыбұлақ ауылында 250 гектар аумақта жүгері дақылына тамшылатып суару технологиясын енгізген «Нөсер» шаруа қожалығының жұмысын бақылады.

Аграрлық сектор өкілдерімен кездесу барысында ең өзекті мәселелердің бірі – суармалы судың жетіспеушілігі көтерілді.

Өз кезегінде облыс әкімі аудан басшылығына су ресурстарын ұтымды пайдалануға қатысты кешенді тәсіл әзірлеуді тапсырып, тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын енгізу мен агроөнеркәсіп саласындағы процестерді цифрландырудың маңыздылығын атап өтті.

Ауданда су үнемдеу технологиялары мықтап қолға алынуда. Мәселен, Қайнар ауылында 3800 гектар аумақты қамтитын суару жүйесін кеңейту жобасы іске асырылып, шаруаларға су уақытылы әрі толығымен үлестірілген.

Жоба аясында жылдық қуаты 5 миллион текше метр болатын үш сорғысы бар станция орнатылған. Ұзындығы 8 шақырымды құрайтын қысымды су құбыры судың шығынын азайтып, егістік алқаптарды тұрақты сумен қамтуға мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі білім беру нысандарының құрылыс барысын да бақылап шықты.

Қаракемер ауылында 300 орындық жайлы мектептің құрылысы аяқталған. Нысан жаңа оқу жылы басталғанға дейін пайдалануға беріледі. Ал Қарасу ауылында дәл осындай мектептің құрылысы кестеден кешігуде.

Облыс әкімі құрылыс сапасы мен қауіпсіздік және белгіленген мерзімде нысанды толығымен аяқтап, пайдалануға берілу керектігін қатаң ескертті.

Сонымен қатар аудан әкімдігі мен құрылыс басқармасына барлық кезеңдерді, оның ішінде абаттандыру мен инженерлік желілерге қосу жұмыстарын қатаң бақылауда ұстау керектігін тапсырды.

Сортөбе ауылында Ербол Қарашөкеев күніне 200 адамға дейін қабылдай алатын жаңа амбулаторияның жұмысымен танысты.

Жұмыс сапары аясында өңір басшысы Гвардейск қалашығына да арнайы барды. Ербол Қарашөкеев «OtarBioPharm» биофармацевтикалық зауытының жұмысымен танысып, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми зерттеу институтының жетекші мамандарымен кездесті. Мамандар вакцинология, биоқорғаныс және биотехнология бағытындағы ғылыми жаңалықтармен бөлісті.

Аймақ басшысы ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығы – ел қауіпсіздігі мен денсаулық сақтау саласының тірегі екенін атап өтіп, қызметкерлердің жұмысына оң бағасын берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар