«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Атақты атбегілер бас қосты

Атақты атбегілер бас қосты
Жылқы жануары – қазақ үшін ең қасиетті ұғымдардың бірі. Тарихи деректерге тереңірек үңілетін болсақ, жабайы аттарды ең бірінші үйреткен біздің ата-бабаларымыз екен. Өйткені, қазақ пен жылқы жануарының жаны бір, бірі-адамзат, бірі-сәйгүлік болса да бір-бірін тілсіз ұғына білген, түсіне білген. Жылқының ешбір жануарға ұқсай бермейтін асыл қасиеті туралы ата-бабаларымыздан небір тамаша жыр-дастандар қалды. Озық технология дамыған өркениетті қазіргі дәуірдің өзінде атқа мінсек рухтанып, арқаланып жүре береміз.

Қатыгездікпен аты шыққан Сталин сол кездегі Қазақстан өлкелік Компартиясын басқарып тұрған Голощекинге: «Октябрь революциясына 12 жыл толса да, қазақтардың Кеңес өкіметіне бас иетін түрі жоқ. Еркін, батыр қазақ халқын құртудың жалғыз жолы бар. Ол – қазақ жеріндегі жылқы жануарын құртып жіберу. Атқа мінсе, аруақтанып кететін қазақтардың рухы түсіп, қоңыз теріп кетеді» – деп кеңес беріпті.

Шаш ал десе, бас алатын Голощекин солай жасады да... Небәрі екі жылдың ішінде Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан қазақтың кең байтақ жерінде 5 миллион жылқы жануары жойылып кетті. Сталиннің айтқан кесірлі сөзі дәл келіп, қазақтың рухы түсіп, есін жия алмай қалды. Көп ұзамай-ақ қолдан жасаған ашаршылық басталып, 4 миллион қазақ аштан қырылды, ұлтымыздың бетке шығар қаймақтары атылды, асылды, түрмеге айдалды.

Кеңес дәуірі кезінде қазақтың ұлттық ойындары – көкпар, бәйге өткізуге мүлдем қатаң тиым салынды. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, Тәуелсіздік таңы арайлап атқанда ғана жылқы жануарын өсіруге, асылдандыруға, қазақтың атбегілік наз өнеріне жататын көкпар, бәйге, қыз қуу дамып, әр дәрежеде өтетін мерекелер мен тойлардың көркіне айналды. Осы орайда Түркістан және Жамбыл, Алматы облыстарын қамтып жатқан «Қаңлы» атты атбегілер қауымдастығының зиялы азаматтары Балтабай Асан және Бекзат Жандарбекұлы көпке үлгі-өнеге болатын игілікті істерді жүзеге асыруда. Құрамында 300-ден астам мүшесі бар атбегілер қауымдастығы аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып, мерейлері үстем болуда. Игі істерді сөз еткенде белгілі атбегілері: Орынбай Исабеков, Асылбек Керімқұлов, Мұтахан Орынбайұлы, Ахмет Сапарұлы, Өсербай Досанұлы, Нұрқиса Қалмаханұлы, Ұлықбек Назарұлы, Медеу Әбдібайұлы, Бекзат Жандарбекұлы, Руслан Өсербаевтардың есімдерін ерекше атап өткен жөн.

Жақында Түркістан облысы, Төле би ауданының таулы аймақтарындағы көрікті жерде орналасқан «Алтын-дән» демалыс аймағында өткен кездесуге – Түркістан, Жамбыл, Алматы облысында тұратын белгілі атбегілері шақырылды. Жан-жақтан жиналған ағайындар ата-бабалар әруағына Құран бағыштап, құрбандық шалды. Үлкен мен кіші бас қосқан бұл кездесуде Тараз қаласынан арнайы келген 80 жастағы қария Сұлтанбек Байжігітұлы ақ батасын беріп, жүректегі ақ тілегін жеткізді. Осынау игілікті шараны үлкен дәрежеде өткізуге мұрындық болған Түркістандық зиялы азамат Балтабай Асан мен Бекзат Жандарбекұлына жиналған халық алғысын жеткізді.

Тау баурайындағы кездесуге данқты боксшы, олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Байбосынов, қол күресінен дүниежүзілік жарыстың күміс жүлдегері, Азия чемпионы Нұрсұлтан Назарұлы қатысып, өтіп жатқан игі шараларға ізгі тілектерін айтты. Айтулы басқосуда белгілі көкпаршылардың, атбегілердің өнерін баяндайтын бейне көріністер көрсетілді. Әр жүрекке ұмытылмайтын әсер қалдырған кездесу спорт жарыстармен жалғасып, қызықты сәттерге ұласып жатты. Қол күресі, арқан тарту, кір тасын көтеру, суда жүзу жарыстары өте тартысты өтіп, жеңімпаздар марапаттарға ие болды.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері.

Ұқсас жаңалықтар