«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бұл жұмыстардың сұрауы болады

Бұл жұмыстардың сұрауы болады
Автор
Облыс әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің төрағалығымен «Қалаларды абаттандыру мен көгалдандыруға кешенді көзқарас» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті.

– Біз жақында Астана қаласында осы тазалық, көгалдандыру мәселесі бойынша арнайы болдық. Бас қаланың дамуына көз жеткіздік. Сол тәжірибеге сүйеніп, Тараз қаласы мен аудандарда да бірқатар жұмыстарды атқаруға болады. Жақсы жобаны үйренуден, жақсылықты таратудан жалықпағанымыз жөн. Біздерде де «Артбюро» деген мекеме құрылды. Сәулет жұмыстарына қатысты жобаларды, көпқабатты үйлердің қасбеттерін жаңартуды осы «Артбюроға» тапсыратын боламыз, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.

Мұнан соң Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің комитет төрағасы Бақытжан Мұратұлы сөз алып, «Таза Қазақстан» акциясына тоқталып өтті. «Әр қала мен өңірдің тазалығы, абаттандырылуы өте маңызды. Сол ауқымды жұмыстарға сіздер үлгі болуларыңыз қажет. Тазалық бар жерде береке мен нәтижелі іс бар. Жамбыл жерінде де жақсы бастамалар жүзеге асарына сенемін», – деді комитет төрағасы.

Жиында өңіріміздің сәулет, құрылыс жұмыстарына жауапты азаматтар сөз сөйлеп, атқарып жатқан жұмыстарын баяндап өтті.

Қала әкімі Бақытжан Орынбеков Тараз қаласының бас жоспарымен таныстырып, жақында ғана қалада екі аудан құрылғаны туралы айтып өтті. «Қала халқы 480 мың адамға жетіп отыр. Сондықтан аудандардың құрылғаны дұрыс. Әулиеата және Жібек жолы аудандары құрылып жатыр. Қала негізінен шығыс жаққа қарай дамиды. Ол жақта Балауса, Шапағат, Қарасай шағынаудандары бой көтереді. Заманауи аурухана, басқа да қажетті құрылымдар салынады. 20 қабатты нысан бой көтереді. 12 қабатты тұрғын үй нысанын Абай мен Әйтеке би көшелерінің қиылысынан салып бастап жатырмыз. Барлық жаңа аудандарда саябақтар бой көтереді, жолдар жөнделеді. Тараз қаласының көлік қозғалысын жақсарту үшін екі көпір салынып жатыр, – деді.

Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің комитет төрағасы Бақытжан Мұратұлы Бақытжан Орынбековтың жобалары мен ұсыныстарына қолдау білдірді.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек қорытындылады. «Осы жиынға шағын қалалар мен аудан орталықтарының әкімдерін бекерге шақырған жоқпыз. Тараз қаласында болып жатқан даму мен өркендеуге қарап, аудан орталықтарын да ажарландырып, өркендетуге болады. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев тазалық, көгалдандыру жұмыстарын барынша қолдап отыр. Қазір әр ауылдық округке 4-5 адамнан ақылы қоғамдық жұмысшылар берілген. Олар айлық алады. Осы жұмысшыларды және тұрғындарды жұмылдырып, жұмыс істеу ауылдық округ әкімдерінің міндеті. Біз аудан, ауылдық округ басқарып отырған азаматтардан табандылық және жаңашыл іс күтеміз. Қазір істің уақыты. Бұл жұмыстардың алдағы уақытта да қолдауы және сұрауы болады. Аудан әкімінің орынбасарлары, қала, округ әкімдері тақымды қысатын сәттері жетті. Тазалық қалаға да, далаға да керек», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар