Апат айтып келмейді
Тілсіз жау өрттің алдын алып, қауіпсіздік шараларын ұдайы жүргізіп отырмаса, салдары сан соқтырар жағдайға жеткізуі ықтимал. Сондықтан облыстық төтенше жағдайлар департаменті әсіресе жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, тұрғын үйлерде улы газбен улану оқиғаларының алдын алу үшін үгіт-насихат жұмыстарын күшейте түсуде.
Мысалы, 2016 жылдан бері әр сенбі сайын «Өрт қауіпсіздігі сенбілігі» тұрақты ұйымдастырылумен келеді. Өрттердің негізгі себептері – отпен абайсыз болу және жылыту пештерін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу. Сондықтан алдын алу жұмыстарын жүргізу кезінде осы мәселелерге баса назар аударылуда. Осылайша 2016-2017 жылғы жылу беру маусымы кезінде облыстың тұрғын үй секторындағы 100 мыңнан астам тұрғын үйдің 300 мыңға жуық тұрғынына өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндірілді. Сонымен қатар, 30 мыңнан астам адамды қамтыған 1265 жиын өткізіліп, тұрмыстық жылыту пештерін, газ және электр құралдарын қолдану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау жөнінде жадынамалар таратылды. Жергілікті полиция қызметкерлерімен бірге әлеуметтік қауіпті топқа жататын тұлғалардың тұрғылықты жерлеріне 1379 рейдтік тексеру жүргізілді.
Білім беру басқармасымен бірлесе 23 «Ашық есік күні» өткізіліп, өрт-техникалық және апаттық-құтқару жабдықтары мен техникалары көрсетілді. Облыстың 30-дан астам орта мектебінде оқушылар мен ұстаздардың өрт болған жағдайдағы іс-әрекеттерге машықтануы бойынша тәжірибелік іс-шаралар өткізілді.
ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті мен департаментіміздің интернет-ресурстарында 59 материал жарияланды.
Жылу беру маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында 577 материал жарық көрді. Облыстық «Jambyl» және «77 ТВ» телеарналарында, Тараз қаласындағы 2 Led дисплейде және халыққа қызмет көрсету орталығының, «Қазпошта» АҚ-ның филиалдарында бейнероликтер жариялануда. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өртке қарсы тақырыпқа 31 билборд пен 6 баннер орнатылды. Бұдан өзге де өткізілген іс-шаралар жетерлік.
Алайда, соған қарамастан, былтырғы жылыту маусымы кезінде облыстың тұрғын үй секторында 238 өрт оқиғасы орын алып, көрсеткіш оның алдындағы жылмен салыстырғанда 13,3 пайызға өсті. Қаза тапқандар саны 14 адамды құрап, ол да 2,3 пайызға көбейіп отыр. Жарақат алған адамдар саны 28,5 пайызға өсіп, 9 адамға жетті. Материалдық шығын көлемі 11 миллион теңгені құрады.
Бұдан бөлек, 2016-2017 жылы жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан 16 улы газбен улану оқиғасы орын алып, 2 адам қаза тапты. Бұл 2015-2016 жылғы көрсеткіштен 3,3 пайызға жоғары. Нәтижесінде 10 адам қаза болып, 5 есеге, 23 адам жарақат алып, 2,8 есеге өсті.
Сондықтан өңіріміздің әрбір тұрғыны айтып келмейтін апатқа әрқашан да сақ болып, әсіресе жас балаларды жалғыз қалдырмауға тырысып, «Сақтықта қорлық жоқ» екендігін естен шығармаса екен.
Мақсат ӘКІМБАЕВ, өрт саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бастығының міндетін атқарушы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді