Ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығы аясында Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасы экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі саналатын «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапатталғандар ішінде даңқты жерлесіміз, грек-рим күресінен 1980 жылы Мәскеуде өткен жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы, бүгінгі күнгі «Жақсылық» шаруа қожалығы (Алматы облысындағы) басшысы Жақсылық Үшкемпіров те бар. Даңқты жерлесімізді марапаттау кезінде Қазақстан Президенті: «Бүгінде Жақсылық Үшкемпіров ауыл шаруашылығын дамытумен айналысып, ауылды өркендетуге зор үлес қосуда. Ол өз қаражатына спорт кешенін, балабақшалар, жас отбасыларға үйлер салып, ауылдастарының ризашылығы мен құрметіне бөленді», – деді. Осы тарихи керемет оқиғаны жастарды тәрбиелеу мақсатында ұтымды пайдалануымыз керек деп ойлаймыз. Бірінші кезекте әрбір жас спортшы өреннің, барлық ауыл мектептері оқушыларының арасында осы бағытта әңгімелесу, пікір алмасу жүргізу арқылы ауылдан шыққан қазақтың қара домалақ баласы қандай биіктерге жете алатынын көрсету, түсіндіру, насихаттау керек-ақ. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы қойылған талаптарды орындауға және «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыруға да осы тарихи оқиғаға байланысты өткізілетін тәрбиелік іс-шаралар нақты үлес болып қосылар еді. Осы орайда осы жылы арнайы «Жас отбасы» акциясын өткізу де халқымыздың түп қазығы ауылды өркендетуге және дамытуға серпін берері анық. Бұл акция жастарға не береді? Жас отбасылардың үлгілі-өнегелі тәлім-тәжірибелері уағыздалса, бұл олардың мызғымастай берік болуына, өңіріміздегі демографиялық жағдайдың бұдан әрі де жақсара түсуіне, елсүйгіш, отансүйгіш, еңбекқор да талантты, ұлтжанды ұл-қыздарымыздың қатары көбеюіне, ең бастысы, алтын тамырымыз ауылдың бүгінгіден де өркендеп, өсіп, гүлдене түсуіне оң ықпалын тигізер еді. Мұндай шараларды өткізу арқылы отбасылық құндылықтарымызды да ұлықтап, ата-анасымен, ата-әжесімен бірге тұратын жас отбасылар саны артуына, ауылда еңбекқор адамдардың жағдайы әсте нашар болмайтындығы насихатталынуына да қол жеткіземіз деген ойдамыз. Шын мәнінде де мұндай жағдайда өз жеке шаруашылығы иелігінде 4-5 сиыры, 20-30 қой-ешкісі, 30-40 тауығы, 25-50 соттық жері бар жас отбасылардың келешегі жарқын болатындығына нақты көз жеткізуге де болады. Жас отбасылардың жақсы нәрселерді бір-бірінен үйренуіне де мүмкіндік туады әрі кейбіреулерінің бірігіп, шағын немесе орта кәсіпкерлік ісін дөңгелентіп жүргізіп кетуі де әбден ықтимал. Мұндай акцияның «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылға барған жастарды қолдауға, олардың ауылда тұрақты қалуларына оң ықпал ететініне де бек сенімдіміз. Аталған акцияны ұтымды және тиімді, нәтижелі өткізу үшін ауылдық аумақтық әкімдіктер жанынан міндетті түрде арнайы «Жас отбасылар» клубын құру керек. Алдағы уақытта бұл клуб жас отбасылар мәселелерінің оң шешілуіне өз септігін де тигізбек. Ал сіз қалай ойлайсыз, ағайын?
Билібай МҮСІЛІМОВ, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді