Корея Қазақстанның ДСҰ-ға кіруге ұмтылысын қолдайды
Қазақстан және Корея Республикасының Президенттері екіжақты құжаттарға қол қою рәсіміне қатысып, бірлескен мәлімдеме жасады.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлайды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесі қабылданып, екі ел президенттерінің қатысуымен төмендегідей бірқатар құжаттарға қол қойылды:
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Корея Республикасы Үкіметінің арасындағы өзара визалық талаптарды жою туралы келісім;
- Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Корея Республикасының Мемлекеттік заңнама министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Корея Республикасы Ғылым, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және болашақ жоспарлау министрлігінің арасындағы ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі мен Корея Республикасының Орман шаруашылығы қызметі арасында орман шаруашылығы және Қазақстан Республикасының ормандарын қалпына келтіру саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
- Өндіруші қондырғылардың электр қуатын әзір күйде ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметті сатып алу шарты.
Құжаттарға қол қою рәсімінен кейін екі елдің көшбасшылары мәлімдеме жасады. Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасы Президентінің сапары түрлі бағыттар бойынша жақсы дамып келе жатқан екіжақты іс-қимылдар қарқынын күшейтетіндігіне сенім білдірді.
«Оңтүстіккореялық серіктестермен шикізаттық емес саладағы ынтымақтастық жүйелі түрде кеңейіп келеді. Қазірдің өзінде 300-ден аса бірлескен кәсіпорын құрылды, соның ішінде жеңіл автомобильдер мен жүк және жолаушы тасымалы көліктерін құрастыру кәсіпорындары бар. Балқаш ЖЭС-ның, Атырау облысындағы газ-химия кешені құрылысы, «Жамбыл» кенішін игеру секілді ірі жобалар табысты ілгерілеуде. Сондай-ақ келіссөздер барысында біз Пак ханыммен бірге корейлік бизнестің Қазақстанның үдетілген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысуы жайын талқыладық. Тараптар «технологияларды ресурсқа алмастыру» формуласы бойынша ынтымақтасуға мүдделі екендігін қуаттады», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Корея бизнес-форумы аясында маңызды келісімдерге қол қойылатынын айтты. Ал қыркүйек айына «Қазақстан Республикасы - Корея Республикасы» іскерлік форумы жоспарланғанын хабарлады. Мемлекет басшысы бизнеске жақсы мүмкіндіктер ұсынатын «Инвестициялар туралы» жаңа заңға қол қойылғанына назар аударды.
«Компаниялар корпоративтік және табыс салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады. Олардың күрделі шығындарының 30 пайызы өтеледі. Жұмыс күшін тарту квотасыз және рұқсаттамаларсыз жүзеге асады, сондай-ақ біздің елдеріміз арасында визасыз режім орнатылды. Осының бәрі екі мемлекет үшін де ыңғайлы және тиімді бизнестік ахуал қалыпастырады», - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы екі елдің ынтымақтастығы халықаралық деңгейде де тиімді жүзеге асып жатқанын айтты.
«Сеулдің АӨІСШК жұмысына белсене қатысуын қанағаттанушылықпен атап өтеміз. Біз ЭКСПО-2017 көрмесіне белсене қатысу туралы да өтініш жасадық. Корейлік озық компаниялар көрме аумағында жаңа зерттеу орталықтарын құруға көмектесе алар еді. Біз Оңтүстік Корея тарапының біздің Еуразиялық экономикалық одақ идеямызбен сәйкесетін «Еуразиялық бастамасын» қолдаймыз. Солтүстік Кореяның ядролық қарусыз мәртебесі туралы Корея Республикасының идеясы мен ұсынысын, сондай-ақ түбекті бейбіт негізде біріктіру мәселесін шешуді қолдаймыз. Біз солтүстіккореялық серіктестерді ядролық арсеналдан бас тартып, полигонды жапқан Қазақстанның тәжірибесін ескеруге шақырамыз», - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Пак Кын Хеге елінің алдында тұрған мәселелерді шешуде сәттілік тіледі. Ал Корея Республикасының Президенті осы сапарына айрықша мән беретінін, өйткені Еуразиялық өңірде негізгі рөл ойнайтын Қазақстан экономикалық ынтымақтастықта маңызды серіктес болып саналатынын атап айтты.
«Бүгін біз 1992 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнатылған сәттен бастап барлық салада жүйелі дамып келе жатқан екіжақты қарым-қатынастарды жаңа, әлдеқайда тиімді және болашаққа межеленген деңгейге алып шығуға уағдаластық. Мен бүгін қабылданған Бірлескен мәлімдеме қарым-қатынастарымыздың даму бағыты мен түрлі саладағы практикалық ынтымақтастықтың нақты шараларын айқындап, екі елдің өзара ықпалдастығының даму үдерісінде «нұсқаулық» рөлін атқарады деп үміттенемін», - деді Пак Кын Хе.
Сонымен қатар Оңтүстік Корея Президенті екі ел бір-бірін өзара толықтыратын экономикалық құрылымға ие екенін айтты.
«Былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымы бүкіл тарихымыздағы рекордтық көрсеткішке жетті. Қазақстан Корея инвестициясының Орталық Азиядағы ірі нарығы болып саналады. Біз бірлескен үш үлкен жобаның - Балқаш ЖЭС құрылысының, Атырау облысындағы газ-химия кешенінің, «Жамбыл» кенішінің игерілуінің жүзеге асырылуына қатысудамыз. Сонымен қатар «Теңіз» кен орнында өндіріс аясының кеңейтілуі тәрізді жаңа жобаны ілгерілетудің көзделіп отырғанын да қолдаймыз», - деді Корея Республикасының Президенті.
Пак Кын Хе ынтымақтастықтың жаңа форматын әзірлеу жөнінде келісімге қол жеткізілгенін, оның аясында синергиялық нәтижені пайдалану үшін ресурстар мен технологиялар біріктірілетінін хабарлады.
«Біз инфрақұрылымдық құрылыс, ғылым мен технология, орман шаруашылығы мен экология сияқты салалардағы ынтымақтастық аясын кеңейте отырып, екі елдің бірлесе дамуына және Қазақстан экономикасын әртараптандыруға үлес қосу жөнінде келісімге келдік. Екі елдің болашаққа межеленген қарым-қатынасы үшін гуманитарлық-мәдени алмасуды жандандырып, бастапқы кезеңде инвестициялық кедергілерді азайту маңызды екені жөнінде ортақ тоқтам жасадық», - деді Оңтүстік Корея Президенті.
Бұдан бөлек, Пак Кын Хе Корея Республикасы Қазақстанның ДСҰ-ға кіру жөніндегі ұмтылысын қолдайтынын айтып, бұл екі ел арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты арттыра түсетініне, ал біздің мемлекеттің әлемдік экономиканың дамуына бұдан да көбірек үлес қосатынына деген үмітін білдірді. Кездесу соңында ол осы сапар өткен жиырма жыл ішінде қалыптасқан сенімді қарым-қатынастар әлеуетінің бұдан әрі дамытылуына айтарлықтай серпін беретінін атап өтті.
Ақпарат көзі: www.kazinform.kz
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді