«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Облыстың 14 мешіті имамсыз отыр

Облыстың 14 мешіті имамсыз отыр
ашық дереккөз
Облыстың 14 мешіті имамсыз отыр

Еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының бекітілуі сала қызметкерлері үшін басты жаңалық болды десек, қателеспейміз. Аталмыш тұжырымдама алдағы уақытта атқарылатын шаралардың, қабылданатын шешімдердің өзегі, негізі болмақ. Бұл туралы ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі мемлекеттік-конфессияаралық байланыс секторының меңгерушісі Ғалым Шойкиннің қатысуымен болған кездесуде жан-жақты айтылып, сараланды. Тараз қалалық Мәдениет үйінде өткен жиында дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары талқыланып, қатысып отырған аудан әкімінің орынбасарларына, басқарма басшылары, діни бірлестіктердің өкілдері мен жастарға кеңінен түсіндірілді. 

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков басқосуды ашып, жүргізіп отырды. – Биылғы жыл дін саласы үшін бірқатар өзгерістерге толы болды. Атап айтқанда, жыл басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында дін саласына қатысты алдымызға нақты міндеттер мен тапсырмалар қойды. Оның ішінде діни экстремизм зардаптарының алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу, радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке мүлде төзбеушілікті қалыптастыру, істі болған азаматтарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру секілді жұмыстар күн тәртібінен түспеу керек. Бұған мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет, – деген Бекболат Серікбекұлы жиынның мазмұны мен мақсатына тоқталып өтті. Бұдан соң облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров өңірдегі діни ахуалдың мән-жайынан хабардар етті. – Бүгінгі таңда облысымызда мемлекеттік тіркеуден өткен діни бірлестіктер мен филиалдар саны – 341. Оның ішінде 295 мешіт пен 45 шіркеу және 1 өкілдік бар. 295 мешіттің 14-інде имам жоқ. Десе де, жыл сайын мешіттерді имамдармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Ал, мешіт имамдарының біліктілік деңгейіне келер болсақ, облыстағы имамдардың 13,6 пайызы – жоғары білімді, 39,3 пайызы – орта білімді, қалған 47,1 пайызы – сауат ашу курстарын бітіргендер. Облыс аумағындағы діни бірлестіктерде қызмет атқару үшін 9 шетелдік азамат миссионер ретінде тіркеуден өткен. Олардың қызметі тұрақты бақылауда. Есепті мерзім ішінде заң бұзушылықтар орын алған жоқ, – деді Жангелді Жайлауұлы. Сондай-ақ басқарма басшысы облыс орталығындағы «Һибатулла Тарази» медресесінде қазіргі таңда 52 азамат діни білім алып жатқанын, интернет кеңістігінде діни экстремистік және террористік мазмұндағы ақпараттардың таралуының алдын алу бойынша тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізіліп тұратынын жеткізді. Оның хабарламасынан жыл басынан бері 1560 күдікті сілтеме анықталып, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитетіне сараптамаға жолданылып, 291 сілтеме бұғатталғанын, қалғандарының жауабы күтіліп отырғанын білдік. Жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірдегі өкілі, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев мешіттердегі ахуалды баяндаса, ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі мемлекеттік-конфессияаралық байланыс секторының меңгерушісі Ғалым Шойкин жұмыс сапарының мақсаты мен мазмұнына тоқталды. Ол жоғарыда аталған тұжырымдаманың қабылдануына байланысты жасалған алғашқы қадам ретінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы ҚР Заңының жобасы әзірленіп, жалпыхалықтық талқылауға ұсынылып жатқанын айтты. Аталған заң жобасы жақын күндері қабылданбақ. Соған байланысты жергілікті мемлекеттік қызметкерлер, сала мамандарының дін пікірлері тыңдалды. ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі мемлекеттік-конфессияаралық байланыс секторының меңгерушісі Ғалым Шойкин алдағы жұмыс күндері облыстың бірқатар қала, аудандарында болып, сала бойынша зерделеу жұмыстарына қатыспақ.

Жанғазы АХМЕТ

 

Ұқсас жаңалықтар