Мектеп бітірушілерге арналған салтанатты кеште облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев түлектерге сәт сапар тіледі
Міне, биыл да алтын ұя – мектептер өз қабырғасынан бітірушілердің тағы да бір легін түлетіп ұшырды. Облыс бойынша 9349 оқушы «тарыдай болып» енген білімұяларынан «таудай» болып шықты. Үлкен өмір соқпағына түсіп, мақсат тауына бет алар өрендердің алдарында тоқсан тарау жол, толған мақсат күтіп тұр. Бұл ұстаздар, ата-аналар, оқушылардың өздері үшін де ұмытылмас сәт, елеулі оқиға. Осыған байланысты облыс орталығында «Жас түлек» атты мектеп бітірушілер балының ұйымдастырылуы жылма-жылғы жарасымды дәстүрге де айналды. Бұл шара кеше ерекше сән-салтанатпен өтті.
Бұл күні орталық «Достық» алаңы да мерекедегідей безендіріліп, жасанып, жайнай түскендей. Жастық рухы мен қуаты, алабұртқан сезім мен арман атшаптырымдай алаңның кенересінен асып төгіліп те жатты. Қуаныш та, жеңіл мұң да, қимастық та аралас сезім шарпуындағы түлектер үшін «Көңілде толқыныс, жүректе мол арман» дейтін әсерлі сәт. Салтанатты кешке бітірушілердің ата-аналары мен ұстаздары, қала жұртшылығының өкілдері де көптеп келіпті. Сахнадан сырлы әуен себездей төгілумен тұр.
Биыл қала мектептерін барлығы 2438 оқушы бітіріп отыр. Олардың 1817-і ҰБТ-ға қатысып, 275-і жүзден жоғары балл жинаса, 24-і «Алтын белгі», 14-і үздік аттестат иегерлері атанған. Мектеп бітірушілердің 76-сы республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларына қатысып, 41-і жүлделерге ие болса, 10-ы жеңімпаз атанып, алтын медаль еншілепті. Кешке қатысушылар қатарында, сондай-ақ, облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарының үздік түлектері де бар. Бұл күнгі мереке қалалық мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығының би студиясының тәрбиеленушілері мен қала мектептері оқушыларының «Мектеп вальсін» орындауымен ашылды. Салтанатты кеште өңіріміздің барлық мектеп бітірушілерін айтулы күнге орай құттықтаған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өңір мектептерінің материалдық-техникалық базасы жақсаруы, салаға бөлінетін қаржы көлемінің де жылдан-жылға артуы оқушылардың білім көрсеткіштері жақсара түсуіне айтарлықтай септігін тигізіп отырғанына кеңінен тоқтала келе: – Жас достар, мен сіздердің болашақта білікті маман болып облысымыздың өркендеуіне лайықты үлес қосады деп сенім білдіремін, – деп түлектердің үлкен өмір жолына басқан қадамдары сәтті болуына шынайы тілектестігін жеткізді. Бұдан әрі іс-шара бірқатар түлектерге «Алтын белгі» тапсырып, сый-құрмет көрсету рәсімімен жалғасты. «Жан достарым», «Балалық шақ», «Мектебім», достық, арман, жарқын болашақ арқау етілген «Қазақстан», жас түлектердің балалық шақтарымен қоштасуы түріндегі вокалды-хореографиялық қойылымдар, «Алтын белгі» иелерінің «білім сандығын» ашқанда одан шар түріндегі кіл «бестіктердің» ұшып шығуы, «ағаш аяқты» әртістердің қатысуымен лазерлік анимацияның көрсетілуі, бейбітшілік құсы – көгершіндер мен тілек шарларының көкке ұшырылуы, әсіресе, «Лимузин» автокөлігімен жеткізілген бүлдіршіндердің би билеп, жүрекжарды тілектерін жеткізуі айрықша әсерлерімен баурады. Салтанат соңы отшашуларды тамашалауға, концерттік бағдарламаға ұласты.
* * * Осы күні Тараз қалалық әкімдігінде «Жас түлек» салтанатты кеші аясында қала әкімі Н. Календеров биыл мектеп бітіргелі отырған дарынды оқушылар, республикалық, халықаралық пән олимпиадалары мен ғылыми жоба жарыстарының, спорт және өнер байқауларының жеңімпаздары және қатысушыларымен кездесті. Қала басшысы түлектерге ризашылық білдіре келе сәт сапар тілеп, олардың алдағы уақытта оқуда, қызметте болсын ұшқан ұя - мектептерінің абыройын еш аласартпайтынына, ұстаздары мен ата-аналарының сенімдерінен шыға беретіндігіне сенім білдірді. Бітірушілерге қала әкімі тарапынан тиісінше сый-құрмет көрсетілді.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді