Еліміздің бағаналы орда, басты ордасы Астананың жиырма жылдық мерейтойы – ел мерейі, мемлекет мақтанышы. Армандар орындалған ару қалаға, ерке Есілдің бойына ел қонды, етек жиды, еңсесін көтерді. Сәулеті келісіп, дәулеті тасыған бас қала Астанаға қазіргі таңда төрткүл дүниенің түгел жұрты қызыға қарайды. Әлбетте, Астананың ажарлана, көркейе түсуінде Елбасының қолтаңбасы сайрап жатыр.
Елорданың мерейтойына орай салтанатты шаралар легі Жамбыл жерінде де бастау алды. Тараз қаласындағы темір жол вокзалына жиналған жұртшылық «Астана. Тәуелсіздік. Рухани жаңғыру» атты ақпараттық пойызды шығарып салу рәсіміне «бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай» белсенді түрде қатысты. Шараның ашылу салтанатында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев сөз алды. – Алдымыздағы жылы елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойы. Бұл – жалпыхалықтық мереке. Ұлы Дала елінің және халықаралық ауқымдағы қоғамдық-саяси мәні зор оқиғаны күллі қазақ елі бірлікпен, берекелі тірлікпен атқаруы тиіс. Елдік мерекеге үлес қосу мақсатында бүгін біз «Астана. Тәуелсіздік. Рухани жаңғыру» атты ақпараттық пойызды аудандарға шығарып салып тұрмыз. Атаулы мереке аясында ақпараттық пойыз 25 стансаға аялдап, тұрғындарға тегін медициналық көмек, арзандатылған бағамен 120 тонна азық-түлік тауарларын ұсынатын болады. Осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. Әрқашан еліміздің мерейі үстем болып, тек биік белестерді бағындыра берейік, – деді облыс басшысы өз ойымен бөлісіп. Бұдан соң облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы сөз сөйлеп, бабалар армандаған тәуелсіздік туралы ой толғап, азат елдің алар асулары алда екеніне тоқталды. «Астана. Тәуелсіздік. Рухани жаңғыру» ақпараттық пойызына жайғасқан мамандардың жұмысына сәттілік тіледі. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы отарбаның аудандарға аттануына ресми түрде рұқсат беріп, символикалық қоңырауды соқты.
Облыс аудандарындағы жиырма бес стансаға аялдайтын ақпараттық топ құрамындағы облыс әкімдігі басқармаларының қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктің мүшелері, дәрігерлер мен өнерпаздар (жалпы 33 азамат) алдағы уақытта өңір жұртшылығымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесіп, қолдан келгенше көмек көрсетіп, тұрғындардың назарына концерттік бағдарламаларын ұсынатын болады. Ақпараттық пойыздың аудандарға аттанған сәтінен бастап, өңірімізде Астананың жиырма жылдығына арналған шаралар легі ресми түрде жалғасын таппақ.
Тараз қаласынан өңіріміздің шалғай елді мекендеріне жол тартқан «Астана. Тәуелсіздік. Рухани жаңғыру» атты ақпараттық пойызы Тараз-Шу-Қашқантеңіз және Тараз-Жаңатас бағыты бойынша 25 стансаға аялдайтын болады. Айта кету керек, ақпараттық топ алғашқы күні Үшбұлақ, Ақшолақ, Ақыртөбе, Малдыбай, Луговой, Қорағаты, Тәтті және Аспара стансаларын аралап, Шу ауданына аялдады. Осылайша, пойызға 50 тонна картоп, 20 тонна пияз, 8 тонна сәбіз, 18 тонна ұн, 12 тонна күріш пен сұйық май және 10 тонна қант пен 2 тонна қара құмық тиеген ақпараттық топтың өкілдері өңіріміздің шалғай елді мекендеріндегі жергілікті халыққа төмендетілген бағада ауыл шаруашылығы тауарларын ұсынып, ауыл тұрғындарын тегін медициналық тексеруден өткізді. Алғашқы күннің сапарын Шу ауданында қорытындылаған ақпараттық пойызды шулықтар салтанатты түрде қарсы алды. Шара барысында сөз алған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының жанынан құрылған мобильдік топтың мүшесі Тоқтағұл Мамасеріков аудан жұртшылығына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың жылы лебізін жеткізсе, облыстық ардагерлер кеңесінің насихаттық топ мүшесі Райымбек Мұсабаев пен «Вынхуа» дүнген мәдени орталықтарының қауымдастықтары» қоғамдық бірлестігінің өкілі Абдухалип Маюфи аудан әкімдігіне ризашылықтарын білдіріп, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Мұқатай Секеев ақ батасын берді. Айтулы шара арнау жыр мен ән айтылып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған мерекелік сазды бағдарламаға ұласты. Осылайша, облысымызда Астана қаласының 20 және Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралардың легі басталып та кетті.
Табиғат АБАИЛДАЕВ Ерғали Қартайған Тараз – Шу.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді