«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Азаматтық бастамалар картасы» бойынша 3 жекеменшік балабақша ашылады

«Азаматтық бастамалар  картасы» бойынша 3 жекеменшік балабақша ашылады
ашық дереккөз
«Азаматтық бастамалар картасы» бойынша 3 жекеменшік балабақша ашылады
Даму жолында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Еліміз 25 жыл ішінде бәсекеге қабілетті 50 мемлекет ішіне енді, ал 2050 жылға дейін 30 дамыған елдің қатарында болуға тиіспіз», – деп жаңа межені белгілеп бергені баршаға мәлім. Әлемдік аренада орны бар дамыған 30 елдің қатарына ену үшін ұзақ мерзімді «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қабылданса, ағымдағы жылы екі бірдей маңызды құжат – «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялады. Онда озық 30 елдің қатарына кіру жоспары және оны жүзеге асырудың нақты жолдары көрсетілген. Қордай ауданында осы шаралар бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөле баяндады. Аудан әкімінің дерегіне сүйенсек, ауданда 2017-2019 жылдарға арналған 37 тармақтан тұратын аудандық іс-шаралар жоспары бекітіліп, бүгінгі күнге 24 тармағы іске асқан. Сонымен қатар, желілік кестеге сәйкес 55 іс-шара өткізілген. Жалпы, аудан бойынша Елбасының бағдарламалық мақаласын жүзеге асыратын 65 іс-шара ұйымдастырылып, оған 12500 адам тартылған. – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау мен жүзеге асыру жұмысына азаматтық қоғам институттары және ауданнан шыққан танымал тұлғалар мен зиялы қауым өкілдері белсенді тартылуда. Мәселен, ауданымыздың тумасы, барша қазақ елінің мақтанышы кәсіпқой бокстан бұрынғы әлем чемпионы Марат Мәзімбаев туған жеріне келіп, мектеп оқушыларымен жүздесті. Алдағы уақытта қаламгер, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, физика-математика ғылымдарының докторы Мұхтарбай Өтелбаевтың аудан жастарымен кездесуін ұйымдастыру жоспарланып отыр. 28 қазанда облыс бойынша бір уақытта ұйымдастырылған «Бір сәби – бір ағаш» акциясы Қордай ауданында да өткізілді. Акцияда аудан бойынша қыркүйек-қазан айларында дүниеге келген 100 сәбидің құрметіне ата-аналары Қордай ауылының орталық саябағында ағаш отырғызды. Мұндай игі істер әлі де жалғасын табуда. «100 жаңа есім» жобасына ауданнан ұсынылған 10 үміткердің ішінде Қайрат Молдасейітов те бар. Оған 15 қыркүйектен бастап «el.kz» сайтының «100 жаңа есім» айдарында дауыс беру жүргізілуде, – деді Болатбек Байтөле. Қордай ауданында Атымтай жомарт кәсіпкерлер баршылық. Соның бірі – танымал меценат Қайрат Молдасейітов. Туған ауылы Қаракемерге спорт кешені, балабақша салып беріп қана қоймай, жолын да жөндеп ауылдастарын қуантқан азамат тұрмысы төмен отбасыларға да қаржылай көмек көрсетіп, өзгелерге үлгі болып жүр. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында «Атамекен» кіші бағдарламасының «Азаматтық бастамалар картасы» жобасы бойынша Қордай ауданы облыстық реестрге 13 кіші жоба ұсыныпты. Соның ішінде «Өндірісі өрге домалаған Ноғайбай» атты Ноғайбай ауылының инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған жобасы облыстық реестрден өтіпті. Онда алтын өндіретін металлургия комбинатын іске қосып, 1200 жаңа жұмыс орны ашылатыны көрсетілген. Сонымен қатар, жақын елді мекендердің жолдарын жөндеу, футбол алаңдары сынды тұрғындарға арналған әлеуметтік нысандар салу да жоспарланған екен. Жобаның іске асыру мерзімі – 2017-2020 жылдар. Облыстық реестрге ұсынылған қалған 12 жобаның ішіндегі 2017 жылы пайдалануға берілетін 3 жекеменшік балабақша ашу жоспары да бар. Жаңа мекемелер пайдалануға берілсе, ауданда 275 бала мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамтылып, 44 жұмыс орны ашылады.

Ұқсас жаңалықтар