«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Ашылмайтын ұрлық жоқ, аша алмайтын полиция бар»,

«Ашылмайтын ұрлық жоқ,  аша алмайтын полиция бар»,
ашық дереккөз
«Ашылмайтын ұрлық жоқ, аша алмайтын полиция бар»,

деді облыс прокуроры үйлестіру кеңесінің мәжілісінде

Облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыстық құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің бірлескен мәжілісі өтті. Оған облыс әкімі, құқық қорғау органдарының, басқармалардың басшылары, аудан әкімдері қатысты. Ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысында құқық қорғау мен мемлекеттік органдардың қылмыс және жемқорлықпен күреске, құқық бұзушылықтың алдын алуға қабылданған шаралары туралы үйлестіру кеңесінің төрағасы, облыс прокуроры Ибрагим Иманов баяндама жасады. «Қызметімдегі бір айдан астам уақытта өңірдегі қылмыс пен құқық бұзушылықтың жағдайын зерделеп, орын алған кемшіліктер мен заң бұзушылықтарды жоюдың амалдарын іздестірудеміз. Менің кеңейтілген бірлескен Үйлестіру кеңесін және облыс әкімі жанындағы құқық бұзушылықтың алдын алу комиссиясының отырысын бірігіп өткізу туралы ұсынысымды қолдағаны үшін облыс әкіміне ризашылығымды білдіргім келеді», – деп бастады баяндамасын Ибрагим Әлжанұлы. – Мемлекетіміздің және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы Стратегиялық жоспарларға және мемлекеттік бағдарламаларға негізделеді. Құқық бұзушылық профилактикасы да дәл осылай. Мысалы, бөтеннің мүлкін ұрлау мәселесі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, сондай-ақ жасөспірімдер қылмысы бойынша облыстық әкімдікпен және мәслихатпен бірнеше құқықтық актілер қабылданып, нәтижелі жұмыс атқару мақсатында 5 комиссия құрылған. Міне, осы комиссиялардың және облыстағы құқық қорғау органдарының жұмысының тиімділігіне келесі есептік көрсеткіштерді дәлел ретінде ұсынамын. Облыс бойынша өткен жылмен салыстырғанда қылмыстар саны 18 пайызға төмендеген. Жасалған қылмыстар саны бойынша республикада 8-ші орындамыз. Құқық бұзушылықтың деңгейі 10 мың тұрғынға есептегенде басқа облыстармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Онша ауыр емес, орташа және ауыр дәрежелі қылмыстық құқық бұзушылықтар төмендеген. Өкінішке қарай, аса ауыр қылмыстар, оның ішінде кісі өлтіру дерегі өскен. Міне осы есептік көрсеткіштер құқық қорғау органдарының және жоғарыда айтылған комиссиялардың жұмысының нәтижесіне қаншалықты байланысты екенін атап көрсеткім келеді. Мысалы, кәмелет жасына толмағандар арасындағы жыныстық сипаттағы қылмыстың және өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу туралы кешенді жоспардың орындалуы тиісті комиссияда қаралмаған. Ал кейбір аудандарда арнайы бекітілген комиссия хатшылары мүлдем жоқ, осы міндеттер әкімдік немесе білім бөлімдерінің мамандарына қосымша ретінде жүктелгендіктен бұл жұмыстың тиімділігі төмен. 9 айда қылмыстық жауапкершілікке тартылған 136 жасөспіріммен профилактикалық тұрғыдағы жұмыстар жүргізілмеген. Осы себептерден қылмыстық жауапкершілікке тартылған мектеп оқушыларының саны былтырмен салыстырғанда 1,8 пайызға өскен. Аталған жайт мектептерде тікелей профилактикалық жұмыстарға жауапты – облыстық білім басқармасы тарапынан да профилактикалық жұмыстар өз деңгейінде атқарылмайды. Облыс көлемінде жыныстық сипаттағы қылмыстардың ішінде сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері 2 есеге және жас балаларды азғындық жолға түсіру 83,3 пайызға күрт өсуі денсаулық сақтау басқармасы мен мекемелерінің ақпараттық түсіндіру жұмыстарын өз деңгейінде жүргізбеуінен туындап отыр. Мысалы, денсаулық сақтау басқармасы облыста бар-жоғы 1 миллион 115 мың халық тұратынына қарамастан 800 мыңнан аса үйді аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізгені туралы ақпарат берген. Алайда, үйлерді аралау нәтижесінде қосымша бірде-бір жайсыз отбасы анықталмаған, осы себептен қиын жағдайға душар болған балалар есепке алынбаған, аталған жұмыс формальді, статистикалық есеп үшін ғана жүргізілген. Облыс әкімі бекіткен екінші акті облыстық ІІД-нің бөтен мүлікті ұрлауға қарсы 2015-2017 жылдарға арналған ведомствоаралық жұмыс жоспары. Талдау анықтағандай, облыстық ІІД жоспарды орындамаған. Жоспардың 3 тармағына сай, ветеринарлық инспекция мен полиция біріккен комиссия құрып, малды құжатсыз тасымалдаған тұлғаларды әкімшілік жауапқа тарту туралы тәжірибені қалыптастыру қажет болған. Алайда, мұндай комиссиялар аудандарда құрылмаған, осы себепті аталған іс-шаралар жүргізілмеген. Ал жоспардың кейбір тармақтары әлі де қадағалаусыз. Мысалы, кейбір аудандарда үй-жайлар иелерінің кооперативтерінің мүлдем жоқтығына қарамастан олар автокөлік тұрағын күзету және ұрлыққа қарсы біріккен іс-шаралар жоспарлаған. Осындай келеңсіздіктерге байланысты прокуратура органдары тарапынан «Ұрлыққа тоқтам» атты жоба қабылданып, барлық құзырлы органдардың басшылары мақұлдап, ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, жобаны жүзеге асыру үшін «Жол картасы» әзірленген. Тек содан кейін, ұрлыққа байланысты жағдай түзеле бастады. Нәтижесінде, ұрлық – 15,3, мал ұрлығы – 31,9, ұялы телефон ұрлығы – 9,5 және пәтер ұрлығы 15,8 пайызға төмендеген. Сондықтан, бұл жоспарды қайта зерделеп, көзбояушылыққа негізделген іс-шараларды алып тастап нақты атқарылатын жұмыстарды қалдырып, жоспардың және комиссияның жұмысының тиімділігін жалпы ұрлықтың көлеміне сай бағалау керек, – деді облыс прокуроры. Бұдан ары қарай, Ибрагим Әлжанұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының орындалуы жөнінде талдау жасап, бұл жоспардың да орындалу тиімділігі көңілден шықпайтындығын айтты. Жалпы, қылмыстың 62 пайызы Тараз қаласында орын алғандықтан, қала прокуратурасы 2017-2019 жылдарға арналған «Қауіпсіз-Тараз» концепциясын әзірлеп, тұсаукесер жасағандығын атап өтіп, оның тиімділігін қамтамасыз етуді қадағалау мақсатында Кәрім Нәсбекұлына келесі жылдағы комиссия отырысының жұмыс жоспарына енгізуді ұсынды. Облыс прокуроры қару айналымы да ерекше алаңдатушылық тудыратындығын көтерді және жыл сайын «Дельта-өңір» салалық бағдарламасының қаржысын күшейткенімен, қылмыс саны 15 пайызға өскендігін, есірткімен күрес басқармасы есірткі бизнесімен 1 ғана біріккен қылмыстық топ ұстағандығын сын тезіне алды. Жергілікті полиция қызметін кадрлық және техникалық жабдықтауда да бірқатар мәселелер бар екендігіне тоқталды. Полиция қызметінің тиімділігін арттыру үшін бюджеттен бөлінген қаржының уақтылы игерілмегендігін де қатаң ескертті. Мәселен, аталған мерзімнің қорытындысы бойынша ішкі істер департаментіне бөлінген 1,3 миллиард теңгенің 900 миллион теңгеден астам қаржысы игерілмеген. «Ашылмайтын ұрлық жоқ, аша алмайтын полиция бар. Халық салық төлеп отыр, сіздер сол салықтан айлық алып отырсыздар. Әрбір ұрлық дерегін ұсақ-түйек деп қарамай, орын алған қылмысты ашуға міндеттісіздер», – деді облыс прокуроры қылмыстардың ашылу дерегіне қатысты. Жергілікті полиция өздерінің функцияларын жол инспекторлары қызметіне бейімдеген, оған жол қозғалысы саласында құқық бұзушылықты анықтау 25-30 пайызға көбейгендігі дәлел. Соңғы 2 жылда мас күйінде 36 кісі өлтіру дерегі орын алғанына қарамастан, учаскелік инспекторлар белгіленбеген уақытта алкогольдік өнімдерді сатудың тек 64 дерегін ғана анықтаған. Мектеп инспекторларының да саны мен сапасына талдау жасалуы тиіс. Жоғары сынып оқушыларының барлығы дерлік түске дейін оқуына байланысты, мектеп инспекторлары түс қайта инспектордың кім екенін түсінбейтін төменгі сынып оқушыларының мектепке тек кіріп шығуын ғана қадағалайтындығын айтты. Аймақтың экологиялық мәселелері көптігіне қарамастан табиғатты қорғау полициясы көрсеткішінің үштен екісі ұсақ материалдардан тұрады екен. Облыс прокуроры министрліктен арнайы жұмыс тобын құрып, облыста жергілікті полиция қызметін үйлестіру жайлы әдістемелік көмек көрсетуді сұрау қажеттігін көтерді. Одан кейін облыстық ІІД-нің бастығы Тілеген Маткенов, ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Бақытжан Бейсеев, Тараз қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметінің басшысы Қаныбек Төлешов, облыстық ІІД бастығының орынбасары Байжан Байгелді атқарылған жұмыстар мен кемшіліктерді жоюға бағытталған шаралар туралы есеп берді. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев балық басынан шіритіндігін, оған ІІД басқарма басшылары Үмбетәлиев пен Бектұрғановтың ішімдік ішіп, пышақтасқандығын мысал етті және мектеп инспекторларының жұмысы көңіл көншітпейтіндігін, бюджеттен миллиард қаржы сұраса да бөлінетіндігін, ең бастысы, балалардың амандығы бірінші орында екендігін айтты. Жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлініп отырғандықтан ішкі істер саласына сын айтып жұмыстарын ширату керектігін ескертті. Кеңестің қорытындысында шешімдер қабылданып, нақты тапсырмалар берілді.

Шынар сағиева, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар