Аудан прокуратурасы үстіміздегі жылдың басынан бастап өз қызметін атқару барысында Бас прокурордың бұйрықтары мен алқа мәжілістерінің шешімдерін басшылыққа ала отырып, прокурорлық қадағалаудың басты бағыттары бойынша пәрменді іс-шараларды жүзеге асыруда. Мұндағы атқарылған жұмыстар Елбасы тарапынан прокуратура органдары алдында қойылған міндеттерді тиімді орындауға бағытталды және Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының қағидалары басты назарда болды. Осы орайда, қадағалау жұмысының басты мақсаты ретінде халықтың құқық қорғау органдарына, оның ішінде прокуратураға сенімділігін арттыруға жете мән берілді. Ауылдық аймақтарда халықпен кездесулер өткізіліп, оларды мазалап жүрген мәселелер мен сұрақтар көтерілді. Өткен алты айдың қорытындысында аудан көлемінде 173 қылмыстық құқық бұзушылық және қылмыстық теріс қылық тіркеліп, мұның өзі былтырмен салыстырғанда 26,4 пайызға кемігендігін көрсетеді. Есепті мерзімде Жуалы өңірінде кәмелеттік жасқа толмағандар жасаған қылмыс тіркелмеген, ал 2016 жылдың осы мерзімінде бір қылмыс тіркелген болатын, яғни 100 пайызға кеміген. Жалпы, бұл көрсеткіштерді жыл басынан аудан көлемінде мектептер мен колледж оқушыларымен жүргізілген профилактикалық жұмыстың, яғни кездесулер, акциялар, түрлі іс-шаралар мен түсіндірме жұмыстарының нәтижесі деп айтуға болады. Қылмыстардың алдын алуда, профилактикасында жүргізілген тиімді үйлестіру жұмыстарының нәтижесінде ұрлық қылмыстары 132 ден 96, яғни 27,3 пайызға және тонау 2 ден 1-ге (50 пайызға) азайған. Ал қарақшылық қылмыстары орын алмаған. Ағымдағы жылда әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау саласы бойынша 10 тексеру жүргізіліп, 304 заң бұзушылық анықталды, 42 наразылық енгізіліп, нәтижесінде, 68 заңсыз актілер жойылып немесе өзгертілді, 32 заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізіліп, нәтижесінде 78 тұлға тәртіптік, 9 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 137 тұлғаның конституциялық құқықтары қорғалса, мемлекетке келтірілген 2 896 298 (21 376 825) теңге шығын өндірілді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлердің тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін 6 лауазымды тұлға жауаптылыққа тартылды, оның ішінде 3-еуі ауыл әкімдері. 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін 26 отбасына жәрдемақы тағайындалуына ықпал жасап, олардың 84 кәмелет жасына толмаған балаларының құқықтары қорғалды. Ал «Өрлеу» бағдарламасы бойынша бюджет қаражатынан 133 отбасыға артық төленген 4 миллион теңгеге жуық қаражат анықталып, оның қазіргі таңда 2,5 миллион теңгесі өндірілді. Пробация қызметімен 2016 жылдың 12 айында есепте тұрған тұлғаларды бақылауды реттейтін заңнамалары мен Қылмыстық-атқару кодексі талаптарының сақталуы бойынша тексеру нәтижесінде «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабы 1-бөлігі 4-тармағында көрсетілген, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық бойынша заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізіліп, қаралу нәтижесінде Пробация қызметінің инспекторлары Г.Баймурзаева мен Қ.Сарғалтақовқа «қызметке толық сәйкес еместігі» туралы тәртіптік жазаға тартылып, олардың басшысы А.Отарбаеваға «қатаң сөгіс» жарияланды. Атқарушылық саласы бойынша аудан прокуратурасы 2017 жылдың 2-ші тоқсанында 636 атқару құжаттары оқылып зерделенді. Атқару өндірістері бойынша 2 тексеру жұмыстары жүргізіліп, сот орындаушылардың заңсыз шығарған 11 қаулысына наразылық келтіріп толығымен заңға сәйкестендірілген және 7 ұсыныс енгізіліп, олар толығымен орындалып, мемлекет пайдасына барлығы 636 атқарушылық өндіріс аяқталып 10 352 113 теңге өндірілген. Жер жүзі жаһанданудың табалдырығын аттап, ғылыми-техникалық прогресс шарықтап тұрған қазіргі таңда қандай бір сала болсын озық технологияны пайдалануды, сол арқылы жұмысын өрге бастыруды мақсат тұтары хақ. Әрине, бұл мәселе құқық қорғау саласын да айналып өтпек емес. Соның бір айғағы еліміздің бірқатар іргелі елді мекендерінде бейнекамералардың орнатылуы және оның тиімділігінің яғни өз жемісін бере бастағандығы. Міне, құқық қорғау органдарын үйлестіруде жетекші рөл атқаратын аудандық прокуратура да осынау маңызды мәселені дер кезінде көтеріп, бастамашылық танытуда. Айталық аудан прокуроры Секер Бүркітбаев қол қойған қатынасхат аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновқа жолданды. Бұл құжатта аудан көлемінде кейбір қылмыс түрлерінің жоғарылап кетуі, әсіресе, ұрлықтың белең алуына алаңдаушылық білдіре келе, іргелі елді мекендерде, оның ішінде аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында бейнекамераларды көптен орнату үшін тиісті қаржы болу жағын қарастыру сұралды. Бұл ретте аудан орталығына бұрындары орнатылған 4 бейнекамераның мүлдем жарамсыздығы, олардың істен шығып, жөндеу көрмегені, тіптен камералардың сертификатталмағандығы ерекше атап өтілді. Мұның өзі, сөз жоқ аудан басшылығы тарапынан қолдауға лайық деп есептейміз. Сөз соңында айтарым, жуалылық қадағалау қызметі өз құзыры шеңберінде өздеріне жүктелген міндеттерді қалтқысыз орындауға бұдан әрі де күш жұмсай бермек.
Жомарт НАУАТОВ, аудан прокурорының орынбасары, кіші Әділет кеңесшісі.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді