Жасөркендегі «Болашақ» лагерінде 320 бала демалуда
«Жаздыгүн шілде болғанда, көкорай шалғын, бәйшешек, ұзарып өсіп толғанда» деп ұлы кемеңгер Абай жырлағандай, көптен күткен жарқын жаз да келіп жетті. Күні шуақты бұл мезгілді, әсіресе, тоғыз ай бойы көз майын тауыса кітап оқып, ыждаһаттылықпен білім қуған оқушылардың тағатсыздана күтетіні әмбеге аян. Жайма шуақ жаздың үш айында олардың уақыттарын текке өткізбей, тиімді пайдалануды ұйымдастыру қоғам үшін маңызды. Бұл орайда, жазғы демалыс лагерьлерінің рөлі орасан.
Тараз қалалық білім бөліміне қарасты «Болашақ» лагері 320 орынға арналған. Қазір онда сауықтырудың екінші маусымы басталып та кетті. Демалыс орнында тағы бір оқу жылын артқа тастаған 7-13 жас аралығындағы оқушылар тынығуда. Олардың дені әлеуметтік жағдайы төмен немесе аз қамтылған отбасылардан шыққандар. Аталмыш мекемені көп жылдан бері Алла Гнусина басқарады.
Түрлі танымдық ойындар, спорттық жарыстар, өнер сайыстары, білім додалары... Міне, 12 күн бойы балалардың айналысатыны осы. Сонымен қатар, мұнда олар бес мезгіл тамақтанып, уақтылы ұйықтап, жаңа достар табады. Бас тәрбиеші Тамара Дорошвили мұндай лагерьлердің өте-мөте қажеттігін айтады. «Жарты жылдай Америкада тұрдым. Онда жаз келісімен барлық бала міндетті түрде сауықтыру лагерьлеріне жазылады. АҚШ салалық лагерьлерімен де ерекшеленеді. Онда жеткіншектер үлкен таңдауға ие. Бізде оған әзірге мүмкіндік жоқ. Дегенмен, бюджеттен қаражат бөлініп, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға тегін жолдаманың берілуі қолдауға тұрарлық игі бастама», - деді ол әңгімеге тартқанымызда. Оның айтуынша, сауықтыру орнына келген балалар ұжыммен етенелесе жұмыс жасауды, қоғамдық өмірге белсене араласуды үйренеді. Сондай-ақ, мұнда тіл жаттықтыруға мол мүмкіндік бар. Түрлі ұлт өкілдерінің өзара тілдесіп, екі аптаға жуық уақыт араласуы оған өз септігін тигізуде.
Назгүл Әбушәріпқызы, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді