Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын жас ұрпақ бойына сіңіру мақсатында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасау туралы айтқаны белгілі. Жалпы, қасиетті жерлер – көне өркениеттің бізге жеткен мұрасы. Оны халық осы уақытқа дейін жадында сақтап келді. Біз осы дәстүрді одан әрі жалғастырып, ертеңгі ұрпаққа жеткізуге тиіспіз.
Осыған орай, ҚР Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасының 100 нысанының тізімін ұсынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тізім өңірлік комиссияның ұсынысымен және сарапшылар кеңесінің ғалымдары мен өлкетанушыларының пікірлерін ескере отырып құрастырылған. Осы тізімді құрастыру барысында әр өңір өзінің ерекше қасиетті мекендерін ұсынды. Жоғарыда құрылған комиссияның шешіміне сәйкес өңіріміздегі «Ежелгі Тараз қалашығы», «Ақыртас» сарай кешені, «Қарахан» кесенесі, Айша бибі кесенесі мен Бабаджа хатун мазары, Тектұрмас кешені және Мерке-Жайсан түркі ғұрыптық кешені «Қазақстанның 100 киелі жерлер» картасына кіріп отыр. Бұл ескерткіштердің барлығы республикалық маңызы бар тарихи-мұралар болып табылады. Аталған ескерткіштердің киелі жерлер тізіміне енгізілу маңыздылығы мен ерекшелігі мынада болып отыр. «Ежелгі Тараз қалашығы» (I-XIX ғғ.) – республикалық деңгейдегі ескерткіш, ортағасырлық сәулет-құрылыс жүйесі бар, Қазақстан аумағындағы ежелгі қалалардың бірі. Қала Ұлы Жібек жолы бойындағы Батыс Түрік қағанатының, қарлұқтардың, түргештердің бірінші саяси орталығы, Қарахан әулетінің астанасы болған. Шаһардың 2100 жылдық тарихы бар. Қала өрлеу мен құлдырау кезеңдерінен өткен. Тараз қалашығын ғылыми-зерттеу жұмыстары ХХ ғ. 20-30-шы жылдары басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасуда. «Ежелгі Тараз қалашығы» Тараз қаласы орталығының 6,2 гектар аумағын алып жатыр, онда мәдени-тарихи нысандар «Ежелгі Тараз» музейі, ашық аспан астындағы археологиялық парк, «Мыңбұлақ» сквері, «Тараз әуендері» монументі, «Шолу мұнарасы» және Тараз қаласының тұрғындары мен келуші қонақтар, туристерге арналған абаттандырылған демалыс орындары орналасқан. Ал ХІ-ХІІ ғасырлармен мерзімделетін сәулет өнерінің үздік нұсқасы Айша бибі кесенесі Тараз қаласынан 17 шақырым жерде Жамбыл ауданының Айша бибі ауылында орналасқан. Біздің ғажап өлкемізге аяқ басқан әрбір адам кесенеге атбасын бұрмай өтпейді. Ғасырлар тереңінен біздің заманымызға дейін кесененің батыс жақ қабырғасы мен оған жапсарлас қабырғаларының қалдықтары ғана жеткен. Қаншама жылдар бойы археологтар, сәулетшілер, жаңғыртушы-реставраторлар кесенені қайта жаңғырту туралы пікірталас жүргізді. ХХІ ғасырдың басында ол уақыт та келіп жетті. Бұл жұмысты республикалық «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің Түркістан филиалындағы мамандары үш жыл ішінде, 2002-2005 жылдар аралығында аяқтап шықты. 2005 жылдың көктемінде кесене өзінің алғашқы қайталанбас көз қуантарлық ғажап келбетіне енді. Айша бибі кесенесінің маңына орналасқан Бабаджа хатун кесенесі өзінің композициясы мен құрылымы жағынан өте қарапайым. Қабырғалары күйдіріл-ген қыш кірпіштен өрілген. Айрықша сәндік безендірулері жоқ, бірақ сәулеттік құрылыстың жинақы әрі қарапайым ою-өрнектері үйлесім тапқан. Кесененің көркемдік пен сымбаттылық беретін призмалық барабанға орналасқан 16 қырлы конус жабыны – Қазақстан күмбездерінің ішіндегі ең ерекшесі. Қасбетінде: «Бұл Бабаджа хатун қабірі... Оны салушы» деген жазулар бөлігі сақталған. Шебердің аты-жөні белгісіз. Аңыз бойынша, кесене Айша арудың күтушісі болған, кейіннен бибісі өмірден өткен соң жас қабірдің өмір бойғы шырақшысы міндетін атқарған парыз адамы – Бабаджа хатунның жер бесігі үстіне орнатылған. Қарахан кесенесі (ХІ-ХІІ ғ.ғ.) Тараз қаласының орталығында орналасқан ортағасырлық рабад аумағындағы діни-мемориалдық кешенге кіреді. Кесене Қараханидтер әулетінің көрнекті тұлғасының бірі – Шах Махмуд Қараханға арналып салынған. Кесенені салушы шебердің аты-жөні тарихта сақталмаған. Кесененің алғашқы нұсқасы біздің заманымызға жетпеді. 1906 жылы жергілікті тұрғындардың күшімен алғашқы кесененің орнына қайта салынған, алайда оның сәндік өрнектері жойылған. Кесененің алғашқы келбеті мен сәулеттік құндылығын тек 1902 жылы түсірілген фотосуреттен ғана көре аламыз. Суретте кесене шаршы формалы. Бас қасбетінде кірпіштен өрілген өрнектер бар. 1961 жылғы қазба жұмыстары кесенені сәндеу үшін 30-ға жуық түрлі терракоттар пайдаланылғанын анықтады. Кіреберіс иіні сүйірлене қаланып колоннаға тірелген. 1836-1936 жылдар аралығында қаламыз Қараханның құрметіне Әулиеата деп аталды. Соңғы қайта жаңғырту жұмыстарын Тараз қаласының 2000 жылдық мерекесіне орай 2002 жылы республикалық «Қазқайтажаңғырту» мекемесі жүргізді. Тектұрмас кесенесі ХІV ғасырда Талас өзенінің оң жағалауында Тектұрмас кесенесі салынған және бұл діни орындардың бірі болған. Осы төбенің басында зоорастризм, христиандық, мұсылмандық рәсімдегі зираттар орналасқан. Төбенің етек жағында ежелгі жерасты жолы және Талас өзені арқылы өтетін тас көпір болған. ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы атеистердің дінге қарсы саясаты кезінде көптеген тарихи-мәдени ескерткіштер толықтай немесе жартылай қирады. Тектұрмас кесенесінің тек фотосуреті ғана сақталып қалған. (ХІХ ғ. 80 жылдар). Кесене формасы қарапайым. Аталған мекенге 2001 жылы археолог А.Итенов археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. 2002 жылы кесененің алғашқы орнында жаңадан кесене тұрғызылды. Кесене жергілікті халыққа Тектұрмас атымен белгілі Сұлтан-Махмудхан жерленген орын ретінде белгілі. Ал Тектұрмас сөзінің өзі түркіше «тынымсыз орын» дегенді білдіреді. Тылсым сырлы Ақыртас сарай кешені (VІІІ-ХІІ ғ.ғ.) Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жерде, Ақшолақ темір жол стансасынан 6 шақырым оңтүстікте, Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан. Оған ең алғашқы көңіл аударған орыс суретшісі М.С.Знаменский. Ол 1864 жылы қаланың қирандысына барып, Ақыртастың понорамасы мен қабырғаларының бөліктеріне байланысты қызықты суреттер сызып қалдырған. Содан бері отандық және шетелдік зерттеушілер, Ақыртас туралы талай тұспалдар мен батыл болжамдар айтуда. Ел аузында Ақыртас туралы әңгімелер өте көп. Ақыртас – күрделі құпияға толы нысан. Аэро-фото түсірілім көрсеткеніндей Ақыртас құрылысы үш бөліктен тұратын алып құрылым бейнесінде жобаланған. Қазіргі құрылысы жартылай тұрғызылған нысанның шығыс жағы мен батыс солтүстігіне қарай тағы да екі алып құрылыс орны белгіленіп, алғашқы тұғыртас өлшемі жасалған. Міне, дәл осы тұста Египет мұнаралары мен сол маңдағы «Патшалар аңғары» еріксіз ойға оралады. Негізінен көлемді төрт бөліктен тұратын Ақыртас сарай кешенін «Шеберлер ауылы», «Хан ордасы», «Құмтас кешені» және «Ақыртас ғимараты» деп қарастыруға болады. Қазіргі кезде археологиялық және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Бәрі де уақыттан қорқады, ал уақыт тек Пирамидалардан ғана қорқады» дейтін қанатты сөзге арқау болған Египет кереметтері, Афины акропольдары, Рим колизейі, Перудегі Майя сарайлары, Антантида аңыздарымен деңгейлес жатқан алып құрылыс нысаны – Ежелгі Тараздың «алтын шеңберінде» жатқан Ақыртас сарай кешені екені даусыз. «Меркі-Жайсан» түркі ғұрыптық ғибадатханасы – Қазақ жерін мекен еткен түркі көшпелілерінің негізгі шоғырланған аймағы Шу өзенінің алқабы болып табылады. Мұндағы түркі дəуірінің бірегей ескерткіштері Меркі жəне Жайсан ғұрыптық-мемориалды кешендері. Меркі ғұрыптық-мемориалды кешені Меркі өзенінің жоғары ағысындағы биік таулы альпілік шабындықта орналасқан, ал Жайсан ғұрыптық-мемориалды кешені Меркі ғұрыптық-мемориалды кешенінің солтүстігінен 120-140 шақырым қашықтықтағы Кіндіктас тауының солтүстік баурайының далалы бөлігінен орын тепкен. Аталған ескерткіштер ұзақ жылдар бойына Ə.Х.Марғұлан атындағы археология институты, «Түркі мұрасы» бөлімінің ғылыми қызметкерлері тарапынан зерттелініп келеді. Ғылыми ізденістер барысында XX ғасырдың 80 жылдарынан бастап ортағасырлық түркі тайпаларының əртүрлі типтегі ескерткіштері табылып зерттелді. Жүйеленген ескерткіштердің құжаттары жасалып, ескерткіштер табиғи далалық ландшафтта қайта қалпына келтірілді. Жайсан ғибадатханасын кешенді зерттеу жұмыстары 2001 жылдан бастау алды. 2008 жылғы мəлімет бойынша ғибадатханада 37 ғұрыптық-мемориалды кешендер ашылды. Əрбір ғұрыптық-мемориалды кешеннің құрамында ондаған жерлеу орындары мен тас мүсінді ғұрыптық құрылыстар, жартас беттеріне түсірілген суреттер мен рулық таңбалар бар. Аталған кешен облыстағы туристер көп келетін нысанның бірі. Қорыта келгенде, тізімге енген ескерткіштердің барлығы лайықты таңдалынып алынған және заманауи тұрғыда қайта жаңғыртылып, инфрақұрылымдары (ауызсу, жол, электр жарығы, сапар орталықтары т.б.) жасақталған әрі облысымыздың туристік кластерін қалыптастырып дамытуда айрықша елеулі орны бар тарихи-мәдени мұралар санатында. Тараз қаласы.
Алмас МҰХТАРОВ, ҚР МСМ «Ежелгі Тараз ескерткіштері» ТМҚМ бөлім басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді