Бабалар аманатына қол жеткізіп, шекарамызды шегендеп, жаңа тұрпатты тәуелсіз мемлекет құрдық. Алыс-жақындағы алып елдермен саяси-әлеуметтік, экономикалық және рухани қарым-қатынасты жолға қойдық. Бұл, әрине, бір ауыз сөзбен түйіп айтуға ғана оңай. Әйтпесе, тәуелсіздіктің осы ширек ғасырында қаншама қиындықтар, шиеленістер, күрмеуі қиын әлеуметтік және ұлттық мәселелермен бетпе-бет келгеніміз белгілі. Сол бір қысталаң кездерден Президенттің сарабдал саясаты арқылы жол тауып шыққанымызды әрбір қазақстандық жан-жүрегімен шынайы сезінеді деп ойлаймын. Елбасы алғашқы сын сағаттардан бастап-ақ жаңа даму жолына түскен елдің көшін алыс-жақын елдермен тығыз қарым-қатынас жасасуға және бейбіт өмір сүруге бағыттады. Президентіміздің бағдарламаға құрылған мақаласында ендігі жерде біздің дамуымыздың негізгі бағыттары болатын алғышарттар нақтылы атап көрсетілген. Қазіргі жаһандану заманында ұлттық ерекшеліктерді сақтай отырып, өз даму жолын табу – қай қоғам үшін де өте өзекті мәселе. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында өткен тарихқа шолу жасай отырып, дәл осындай қазақстандық даму бағдарын қалыптастыру мәселесін қозғайды. Онда ұлттық ерекшеліктерді сақтай отырып, әлемдік тәжірибеге сай бейімделу керектігі көрсетілген. Бұл өз кезегінде әрбір қазақстандықтың, тұтастай қоғамдық ой-сананың жаңғыруын қажет етеді. Сондықтан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» – ұлттық идеологиялық бағытымыздың кепілі, мызғымас темірқазығы болып табылады. «…Өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі. Азиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қытайдың бүгінгі келбеті осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың нағыз үлгісі» деген Елбасы өзгеге көзсіз еліктеуді емес, «өзгелердің ең озық жетістіктерін бойға сіңіру» қажеттілігін айта отырып, санамызды жаңғыртып, уақыт көшінен қалып кетпеуді меңзейді. Сондықтан иманды да еңбекқор халқы бар, бәсекеге қабілетті, экономикасы дамыған, тегеурінді мемлекет қана ешкімге дес бермейтінін ұрпақ санасына құйып, ұлттық құндылықтармен құнарландыру қажет-ақ. Исі қазақтың қазіргі басты міндеті – ұрпақтарын отбасында ұлттық рухта тәрбиелеп, құрыштай шынықтыру. Сондықтан жас ұрпаққа білім ғана емес, саналы тәрбие беруге ден қойып, елдігімізді бекемдеуге атсалысу – әрбір есті азаматтың парызы. Біз қазір жаңа жетістіктерге жету қарсаңында, қиын асуларды еңсеру кезеңінде тұрмыз. Ұлттық болмысымыз бен сана-сезімімізді сақтай отырып қана көптеген жетістіктерге жете алатынымыз сөзсіз. Сонда ғана бүкіл әлемнің бізді тарихы бай, мәдениетті, серпінді экономикасы, болашаққа деген биік мақсаты бар бірегей ұлт ретінде мойындайтынына кәміл сенемін.
Эльмира АЙМУРЗИНА, ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері.
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді