Ашық алаңдағы басқосу
Елбасы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында экономиканы жаппай цифрландыруды, барлық салаға ІТ технологияны енгізуді тапсырғаны белгілі. Ендеше, Үшінші жаңғыру кезеңінде білім беру жүйесін әрі қарай дамытуды, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын жоюды неден бастаған жөн? Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің басқарма басшысы Бағымкүл Көптілеуова қатысқан педагогтардың дәстүрлі тамыз кеңесінде осы мәселелер талқыланды.
Білім беру үдерісіндегі басқару және ұйымдастыру, өзара тәжірибе алмасу, педагогтардың ашық алаң құру ісінде ІТ технологияның мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануды сала мамандары дәл осы тамыз кеңесінен бастағанын ерекше атап өту керек. Биыл Тараз қаласындағы «Arai Plaza» бизнес орталығында өткен дәстүрлі жиын жаңа форматта ұйымдастырылды. Ашық пікірлесу алаңындағы талқыға салынған өзекті мәселелерді он ауданның білім қызметкерлері онлайн режімде көріп-тыңдады. Білім саласындағы серпіліс тұтас қоғамның өркендеуіне серпін береді. Сондықтан білім беру ісіне қатысты мәселелер қанша рет талқыланса да, өзектілігін жоймайды. Мектепке дейінгі тәрбие, орта білім, жастарға рухани тәрбие беру ісі, кәсіби-техникалық оқыту, жоғары білім... осылайша сатылы түрде жалғасып, үздіксіз жаңарып отыратын тұтас жүйенің сала қызметкерлеріне жүктейтін міндеттері де көп.
Білікті ұстаздардың шәкірттері де білімді
Тамыз кеңесінде облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова педагогтарға жүктелген жауапкершіліктер мен жаңа оқу жылында атқарылатын жұмыстарға тоқталды. – Өткен оқу жылы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының негізінде әзірленген Білім саласын дамытудың жаңа бағдарламасын іске асыруға, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталды. Жаңартылған білім мазмұнына кезең-кезеңімен көшудің алғышарты жасалды. Қолданыстағы оқу бағдарламаларына Мәңгілік Ел құндылықтары енгізілді. Білім берудің барлық сатысын дамытуға баса мән берілетінін облыстағы мектепке дейінгі білім беру жүйесі кеңейгенінен байқауға болады. Бүгінде өңірдегі балабақшалардың саны 457-ге жетті. Онда 48405 бала тәрбиеленуде. Ал 451 мектепте 207 мыңнан астам оқушы білім алуда. Жаңа оқу жылында 26 мыңға жуық бүлдіршін бірінші сыныптарға барады. Сондай-ақ биылғы оқу жылының басты жаңалығы – 5 мектеп пен 27 жеке меншік балабақшаның қолданысқа берілгені болып отыр. Елбасының апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда оқытудың мәселесін шешу туралы тапсырмасы да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда, – дей келе, Рахия Сейітбекқызы білім ошақтарының қазіргі жай-күйі, жүргізілген жөндеу жұмыстарын айтып өтті. Жалпы, биыл ғана енгізілген жаңа форматтағы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысын қоспасақ, облыс ұстаздары мен оқушылары үшін өткен оқу жылының нәтижесі аса нашар емес. Басқарма басшысы мұғалімдердің ықыласты еңбегі мен кәсіби ынтасы өз нәтижесін беріп жатқанын айтты. Оның нақты дәлелі – 1724 педагогтың республикалық, халықаралық деңгейде өткізілген олимпиадалар мен байқауларға қатысып, оның 310-ы жеңімпаз атанғаны, облыс оқушыларының республикалық олимпиада және ғылыми жобалар жарысында командалық есепте соңғы 6 жыл қатарынан үздік шыққаны. Бұған дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» мектеп-интернатының биыл 9 мәрте «Ең үздік олимпиада мектебі» атағын қорғап қалғанын қосыңыз. Дерекке сүйенсек, 1102 жас дарын республикалық, халықаралық деңгейде өткен өнер байқаулары мен спорт жарыстарында жүлделі орындарды иеленіпті. Бұл жетістіктер – облыс ұстаздарының шығармашылық әлеуетінің жоғары екендігін көрсетеді.
Жаңа оқу жылынан қандай жаңалық күтеміз?
Өткен оқу жылының жетістіктері де бар, кемшіліктері де жоқ емес. Бастысы, қол жеткізген табыстарға тоқмейілсіп отыра беруге болмайды. Бұл тоқырауға әкеледі. Сондықтан білім қызметкерлері үнемі біліктіліктерін жетілдіріп отыруы тиіс. Әсіресе, кезең-кезеңімен 12 жылдық білім беруге, үш тілде оқытуға көше бастаған кезде ұстаздың тәжірибесін шыңдап, білімін тереңдеткені керек-ақ. Өткен оқу жылы жаңалықтарға толы болғанын білеміз. Бірінші сыныптар жаңартылған білім мазмұнына сәйкес бес күндік оқу жүйесіне көшкені мәлім. Ал биыл 2-5-7-сыныптардағы 67580 бала осы жүйе бойынша оқытылады. Осыған орай бюджеттен 1 миллиард 976 миллион теңге қаржы бөлініп, жаңа оқулықтар сатып алынған. «Сондай-ақ, жоғары сыныптарда жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқитынын айтпағанда, жаңа оқу жылында үлкен өзгерістер орын алмайды», деді облыстың білім қызметкерлерін бейнебайланыс арқылы құттықтаған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім беру үрдісіндегі жаңалықтармен бөлісіп. Өңір педагогтары үш тілде білім беруге кезең-кезеңімен көшуге дайындықты бастап та кеткен. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшу үшін сала мамандары 7 мектепте «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» іс-тәжірибесін таратуды қолға алған. Өңірдегі 3 мамандандырылған мектепте жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер ағылшын тілінде жүргізілсе, жаңа оқу жылында 62 мектепте 5-8 сыныптарда физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытудың пилоттық режімі енгізілмек. Ал Тараз қаласындағы №5 мектеп-гимназиясының базасында үш тілді білім беру бойынша эксперименталды-тәжірибелік алаң ашылатын көрінеді. Жиында Рахия Тұрмаханбетова мектептердің материалдық-техникалық базасы, компьютерлендіру мәселесі туралы да сөз қозғады. Компьютерлік парктің 10 пайызы жаңартуды қажет ететінін айтқан басқарма басшысы аудандардағы білім деңгейі төмен білім ошақтарын сынға алды. Биылғы тамыз кеңесі – педагогтар үшін шын мәнісінде ашық пікірлесу алаңы болғаны анық. Жиында бас қосқандар жұмыста кездесетін түйткілдерді талқыға салып, одан шығудың жолдарын да өздері ұсынды. Мәселен, Тараз қаласындағы №40 гимназияның физика пәнінің мұғалімі Ирина Щедрина жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқытудағы тәжірибесімен бөліссе, облыстық дарынды ұлдарға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» мектеп-интернаты директорының орынбасары Дастан Ілияс аталған білім ошағының қол жеткізген табыстарының сырын ашып айтты. Меркі ауданынан онлайн байланысқа шыққан ата-аналар облыс әкіміне «Ауданда дарынды балаларға арналған мектеп салынса» деп өтініш айтса, Т.Рысқұлов аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Айнұр Баймұратова «үш тілде оқытуға көшу кезінде мұғалімдердің шетелде білімін жетілдіруіне жағдай жасалса» деген ұсынысын жеткізді. «Фабрика Пош-Тараз» ЖШС-нан келген өкіл тегін кәсіптік білім беру бағдарламасы мен дуалды оқыту жүйесінің тиімділігін сөз етті. Ал Тараз қаласындағы «Солнышко-Тараза» жекеменшік балабақшасының меңгерушісі Наталья Воронова мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің пайдасына тоқталса, Байзақ ауданындағы Ақшолақ орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Төлжан Рахманов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасының мән-маңызын талдап, оқушыларға өлке тарихын үйрету – патриоттық тәрбиенің өзегі болатынын жеткізді.
Шағын жинақты мектептердің жайы алаңдатады
Иә, Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасы қазіргі кезде көптеген игі істердің бастауына айналғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл атқа мінер азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыра түскендей болды. Ердің елге барып тұрып, ауылдың әлеуметтік жағдайына қарайламай кетпесі анық қой. Жиында бағдарламаның тиімді тұсын баса айтқан облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев: «Қаншама жылдан бері елге көмек беріп, туған ауылына интернат, медресе салып берген Сайранбай Дөненбаев сынды азаматтардың ісі де, есімі де көпке үлгі болуы тиіс», – деп атап өтті. Алдағы міндеттерді нақтылау үшін жаңа оқу жылы қарсаңында жаңа форматтағы жиында – пікір алмасу алаңында бас қосудың маңызды екенін айтты. – Жаңартылған мазмұнда оқытудың нәтижесі – мектептердің материалдық-техникалық базасының жағдайымен тікелей байланысты. Біз бірінші қыркүйекте 1700 оқушыға арналған 4 мектепті пайдалануға береміз. Жыл соңына дейін тағы бір мектеп, 955 орындық 16 жеке меншік балабақша ашылады. Биыл 9 мектептің құрылысын бастадық. Оның екеуі «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында, Ұлттық қор қаражаты есебінен салынуда, 1 мектепке қосымша ғимарат құрылысы жүргізілуде. Осылайша, облыстағы 7 апатты, 4 үш ауысымды мектептің мәселесі толығымен шешіледі. Қалған 2 апатты және 1 үш ауысымды мектептің мәселесі 2018 жылы шешімін табады. Мұның барлығы – біздің болашағымыз үшін жасалған ең маңызды инвестиция. Мемлекет жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне ерекше қамқорлық көрсетіп келеді, десе де бұл салада әлі де өзекті мәселелер бар. Мәселен, шағын жинақты мектептердің жағдайы. Облыстағы мектептердің 31 пайызы шағын жинақты мектептер. Мұндай мектептерде арнайы пәндік кабинеттер жеткіліксіз. Оқушы саны аз болғандықтан, бір оқу кабинетінде екі, үш сыныптың балалары топтасып оқитын бастауыш мектептер де бар. Оларда жаңартылған мазмұнда білім беруді толығымен іске асыру мүмкін емес. Өңірдегі 107 мектепте спорт зал, 35 мектепте асхана да, буфет те жоқ. Байзақ, Қордай, Шу аудандары мен Тараз қаласындағы мектептерде оқушы орындарының жетіспеушілігі бар.Тараз қаласы бойынша жалпы орын тапшылығы 3646-ны құрайды.Осы аталған мәселелерді кезең-кезеңімен шешу мақсатында білім басқармасына бір ай ішінде аудан әкімдерімен бірлесіп, білім саласын дамытудың үш жылдық жоспарын әзірлеуді тапсырамын, – деді Кәрім Нәсбекұлы саладағы түйткілді мәселелерді алға тартып. Саладағы өзекті жайттарға назар аударған аймақ басшысы аудан әкімдері мен басқарма, білім бөлімдерінің басшылары инклюзивті білім беруді дамытып, кедергісіз аймақ құруды, мектеп, балабақшаларға оқушыларды автоматты түрде қабылдау жүргізуді тапсырды. Облыстың білім саласында қол жеткізген жетістіктері көп екенін сөз еткен Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаментінің басқармы басшысы Бағымкүл Көптілеуованың сөзін құптай отырып, оған білім басқармасының бұрынғы басшысы Сұлушаш Құрманбекованың сіңірген еңбегі зор екенін айтып өтті. Енді осы істі жалғастыруды жаңа басшыға сеніп тапсырып отырғанын айтты. Жиын соңында облыс әкімі жемісті еңбек етіп, табысқа жеткен ұстаздарды марапаттап, Құрмет грамоталарын, бірқатарына «Ы. Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерін табыстады. Сондай-ақ осы күні өңірдің үздік мектептері анықталып, қаржылай қолдау көрсетілді. Ең үлкен ақшалай сыйлық – 19 567200 теңгенің сертификатына облыстық «Дарын» мектеп-интернаты ие болса, Байзақ ауданындағы Сарыкемер және Қордай ауданындағы Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиялары мен Тараз қаласындағы №41 гимназия ұжымының әрқайсысына 500 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді