«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әлеуметтік мәселелер – Мәжіліс депутатының назарында

Әлеуметтік мәселелер – Мәжіліс депутатының назарында
ашық дереккөз
Әлеуметтік мәселелер – Мәжіліс депутатының назарында

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Тараз қаласын және бірқатар аудандарды аралап, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесімен танысты. Кеше халық қалаулысы Шакир Хахазов «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында қоғамдық қабылдау өткізді. Партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат пен Мәжіліс депутаты алдымен тараздық Ольга Пименованың өтінішін тыңдады. Ол қаланың 9-шағын ауданындағы бұрынғы балабақша қайтадан ашылса деген тілегімен қоса, өзінің Астанадағы білікті дәрігерлерге емделгісі келетінін жеткізді. Мектепке дейінгі мекемеге қатысты түсініктеме берген сала мамандары балабақша ғимаратының колледждің теңгеріліміне берілгенін айтты. Ал Астанаға емделу үшін квота алуға 10 күннің ішінде дәрігерлік сараптамадан өтуі керек екен. Тараз қаласының тұрғыны Нина Усатованың ауыр жарақат алғаннан кейін оң қолы жұмысқа жарамай қалыпты. Алайда, 1 немесе 2-топтағы мүгедектігін растайтын құжатқа қол жеткізе алмай жүрген көрінеді. Ал облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті медициналық әлеуметтік сараптаманы бақылау бөлімінің басшысы Айсұлу Махатова оның сырқатының сипаты 3-топқа ғана сәйкес келетінін айтады. Жамбыл ауданының тұрғыны Амангелді Омаровтың да күйттейтіні – мүгедек немересінің жайы екен. Айтуынша, оның жұбайы 2004 жылы Тараз қаласынан үй алу үшін кезекке тұрыпты. Содан бері кезек алға жылжымай діңкелетіпті. Ал дімкәс балаға күтім керек. Осыны тілге тиек еткен шағымданушыға Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Жақсылықов жауап берді. Арызданушының жұбайының атында тұрғын үй бар болып шыққандықтан, кезектен алынып тасталғанын жеткізді. Ардагер ретінде 2014 жылы қайтадан кезекке тұрған Амангелді Омаровтың тұрғын үй бойынша кезегі – 6467-ші. Тараздық Жансейіт Бектеміров екі жасар қызын балабақшаға орналастырғысы келетінін айтып, көмек сұрады. Бұл түйіні оңай тарқатылатын мәселе көрінгенімен, Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімі басшысының орынбасары Уалихан Байдуанов бүлдіршін әлі 2 жасқа толмағандықтан, жолдама берілмейтінін мәлімдеді. Халық қалаулысы Шакир Хахазов қабылдауға келгендермен ашық әңгімелесіп, көтерген мәселелерді өзінің тікелей бақылауында ұстайтынын айтып, заң аясында шешілуіне ықпал ететінін жеткізді.

Есет досалы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар