«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңартылған білім жүйесі не береді?

Жаңартылған білім  жүйесі не береді?
ашық дереккөз
Жаңартылған білім жүйесі не береді?

Облыстық білім басқармасы «Жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу жағдайында орта білім берудің сапасын арттырудың ғылыми аспектілері» тақырыбында семинар-кеңес өткізді. Елімізге белгілі ғалымдар шақыртылып, дәріс оқыған семинарға сала мамандары, Тараз қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшылары, әдістемелік кабинет меңгерушілері, мектеп директорлары және озат мұғалімдер қатысты. Farafoto_8Семинарды облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова ашып, жүргізіп отырды. Педагогика ғылымдары академиясының президенті, педагогика ғылымдарының докторы, академик Асқарбек Құсайынов «Қазақстанда орта білім беру сапасын арттырудың ғылыми негіздері» тақырыбында дәріс оқыды. Ғалым сапаны арттыру үшін білім стандарты мен оқу әдебиеттерін жаңартып, педагог кадрлардың біліктілігін арттырып, білім мониторингін жасау керек деп есептейді. Сондай-ақ, ол рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру, басқару жүйесін өзгерту, материалдық-техникалық базаны нығайту – білім беру жүйесін әрі қарай дамытуға аса қажет факторлар екенін алға тартады. Жалпы, оқушыға шектен тыс көп тапсырма жүктеу – білім берудегі нәтижесіз қадамның бірі саналады. Мұғалім баланың ақыл-ойына сай жүктеме беруі керек. Осыны айтқан ғалым білімнің негізі мектепте қаланатынын, әсіресе бастауыш сыныпта сапаға баса мән беру керектігін тілге тиек етіп, білікті мұғалімдердің мәртебесі биік болып қала беретінін сөз етті. Сондай-ақ ол Сингапур, Англия, Жапония секілді дамыған елдердің тәжірибелерінен мысал келтіріп, баланы баурап алудың тәсілдерін мысал ретінде келтірді. Сөзінің соңында оқушы қай мұғалімді жақсы көрсе, сол пәнді міндетті түрде жақсы оқитынына тоқталып, ұстаздарды баланы жақсы көруге, ұлттық педагогиканы дамытуға, бала жүрегін түсінуге шақырды. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының бірінші орынбасары, физика-математика ғылымдарының докторы Жауымбай Қараев оқушыларды жаттанды жауапқа үйрету пайдасыз ілім екенін айтады. Білім беруде нәтижеге қол жеткізу үшін педагогикалық технологияны дамыту қажет дейді ол. Бұл ретте оқушының ойын қолдап, дұрыс іс-әрекетіне ықпал жасауды ұмытпаған ләзім. Жауымбай Қараев заманауи білім беру мазмұнын дамыту кезеңінде педагогикалық инновацияларды жүйелі енгізудің жолдарын атап өтті. Мұнан соң «EDTECH – KZ» халықаралық білім беру орталығының бас директоры, академик, PҺD докторы Ғани Бейсембаев білім сапасын арттырудың психологиялық аспектілеріне тоқталып, тәжірибесімен, ой-пікірімен бөлісті. Содан кейін ғалымдар қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Іс-шара соңында облыстық білім басқармасы, Педагогика ғылымдары академиясы және «EDTECH – KZ» халықаралық білім беру орталығы арасында бірлескен ынтымақтастық серіктестік меморандумына қол қойылды. Жиынды Рахия Сейітбекқызы қорытындылап, мұндай шаралардың педагогтар үшін пайдасы зор екенін айтып, ғалымдарға алғысын білдірді.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар