«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Апайтөс, атан жілік балуан

Апайтөс, атан жілік балуан
ашық дереккөз
Апайтөс, атан жілік балуан

Атақты Балуан Шолақтың кіндік қаны тамған қасиетті Мойынқұм өңірінде бүгінде өмірін спортпен байланыстырып, болашақта білекті де жүректі балуан атансам деген жастар аз емес. Солардың бірі – Абай Ерболұлы. Ол 1995 жылы Мойынқұм ауданында дүниеге келген. Спортқа келуіне ағасы себеп болыпты. Жастайынан спортқа баулыған ағасы бауырынан болашақта үлкен спортшы шығады деген сеніміне ешқашан селкеу түсіріп көрмеген. Абай ауылдағы мектепте 5-сыныпқа дейін оқып, өзінің діттеген мақсатына жету жолында жаңа баспалдақтардан өту үшін 7-сыныптан бастап Тараз қаласына оқуға келеді. Қалаға келісімен дзюдомен айналысып, облыстық дарынды балаларға арналған мектеп интернатында жаттыға бастайды. Ол жақта белгілі бапкер Мұрат Әшімовтің көзіне түсіп, бапкердің қарамағына алынып, күнделікті жаттығуын жалғастырады. Дзюдо күресінен бірнеше жарыстарға барып оң нәтижеге қол жеткізіп жүргенде аяғынан жарақат алып, ота жасатуына тура келеді. Сөйтіп сүйікті спортымен айналысуды бір жарым жылға тоқтатады. – Жарақатым маған ауыр тиді. Күреске деген қызығушылығым бой бермей, күш-жігерімді қайрап спортқа қайта келгенімде қарсыластарымның қатты өсіп кеткендігін байқадым. Олармен күресу маған қиынға соқты. Жеңілістер көп болды. Сол кезде спорттан мүлдем кеткім келді. Бірақ ағамның арманы биік еді, бапкерім екеуі маған үлкен сенім беріп әрмен қарай дзюдомен айналыса беруіме тура келді. Содан талмай еңбек еткеннің арқасында жеңілістер азайып жеңісті сәттерім көбейе бастады, – дейді ол. Спорт интернатын тәмамдаған соң, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетіне бапкерінің қолдауымен оқуға түскен Абай, ол кезде қазақ күресімен әлі шұғылданбайтын. «Қазақстан барысы» турниріне іріктеу жарысы өтіп жатқанда Бейбіт Ыстыбаевтың күресіне қатты қызығушылық танытып, қазақ күресіне көңіл бөле бастайды. 2013 жылдан бастап қазақ күресіне бет бұрып, «Қазақстан барысы» турниріне қатысуды алдыға үлкен арман етіп қояды. Абайдың айтуынша, спортшылар көп жағдайда жеңіліс тапқан соң, спортпен біржолата қоштасып жатады. Негізінде кез келген спорт төзімділікті, шыдамдылықты қажет ететіні белгілі. Оның бойындағы күреске деген ерекше қызығушылық нағашы атасынан дарыса керек. Ол кісі туралы ата-анасы «жастайынан жауырыны жер иіскемейтін жан болатын» деп жиі айтып отырады екен. «Қазақстан барысына» қатысу екінің бірінің басына қона бермейтін бақ деп білетін жас балуан бұл жарысқа биыл алғаш рет қатысып, өзінің бағын сынады. Абай алдағы уақытта «Қазақстан барысы» атанып, ата-ана, бапкері мен ағасына еңбегінің ақ адал тәтті жемісін жегізсем деп армандайды. Жас балуанның қазақша күрестен жеткен жетістіктері аз емес. 2013 жылы жас барыс турнирінде 3-орын, 2014 жылы сол жарыста 1-орынға қол жеткізген ол Қазақстанның 23 жасқа дейінгілер арасындағы чемпионатында 2-орын, жастар ойындарында 1-орынды иеленген. Қазақ күресінен спорт шебері атағы да бар. Қазіргі таңда Тараз қаласындағы бапкері Арман Әшімовтің қол астында жаттығатын Абайдың арманы – еліміздің барысы атанып қана қоймай, Олимпиадаға барып мемлекетіміздің көк байрағын биікте желбірету.

Мойынқұм ауданы.

Уалихан ЖАЙЛАУ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар