«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Көне Тараздан – асқақ Астанаға» этнографиялық керуені Елордаға барады

«Көне Тараздан – асқақ Астанаға» этнографиялық керуені Елордаға барады
ашық дереккөз
«Көне Тараздан – асқақ Астанаға» этнографиялық керуені Елордаға барады

Елордада Орталық коммуникациялар қызметінде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында алдағы 26-30 шілде аралығында өтетін Жамбыл облысының Астанадағы күндеріне арналған баспасөз-конференциясы өтті. Жиында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов Жамбыл облысының Астанадағы күндерінің өтілу барысын баяндады. Сондай-ақ, баспасөз-конференциясына облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова қатысты. – Өңірімізде ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін насихаттау барысында атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Соның бірі – ағымдағы жылғы 20 мамырда «Көне Тараздан» салтанатты түрде жөнелтілген «Көне Тараздан – асқақ Астанаға» керуені. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда, мәдениет, өркениеттің рухани орталығы болған ежелгі Тараздың тарихымен таныстыру мақсатында Жамбыл және Қарағанды облыстарындағы 10 елді мекенге аялдады. Әр жерде киіз үйлер тігіліп, үлкен сахналарда түрлі-түрлі шаралар ұйымдастырылды. Екі айлық жол жүрген керуен 26 шілдеде Астана қаласына ат басын тірейді. Керуенді қарсы алу шаралары «Хан шатыр» ойын-сауық орталығының «Ғашықтар саябағында» өтеді, – деп Ерқанат Манжуов керуеннің ерекшеліктерін атап өтті. Д.Бықыбаевтың сөзінше, облыс күндерінің ашылу салтанатына орай ЭКСПО аумағындағы «Амфитеатрда» облыстық филармонияның «Әуені әсем Әулиеата» атты мерекелік концерті қойылады. Атап айтқанда, бес күн бойы бекітілген кестеге сәйкес «Хан шатыр» ойын-сауық орталығы жанындағы «Ғашықтар саябағында» облыстық филармонияның, облыстағы жоғары оқу орындарының, аудандар мен Тараз қаласы өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарламалар, ұлттық салт-дәстүр көріністерінің қойылымдары көрсетіледі. Сонымен бірге облыстық филармонияның «Әулиеатадан ән шашу», облыстық қазақ драма театрының «Қыз Жібек» саунд-трегі, «Алатау» фольклорлық ансамблінің «Ғасырлар әуені» атты концерті және елімізге танымал ақындар мен әншілердің бірлескен «Бір әуен, бір өлең» атты ән-жыр кеші  өткізіледі. 30 шілдеде «Хан шатыр» ойын-сауық орталығы жанындағы алаңда «Жамбылым қандай тамаша!» атты шығармашылық концерт беріліп, Жамбыл облысы күндерінің жабылуына арналған облыс өнерпаздары мен Жамбыл өңірінен шыққан белгілі эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылады. Сондай-ақ,  29-30 шілде күндері бас қаладағы «Қазанат» ипподромында қала тұрғындары мен қонақтарға ұлттық ат спорт түрлері – көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату ойындарының көрсетілімдері ұйымдастырылып, халық назарына ұсынылады. «Этноауыл» қалашығы маңында қазақ күресі, асық ату, бес тас, тоғызқұмалақ, алаңдағы тоғызқұмалақ ойындарының көрсетілімімен қатар құсбегілік және тазы, төбет иттер көрмесі ұйымдастырылады. Алғаш рет командалық алаңдағы тоғызқұмалақ ойынының тұсаукесер рәсімі өткізіледі. – ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Астана қаласындағы облыс күндеріне орай шілденің 29-30 күндері ауыл шаруашылығы өнімдерінің  көрме-жәрмеңкесі өтетін болады.  Жалпы Астана қаласына Жамбыл облысынан 16,4 тонна азық-түлік өнімдерін жеткізу жоспарланған. Оның 3,4 мың тоннасы ауыл шаруашылығы көрме-жәрмеңкелері арқылы, шұжық пен сүт өнімдерін Астана нарығында тұрақты орналасқан жамбылдық тауар өндірушілердің ресми сауда өкілдері арқылы, ал, қалған 12,9 мың тонна өнім Астана қаласының сұранысына сәйкес қамтамасыз етіледі. Бұл бағытта маусым-қыркүйек айларында Астана қаласында алты рет Жамбыл облысының көрме-жәрмеңкелерін өткізу белгіленген.  Бүгінгі күні жоспарға сәйкес, 2017 жылдың 10-11 маусымы мен 1-2 шілдесінде Астана қаласындағы «Қазақстан» спорт кешені аймағында екі рет Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы көрме-жәрмеңкесі өткізілді. Онда жалпы құны 286,8 миллион теңгені құрайтын 353,4 тоннадан астам ауыл шаруашылығы тауарлары нарық бағасынан 10-20 пайызға төмен бағамен өткерілді. Мұндай ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі алдағы тамыз айының 19-20 және 26-27 күндерінде, сондай-ақ, қыркүйек айының 9-10 күндері өткізілетін болады, – деп қорытындылады ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов.

Ұқсас жаңалықтар