«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Астанаға ақ арманмен...

Астанаға ақ арманмен...
ашық дереккөз
Астанаға ақ арманмен...

халықаралық көрмені тамашалау үшін тараздық 115 оқушы Елордаға аттанды Елорда төрінде өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін көзбен көріп, думанды шараның куәгері атану – кез келгеннің арманы десек қателеспейміз. Әсіресе, арайлы Астананың ажарын арттыра түскен, төрткүл дүниенің назарын бұрған ауқымды көрме барысындағы кереметтерден шетелдік қонақтармен қатар, әрбір қазақстандықтың да құр қалғысы келмейтіні сөзсіз. Осыны ескерген Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің ұйымдастыруымен темір жол бекетінен қала мектептерінің 115 оқушысы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін тамашалау мақсатында Елордаға аттанды. Олардың дені аз қамтылған отбасынан шыққан болса, бірқатары үздік оқушы. Шілденің аптап ыстығына қарамастан ұл-қыздарын шығарып салуға жиналған ата-аналардың қарасы қалың болды. Олардың бойларынан ризашылық сезімді, ал балақайлардың бал-бұл жанған жүзінен қуаныштың лебі есіп тұрды. Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбәрак Жинақбаева балаларға сәт-сапар тіледі. – Бүгін қаладан барлығы 115 оқушыны Астанада өтіп жатқан көрмеге шығарып салғалы тұрмыз. Олармен бірге 8  жауапты адам барады. Балалар үш күн бойы көрмені, Астананың көркем жерлерін аралап, тынығатын болады. Бұл жоспарланған он топтың алғашқы легі. Тамыз айының аяғына дейін осындай оқушылардан құралған тағы да тоғыз лек ұйымдастырылып, бас қаламызға қыдырып қайтады деп күтілуде. Осылайша оқушылар жазғы демалысын есте қаларлықтай етіп өткізеді, – деді М.Қасымқызы. – Біз балаларымызға осындай қуаныш сыйлап отырған ұйымдастырушыларға, мектеп басшылығына алғысымызды білдіреміз. Жыл сайын балаларымызды жазғы лагерьге, түрлі іс-шараларға қатыстырып отырады. Мен өзім жалғызбасты ана болған соң өз қалтамнан қаржы шығарып немесе қызымды өзім жетектеп Астанаға қыдыртуға алып бара алмаймын. Осы жағынан жеңілдіктер жасап, балаларымызды бақытқа кенелтіп жатқанына өте ризамын. Қызым Әмина Еркінбекова Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясында алтыншы сынып оқиды. Ел көріп, жер көріп келетін болды деп қуанып отырмын, – дейді ата-ана Жанар Еркінбекова. Ал №8 мектеп-гимназияның оқушысы Еламан Боранқұл өзі оқитын білім ордасынан бара жатқан он төрт оқушының бірі. Ол сабағын үздік оқығаны және үлгілі тәртібі үшін осындай қуанышқа ие болып отыр екен. – Мен Астананы теледидардан көрген сайын барсам деп армандайтынмын. «Бәйтерекке», «Хан шатырға» шыққым келіп, оның ішін ойша елестетіп, суретін салып жүретінмін. Міне, сол бала арманым орындалатын күн келді. Онда өтіп жатқан  ЭКСПО-2017 көрмесі туралы  ұстаздарым мен ата-анамнан көп естідім. Енді соны көзбен көріп қайтамын. Келген соң алған әсерімді достарыма және іні-қарындастарыма айтып беремін. Алдағы уақытта да сабағымды жақсы оқуға тырысамын, – деді Еламан ағынан жарылып.

Ұқсас жаңалықтар