ЭКСПО-2017: Басқалар не дейді?
Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі әлем назарын аударғалы біраз болды. Дүбірлі шараны шетелдік басылымдар да жарыса жазып жатыр. Қазақстан дамуының қозғаушысы болар көрменің тыныс-тіршілігіне басқалардың мұқиятпен қарауы оның қаншалықты маңызды екенін айғақтайды.
Бизнес саласындағы ең үздік журнал «Форбс» ЭКСПО-2017 шарасына барудың 5 себебін атап көрсетеді. Соның біріншісі, халықаралық көрме тұңғыш рет «өзгеше» қалада өтпек деп түйіндейді мақала авторы. «Бұл – Орталық Азияда және пост-кеңестік елдерде өтетін тұңғыш халықаралық көрме. Тарихтан бұл мекеннің көшпенді халықтың мекені болып, Ұлы Жібек жолы бойында Еуропа мен Азияны жалғаған көпір атанғаны белгілі. ЭКСПО-2017 елдің тәуелсіздік алғалы әлемдік деңгейде имиджін қалыптастыратын тұңғыш шара», – делінген «Форбс» журналындағы мақалада.
Халықаралық көрмені көрудің екінші себебі – Астана қаласының өзі. Мақала авторы Елорданың таңғажайып ғимараттары мен сәніне таңдай қағады. Ал ЭКСПО-2017 барысында ашылған жаңа ғимараттар Астанаға келудің үшінші себебі ретінде көрсетіліпті. Сондай-ақ, «Форбс» журналы көрменің тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп аталуы да көруге тұрарлық екенін айтады. Бесінші себеп ретінде ЭКСПО-2017-де ұсынылатын жаңа, инновациялық технологиялар аталған.
«Telegraph» басылымы «Картадан таба алмайтын қала туристер ағылатын мекенге айнала ма?» деп сұрап, соған жауап іздейді.
«Еуропалық қалалар әдетте болмыс пен таңданысқа ден қояды, алайда көкке самғаған биік ғимараттар біздің стиліміз емес. Солтүстік Америкада Нью-Йорк, Торонто, Лос-Анджелес, Азияда Сингапур мен Гонконг бар, ал Еуропада ше? Көп емес. Әйтсе де, есікті ашайын деп тұрған біреуі тұр. Сондай-ақ, ол келешекте қызық іздеген туристер ағылатын мекенге айналуы мүмкін», – дейді британиялық басылым.
«Telegraph» газеті Астанаға барудың басты себептері ретінде Елорданың таңғажайып бірегей ғимараттарын атап көрсетеді. Сондай-ақ, жаңадан ашылған қонақ үйлер де туристер көңілінен шығу керек деп есептейді. Басылым оқырмандарына міндетті түрде ЭКСПО-ға барып, Астананы толықтай аралап шығуға кеңес береді. Олардың айтуынша, Астана – заманауи ғимараттар мен кеңес үкіметі заманынан қалған көне нысандарды бір араға топтастырған бірегей қала.
«Jerusalem Post» газеті талай жыл моңғол шапқыншылығы мен басқалардың кесірінен зиян шеккен ел ақыры өз арманына жетіп, Ұлы Жібек жолы бойындағы экономика, бизнес және инновациялық ортаға айналды деп есептейді.
«Қазақстан Республикасы басымдыққа ие әлемдік ойыншыға, яғни «бір жол – бір белдеу» орталығына айналу үшін барын салып жатыр. Көне дәуірде Қазақстанның оңтүстік аймағы Ұлы Жібек жолының бөлігі болып, Рим мен Қытай арасындағы тауар тасымалы мен мәдениет алмасуына пайдаланылған», – дейді израйльдік басылым.
«The Korea Herald» басылымы да ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің берері мол шара екеніне сенімді.
«Қонақтар Астанадағы халықаралық көрме орталығын аралап жүріп, қазақ павильоны «Нұрлы әлемді» көргенде, шар тәріздес нысанның кереметіне таңданысын жасыра алмайтыны анық. Биіктігі – 100 метр, диаметрі – 80 метрлік ғимарат орталық Азия мемлекетін болашақтың энергиясы – су, кинетикалық, био, жел, күн және ғарыш қуатын пайдалануын көрсетеді. 10 маусымда басталып, 10 қыркүйекке дейін созылатын ЭКСПО 2050 жылға таман Қазақстанның жартысы баламалы энергияға ауысуына септігін тигізеді» – делінген «The Korea Herald» мақаласында.
Ал әлемге танымал «The Economist» журналы Астана жаңа Ұлы Жібек жолының орталығы болады деп есептейді екен.
«Қазақстан екі мағынасында да орталыққа айналды. Географиялық тұрғыдан Ресей мен Қытайдың және Таяу Шығыс арасында орналасқан және сауда-саттық жолында жатыр. Қазақстан тәуелсіздігін алғанда оның өміршеңдігіне сенгендер аз болды, алайда олар басқа Орталық Азия елдеріне қарағанда сәтті қадамдарға барды», – дейді «The Economist».
Журнал ЭКСПО көрмесі аяқталғаннан кейін оның орнындағы ғимараттар Астана халықаралық қаржы орталығына айналатынын айтады. Әйтсе де, шетелдік инвесторларға сенімділік туғызу мақсатында жұмыс істеу керек екенін де ескерте кетіпті.
Елдің абыройы сынға түсетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының назарында. Бір қуантарлығы, шетелдік медиа өкілдерінің көпшілігі Астанадағы көрме туралы жағымды пікірде. Мұның бәрі, еліміздің дұрыс даму жолында екенін айғақтайды.
Абай Отар, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді