Отанды сүймек иманнан
Мүшәйра мәресіне жетті
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында туған жер, салт-дәстүр сабақтастығы кең қамтылған. Бабалар аманатына адалдық, ел бірлігін, татулығын, ынтымағын бағалау халқымыздың басты мақсаты болса керек. Бұл тұрғыда дәстүрлі дініміздің де орны бөлек.
Биылғы Рамазан айының қарсаңында облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті мен Жамбыл атындағы Руханият орталығы бірлесіп, облыстық «Ақ жол» газетінің ақпараттық қолдауымен «Отанды сүймек иманнан» атты облыстық жыр мүшәйрасын жариялаған болатын. Отыз күн оразада аталған бәйгеге отызға жуық ақын дәстүрлі дінді құрметтеу, салт-дәстүрді дәріптеуге арналған өлеңдерін ұсыныпты.
Кеше облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде аталған мүшәйра қорытындыланып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтті. Жиынды Руханият орталығының жетекшісі Ахметжан Өзбеков ашып, бұл жыр бәйгесінің аясы кең болғанына, талай жақсы өлеңдердің жазылғанына тоқталса, облыстың бас имамы Данияр Жұмабаев ақындардың рухани құндылықтарды, дәстүрлі дінді көркемдікпен жырлағанына, мұның өзі оразада жұртшылықты жақсы қасиеттерге шақыруда маңызы зор екенін айтты. Қазылар алқасының мүшесі, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы мүшәйраны мешітпен бірлесіп өткізу үрдісі алғаш қолға алынып отырғанын, имандылық, кешірім, адамгершілік ұғымдарының қасиетті екеніне тоқталды. Қазылар алқасының мүшесі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов мүшәйраға түскен жақсы өлеңдерге тоқталып, бұл үрдіс жалғасын тапса деген тілегін жеткізді.
Мүшәйраның бас жүлдесін тараздық Хамит Есаман (80 мың теңге) иеленді. Бірінші жүлдеге (60 мың теңге) таластық Үміт Битенова лайық деп танылса, екінші жүлде (40 мың теңге) жамбылдық Серік Қалиевке берілді. Қос үшінші орынды тараздық Ералы Әбілазов пен осы жолдардың авторы (30 мың теңгеден) бөлісті. Әріптесіміз Баймаханбет Ахмет, байзақтық Алтай Сағындықов, жас ақын Нұрболат Сатымқұлов (10 мың теңгеден) ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Жыр бәйгесіне қатысқан барлық ақындарға ізет көрсетіліп, сыйлықтар берілді.
Есет досалы,
«Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Енді шақыртуға барған әр дәрігерде видео, аудио тіркегіш болады
- 2 желтоқсан, 2025
«Ауыл аманаты» жобасының арқасында мал басы көбейді
- 2 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




