«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Халық қалаулылары халықпен бірге

Халық қалаулылары халықпен бірге
ашық дереккөз
Халық қалаулылары халықпен бірге

өйткені Жүктелген міндет жауапкершілікті талап етеді

Президент Жарлығымен бекітілген мәслихаттардың үлгілік регламентінде көрсетілгендей, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов мәслихаттың кезекті ХІІ сессиясында атқарылған жұмыс, депутаттардың сауалдары мен депутаттық өтініштердің қаралу барысы, сайлаушылардың өтініштері және олар бойынша қабылданған шаралар туралы есеп берді. Өз баяндамасында мәслихаттың жергілікті өзін-өзі басқарудың өзге де органдарымен өзара іс-қимылына айрықша тоқталған Бағлан Жиенәліұлы депутаттарды жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқаруға шақырды. Т.Рысқұлов ауданынан сайланған депутат Қайрат Терлікбаевтың төрағалығымен өткен кезекті сессияға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен орынбасарлары, аудан және басқарма басшылары қатысты. Жалпы жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің осындай жиындарда түйткілді мәселелердің шешімін бірлесе іздеуінің өзі облыстық мәслихат хатшысы атап өткендей, мәслихаттармен өзара іс-қимылының айқын көрінісі екенін атап өту керек. Алтыншы шақырылым депутаттарының 2016 жылдың наурыз айынан бері облыстық мәслихаттың ХІ сессиясында бас қосып, барлығы 9 негізгі мәселені қарап, 200-ден аса шешімдер қабылдауы – соның айғағы. Оның 4-еуі кезектен тыс шақырылса, 17 шешім әділет департаментінде тіркеуден өткен. – Сессияның барлығы дерлік облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қатысуымен өтті. Онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелері қаралды. Олардың ішінде, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру, орман және су ресурстарын пайдалану заңнамаларының орындалу барысы секілді жоспарланған мәселелер қарастырылды. Өңірдің 2017-2019 жылдарға арналған бюджеті қабылданды және көптеген қағидалар мен ережелер және облыс әкімдігі жанындағы комиссиялар мен кеңестердің құрамы бекітілді. Өткен жылы бюджеттің кіріс және шығыс бөлігінің ағымдағы өзгеруіне байланысты мәселелер сессияларда 2 мәрте қаралып, түзетулер енгізілді. Президент Жарлығына сәйкес облыс әкімінің есебі тыңдалды. Бұл аймақтағы проблемалық мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстың тиімділігін жан-жақты талдаудың механизмін арттыруға, өз әрекеттеріміздің Елбасымыз белгілеген міндеттер мен бағыттарға сай екенін салыстыруға мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн, – дей келе Бағлан Қарашолақов сессияларда қаралатын мәселелер бойынша ұдайы өз ой-пікірлерін ортаға салып, жоғары белсенділік танытатын Г.Нұрымова, А.Майлыбаев, Д.Қожамжарова, М. Берік, Б. Сауранбаев, Т. Халық, Г.Тлеубердиева, Д. Есімбеков, А. Нұржанов, М.Төлепберген, М. Ескендіров, Б. Алдашов, М.Сәрсенов, Х. Базаралиев сынды депутаттардың есімдерін ерекше атап өтті.

Дерекке сүйенсек, есепті мерзімде халық қалаулыларының сессияларға қатысуының орташа көрсеткіші 89,8 пайызды құраған. Олар осы жиындарда 38 рет жарыс сөзге шығып, жылдан-жылға депутаттық сауал құқығын пайдалануда белсенділік танытқан. Сессияларда қабылданған шешімдердің орындалуы үнемі мәслихаттың тұрақты комиссияларында талқыланатыны белгілі. Бүгінгі күнге дейін облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының 18 отырысы өткізіліп, 30-дан аса мәселе қаралыпты.

Халық қалаулылары өз сайлаушы-ларымен тығыз байланыс орнатқан. Өткен жылы депутаттар тұрғындармен 57 кездесу өткізіпті. Осы басқосуларда коммуналдық қызметтердің тарифтарының көтерілуі, жолдар сапасы, сумен қамтамасыз ету, газбен жабдықтау, тұрғын үй мәселелері, жұмысқа орналастыру, мектепке дейінгі тәрбиенің сапасын арттыру, тамақ өнімдерінің бағасын қалыптастыру, медициналық қызметті жақсарту, мал азығын дайындау, студенттердің жол ақысына жеңілдік жасауға ықпал ету және басқа да бірқатар мәселелер көтеріліпті. Дегенмен, сайлау кезінде ғана белсенділік танытып, сайлаушылардың өздеріне артқан сенімін ақтамай отырғандар да жоқ емес. Жиында облыстық мәслихаттың хатшысы осыны атап өтті. Бағлан Қарашолақовтың сөзіне сүйенсек, 2016 жылы облыстық мәслихат аппаратына әртүрлі мекемелерден, ұйымдар мен кәсіпорындардан, құқық қорғау органдарынан Жамбыл облысының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы 64 ұсыныс келіп түскен екен. Аталған ұсыныстар Марапаттау комиссиясының қарауына жолданып, біршамасы қанағаттандырылыпты. Нәтижесінде облыстық мәслихат хатшысының 114 азаматқа қатысты «Жамбыл облысының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы» 61 өкімі рәсімделген. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырған. Сондай-ақ, былтыр тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай облыстық мәслихаттың шешімдерімен 16 азаматқа «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағы берілген. Облыстық мәслихаттың хатшысы өз сөзінде үкіметтік емес ұйымдар және қоғамдық кеңестермен бірлесе жүргізілген жұмыстарға да тоқталып өтті. Депутаттарды Елбасының белгілеп берген міндеттерді билік органдарымен бірлесе отырып шешуге, облыстың экономикалық, әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосуға шақырды. Депутат Тұрсынбай Халық атқарылған шаруаларды оң бағалап, аудандардағы шаруа қожалықтарының тиімді тәжірибесін басқаларға таратуды қолға алуды, облыстың Құрметті азаматы төсбелгісін құнды металдан жасау туралы ұсыныс айтты. Сессияда сондай-ақ, 2016 жылғы өңір бюджетінің қалай игерілгені туралы облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Батырхан Әкектің есебі тыңдалды. Мәліметке сүйенсек, бюджеттің кірістері 2016 жылы 200 миллиард 295,1 миллион теңге сомасында немесе 100,4 пайызға қамтамасыз етіліп, бюджетке 736,2 миллион теңге артық түскен. Өткен жылмен салыстырғанда, кірістер 24 миллиард 950,1 миллион теңгеге артқан. Жалпы кірістердің 10,3 пайызын меншікті кірістер, 36,6 пайызын республикалық бюджеттен берілген ағымдағы нысаналы трансферттер, 6,1 пайызын нысаналы даму трансферттері мен 46,9 пайызын республикалық бюджеттен алынған субвенциялар құраған. – Облыстық бюджеттің меншікті кірістерінің жоспары 20 миллиард 559,7 миллион теңгеге немесе 103,7 пайызға орындалып, 2015 жылмен салыстырғанда 2 миллиард 399,4 миллион теңгеге немесе 13,2 пайызға артқан. Есепті жылда облыстық бюджетке 179 миллиард 735,5 миллион теңге сомасында, оның ішінде республикалық бюджеттен 94 миллиард 8,0 миллион теңге сомасында субвенция, 73 миллиард 337,7 миллион теңге сомасында ағымдағы нысаналы трансферттер және 12 миллиард 220,4 миллион теңге сомасында нысаналы даму трансферттері алынды. Бюджеттік кредиттерді өтеу бойынша жасалған кредиттік келісімдерге сәйкес 828,2 миллион теңге толығымен бюджетке қайтарылды. Есепті жылда қарыздардың түсімі 11 миллиард 63,9 миллион теңгені құрады, оның ішінде: республикалық бюджеттен берілетін кредиттер есебінен – 8 миллиард 63,9 миллион теңге және облыстың жергiлiктi атқарушы органының мемлекеттiк бағалы қағаздары есебінен 3,0 миллиард теңге сомасында түсімдер түсті, – деді Батырхан Базарбайұлы. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, былтыр облыстық бюджет шығындары 198 миллиард 940,7 миллион теңгеге жоспарланса, іс жүзінде 100 пайызға орындалған. Бюджеттік қаражаттарды игеру бойынша 13 бюджеттік бағдарлама әкімшілері 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткізіпті. Атап айтсақ, олар – облыс бойынша төтенше жағдайлар департаменті, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылық, қаржы, білім, ішкі саясат, тілдерді дамыту, сәулет және қала құрылысы, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, ветеринария, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы, жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармалары. Осы және басқа да бюджеттік шығындардың қайда, қалай жұмсалғанын егжей-тегжейлі мәлімдеген басқарма басшысының орынбасары Батырхан Әкек депутаттар қойған сауалдарға жауап берді. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша қосымша баяндама жасаған депутат Махамбет Дүйсембаев бюджет қаражаттарын игеру бойынша облысымыз соңғы жылдарда ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отырғанын, есепті жылда облыстық бюджет қаражаттарын игеру бойынша 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткізілгенін айта келе облыс әкімдігі мен бюджет процесіндегі қатысушылардың жұмыстарына жоғары баға берді. Дегенмен, есепті кезеңдегі бюджет қаражаттарын пайдалану барысында кеткен кемшіліктер де жоқ емес екен. Осыған тоқталған халық қалаулысы қаражаттарды уақтылы әрі тиімді пайдаланумен қатар, бюджеттік мекемелер бойынша кредиторлық және дебиторлық берешектерді болдырмау мәселелеріне аса мән беру қажеттігін ескертті. Сессияның күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының» шеңберінде аймақтағы моноқалалар мен елді мекендерді инфрақұрылымдық кешенін жаңғырту бағытында атқарылып жатқан іс-шараларға кеңінен тоқталды. – Облыста «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында бірнеше бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, 2012-2015 жылдары облыстағы екі моноқалаға 5,9 миллиард теңге бюджет қаражаты бөлінді. Қаратау мен Жаңатастағы балалар алаңы, саябақтар мен скверлер, көшелер абаттандырылды. 1,1 миллиард теңге қаржы қарастырылып, көп жылдан бері шағын қалалардың көркін бұзып келген апатты жағдайдағы 150 көп қабатты тұрғын үйлер толық бұзылды. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты 2011-2020 жылдарға жаңғырту бағдарламасы» аясында республикалық бюджеттен 228,0 миллион теңге бөлініп, моноқалалардағы 26 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы үйлерді және қалалардағы жылу мәселелерін шешу мақсатында орталық қазандықты және ішкі кварталдық жылу желілерін қайта жаңғырту үшін 4 инвестициялық жоба іске асырылып, 3 қазандық және 14,9 шақырым жылу желілері пайдалануға берілді. Дегенмен, моноқалаларда тазарту имараттарын қайта жаңғырту мәселесі шешімін таппай келеді. Бұл бағыттағы жұмыс тек жобалау жұмыстарымен шектеліп отыр, – дей келе Ғалымжан Райылұлы осы түйткілді жайттың мән-жайын кеңінен түсіндірді. Облыс әкімінің орынбасары қос қаладағы өндіріс орындарындағы «зәкірлі жобаларға» тоқталып, жаңадан ашылған жұмыс орындары және компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігі туралы кеңінен баяндады. Соңғы жылдарда Жаңатас пен Қаратауда өндіріс ісі өркендей бастағаны, бұл осы екі шағын қаланың тіршілігінің қайта жандануына түрткі болғаны мәлім. Мәселен, «ЕвроХим-Удобрение» және «ЕвроХим-Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өңіріміздің әлеуметтік саласын дамытуға инвестиция салып, 2012 жылдан бері жоспарланған 40 миллионның 18 миллион АҚШ долларын жұмсаған. Бұл қаражат Сарысу және Талас аудандарындағы тұрғын үй ғимараттарын, балабақшаларды, мектептерді, денсаулық сақтау нысандарын, жасөспірімдерге арналған спорт залының және басқа да әлеуметтік маңызды нысандарды жөндеуге бағытталды. Ғалымжан Райылұлы берген мәліметке сүйенсек, өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 2012 жылдан бері ауылдық елді мекендерде өзін-өзі басқаруды қаржылай қолдау бағыты бойынша іс-шаралар қолға алынған екен. Осы бағытта 2012 жылы 83 миллион теңгеге 32 ауылдық мекенде 48 жоба жүзеге асырылса, кейінгі жылдары осы мақсатқа 600 миллион теңгеден астам қаржы жыл сайын бөлініп отырыпты. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 2,4 миллиард теңгеге 1286 жоба жүргізілген. Нәтижесінде өңірдегі ауылдық елді мекендер толықтай қамтамасыз етіліп, абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, әлеуметтік сала нысандарын және жолдарды ағымдағы жөндеу, елді мекендерді күл-қоқыстан тазарту және басқа да жұмыстар атқарылған. 2012-2014 жылдары аралығында қалалардың инженерлік инфрақұры-лымын дамыту басымдығы аясында 3,2 миллиард теңгеге 11 жоба іске асырылыпты. Бұл жобалар негізінен Тараз қаласында, Меркі, Жамбыл және Т. Рысқұлов аудандарында жүргізілген. 2015 жылдан бері бұл жұмыстар «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында іске асырыла бастапты. Ал ауыл тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз етуге 2012-2016 жылдары барлығы 7,2 миллиард теңге бөлініпті. Қазір 46 елді мекенде әрбір үйдің ауласында таза су ағып тұр. Осы мәселе бойынша халық қалаулылары жарыссөзге шығып, өз ойларын ортаға салды. «Облысымыздағы моноқалалардың тиімді жоспарларын жүзеге асыру үшін жергілікті жеке кәсіпкерлерге қолдау көрсетілсе», – дейді депутат Ерболат Саурықов. Себебі сырттан келген инвесторларға қарағанда жергілікті тұрғындардың өз қалаларының өркендеуіне мүдделі болатынын айтады. Ал Мұратқали Сәрсенов моноқалаларды дамыту бойынша бес ұсыныс айтты. Иә, еліміздің моноқалаларының өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым салаларының өркендеуі – Қазақстанның экономикалық даму деңгейінің айқын дәлелі болмақ. Осы тұрғыдан алғанда депутаттардың көтерген мәселелері орынды екенін атап өтті облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев. Жиында облыстық тексеру комиссиясының мүшелерін «А» корпусынан «Б» корпусына ауыстыру туралы шешім қабылданып, аталған комиссияның төрағасы тағайындалды. Облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов бұл қызметке Т.Рысқұлов ауданының әкімі Жарылқасын Айтақовты ұсынған, депутаттар бірауыздан қолдау білдірді. Жалпы, кезекті ХІІ сессияда барлығы 27 мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Ұқсас жаңалықтар