Ауыртпалықты жеңіп, бес қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді
Ұлы Отан соғысы басталған жылы өмірге келген Амангелдінің пешенесіне туылғанынан қос аяғы бірдей жүріп-тұруға бейімсіз болуына байланысты, тек балдақпен жүру жазылған екен. Әкесі Жайлаубай тұңғыш баласын дертінен жазылып кетер деген үмітпен дәрігерлер мен емші-балгерлерге бірнеше рет көрсетті.
Алайда, ешқандай оң нәтиже болмады. Он екі мүшесі сау құрдастарымен Ақыртөбе орта мектебінде онжылдықты аяқтап, әкесінің қарамағында шопан көмекшісі болып еңбек етті. Мектеп қабырғасында ол оқу озаты-етін. Республикалық «Қазақстан пионері» газетінде өлең-жырлары жарияланып тұрды. Өз таңдауымен С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөліміне оқуға қабылданып, диплом алды. Кезінде ол шаруашылықтың бір саласындағы ақсап тұрған кемшілік жайттарды аудандық басылымға жария етіп жіберген-ді. Алайда, басқарма төрағасына материал ұнамай, ұжымның озат шопаны – әкесі Жайлаубайға «ана журналист балаң менің жұмысыма араласпайтын болсын, әйтпесе, жекеменшігіңе берілген тұрғын үйді басқа малшыға бергізіп, жыл соңында алатын қосымша еңбекақы өтемдеріңді бергізбеймін», – деп қоқан-лоққы көрсеткен екен. Журналистердің күнделікті жұмыс уақыты көбінесе іссапарда, өндіріс орындарында және жеке тұлғалармен кездесуде болатыны белгілі. Сондықтан ол мамандығын, бір жағынан денсаулығына байланысты басқа салаға ауыстыруына тура келді. Өндірістен қол үзбей жүріп бухгалтер мамандығын алды да, ауданымыздағы табысы мол іргелі шаруашылықтың бірі – Жамбыл атындағы ұжымшардың есебіндегі 70 автокөлігі бар автогаражына диспетчер болып орналасты. Осы салада зейнет жасына шыққанға дейін еңбек етіп, қосымша басқарма аппараты цехтық партия ұйымының хатшысы және іс-қағаздарын тіркеуші болып қызмет етті. Шаруашылықтың тыныс-тіршілігі мен экономикасының көтерілуіне өз үлесін қосты. Тапсырылған жұмыстарды жауапкершілікпен атқарғаны үшін бірнеше рет Алғыс хат, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Мемлекет тарапынан көмек-қолдаудың нәтижесінде екі рет арнайы қолмен басқарылатын «Запорожец» жеңіл автокөлігін алды. Жұбайы Марапатпен бес қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірген отбасының отағасы. Тағдырдың жазуы солай шығар, 2012 жылы ұзаққа созылған дерттен 45 жыл бойы тату-тәтті бірге өмірлері жарасқан жұбайы бақилық болып кетті. Басына түскен тағдыр тауқыметіне жігерін жасытпай, тізесін бүктірмей, өмірге деген асқан құштарлығының арқасында, жансызданған аяқтарына дес бермей дені сау адамдармен бірдей жұмыс істеп, ерлердің зейнетақы тағайындалатын жасына дейін еңбек өтілдерін толықтырғаны не деген төзімділік. Жетпіс жасты еңсерген ол ауыл-аймақ, ағайын-туысқа қадірлі, болмысы ерекше азамат Амангелді Досболов бұл күнде өзінің туып-өскен Тереңөзегінде. Киелі қара шаңырағына ие болып отырған ұлы Алтайдың қолында бейнетінің зейнетін көріп отырған ауылының сыйлы ақсақалы.
Тереңөзек ауылы, Тұрар Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді