«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Атқарылған жұмыстар бар, бірақ насихаты кемшін

Атқарылған жұмыстар бар, бірақ насихаты кемшін
ашық дереккөз
Атқарылған жұмыстар бар, бірақ насихаты кемшін
Облыс басшысы К.Көкірекбаевтың қатысуымен облыс әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі Кеңес өтті. Өңір басшысы жиынды жағымды жаңалықпен бастады. Жақында «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық байқауына алты номинация бойынша облысымыздан 11 мемлекеттік қызметкер қатысып, Жуалы ауданы Көлбастау ауылдық округі әкімдігінің қызметкері Мұстафа Бектұрғанов «Мемлекеттік органдардың қызметін құқықтық және кадрлық қамтамасыз ету» номинациясы бойынша дара шыққан. Жас маман Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қабылдауында болып, «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталыпты. «Бұл жетістік облысымыздағы мемлекеттік жас қызметкерлерге үлгі болуы тиіс», – деген жастар ісі жөніндегі Кеңес төрағасы К.Көкірекбаев М.Бектұрғановты аталған марапатымен құттықтады. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – облыста жастар саясатының іске асырылу барысы туралы облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен баяндады. Оның айтуынша, өңірде мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыру көлемі жыл санап артып келеді екен. Ағымдағы жылы бұл мақсатқа жалпы 571,5 миллион теңге қаржы қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 34,6 пайызға артық. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жастар саясатын жүзеге асыруға 60 миллион теңгеге 19 бағытта әлеуметтік маңызы бар жобалар қаржыландырылған. Бірақ өткен жылмен салыстырғанда Тараз қаласы мен аудандарда әлеуметтік жобаларды қаржыландыру көлемі үш есеге азайыпты. Мәселен, өткен жылы 46 бағытты жұмыс үшін 40,7 миллион теңге бөлінсе, биыл 25 бағытта жұмыстар жүргізуге 13,4 миллион теңге бөлінген. Жалпы, жыл басынан бері басқарма тарапынан жастардың әлеуметтік мәселелеріне байланысты және қоғамдағы түрлі салаларды қамтыған 100-ден астам шара өткізілген. Жастарды жұмыспен қамту – мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта ағымдағы жылы республикалық трансферт есебінен Тараз қаласы мен аудандарда «Жасыл Ел» еңбек жасағындағы 1500 жасты уақытша еңбекпен қамтуға 72,7 миллион теңге қаржы қаралған. Жоғары және арнаулы оқу орындарындағы 150 студент құрылыс нысандарында жұмыс атқаруда. Одан бөлек, жұмыссыз жастарды еңбекпен қамту мақсатында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов бекіткен арнайы іс-шаралар жоспарына сай, жергілікті жерлердегі құрылыс, күрделі жөндеу жұмыстарына 208 адам еңбекке тартылған. Облыс әкімі К.Көкірекбаев басқарма басшысы М.Мәтенге атқарылып жатқан жұмыстар мен жетістіктердің республикалық интернет порталдарда жариялануы кемшіндеу екендігін, ақпараттың аздығын ескертіп, пиар жағын да қолға алуды және өзге облыстардың жұмысымен де танысу керектігін айтты. Одан кейін, облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Г.Қайнарбеков облыс жастары арасында спорттың дамуы және бұқаралық спортқа жастарды тарту бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. «Спортты жанына серік етем деген жастар мен жасөспірімдер үшін облыста толықтай мүмкіндіктер бар. Басқарма алдағы уақытта басқа да құрылымдармен бірлесе отырып, жастар арасында спортты барынша дамыту үшін өз жұмысын жоспарлы әрі мақсатты түрде жүргізетін болады», – деген Г.Қайнарбековке өңір жетекшісі облыста 63 орта мектептің спорт залы жоқ екендігін айтып, оларды назардан тыс қалдырмауды, ендігі жылға бюджетті нақтылау кезінде барлығын болмаса да бірқатарын жоспарға енгізу жағын қарастыруды тапсырды. Байзақ ауданының әкімі Р. Рахманбердиев аудандағы мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы аясында жазғы демалыспен қамту, мектеп түлектерінің оқу орындарына түсуі, Жастар ресурстық орталығының жұмысы, «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» бағдарламаларының орындалуы, жастар арасында жұмыссыздықтың алдын алу, кәсіпкерлікпен айналысуын қолдау, қылмыстың алдын алу, бұқаралық спортқа баулу мақсатындағы жұмыстар туралы мәліметтерді ортаға салды. «Тараз қаласы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүкенбай Ермеков облыс жастарының азаматтық және патриоттық сезімдерін дамыту бағытындағы шаралар туралы баяндады. Кеңес отырысының соңында облыс басшысы әр аудан бойынша жастар саясатын жүзеге асыруда кемшіліктер бар екендігін ескертіп, жастар саясаты бойынша әлі көптеген жұмыстар атқарылуы тиістігін айтты.

Шынар Сағиева, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар