Жеңілдігі барлар қоғамдық көліктерде тегін жүреді
Тараз қаласында 13 тасымалдаушы мекеме 45 бағыт бойынша жолаушылар тасымалдаумен айналысады. Осы бағыттарда күнделікті 527 автобус пен шағын автобус жолаушыларға қызмет көрсетеді. Қалалық қоғамдық көліктерде жол жүру тарифі 2011 жылдың шілде айында 30-40 теңгеден 45-55 теңгеге көтерілгенде Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын-жай коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлері түсінік жұмыстарын жан-жақты жүргізуінің нәтижесінде дүрліккен жолаушылар райынан қайтқаны есімізде.
Арада үш жылға жуық уақыт өткенде тасымалдаушы мекемелер тағы шу шығарды. Өздерінің хаттамалық шешімімен бірқатар санаттағы тұлғаларға қалалық қоғамдық көліктердің таксиден басқа барлық түрінде жол жүруде жеңілдіктер қарастырылған тұлғалардан жолақы талап етті. Айқай-шу бірер күнге созылды. Мәселеге қалалық әкімдік араласты. Қош, сонымен жеңілдік қарастырылған 10 cанаттағы тұлғалар қайтадан қоғамдық көліктерде тегін жүретін болды. Осыдан бір айдай бұрын қала бағыттарындағы қоғамдық көліктерде жолақысын қымбаттатамыз деп дүрліккен тасымалдаушы мекемелердің басшыларын да Тараз қаласы мен облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшылығы райынан қайтарып еді. Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын-жай коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен алған мәліметке қарағанда, мынадай санаттағы азаматтар қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері, Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері, Ауған соғысында және Чернобыль атом электр стансасы апатының салдарын жоюға қатысып, қаза болғандардың жесірлері, бірінші топтағы мүгедектер, екінші топтағы зағип мүгедектер, Жамбыл облысы мен Тараз қаласының Құрметті азаматтары, облыстық және Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, ақсақалдар алқасының мүшелері, қалалық жолаушылар бағыттарында 25 жыл және одан да көп жыл жұмыс атқарып, зейнетке шыққан ардагер жүргізушілер. Ардақты аналар (алтын, күміс алқа, батыр ана, бірінші және екінші санаттағы Даңқты аналар). Осындай жеңілдік қарастырылғандар саны қалада 2820 адам. Сонымен қатар, 5000 оқушыға ай сайын жол жүру билеті дайындалып, 600 теңгеден өткеріледі. Ол қаржы тасымалдаушы мекемелерге бөлініп, берілетін көрінеді. Қала ішінде жолаушылар тасымалдаумен айналысатын мекемелер алдағы уақытта жолақысын қымбаттатып, жеңілдік қарастырылған азаматтардан тағы да жолақы талап ете ме, енді оны уақыт көрсетеді.
Амангелді Әбіл,
"Ақ жол".
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді