«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жат ағымға ерме, жарға жығады

Жат ағымға ерме,   жарға жығады
ашық дереккөз
Жат ағымға ерме, жарға жығады

Еліне адал қызмет етіп, оны қорғауды мақсат ету, өз Отаны мен атамекеніне сүйіспеншілікпен қарау сезімі «патриотизм» ұғымымен анықталады. Міне, жастарды осындай шынайы патриоттық сезімге тәрбиелеу ісі қоғам үшін маңызды мәселелер қатарында. Әрбір елдің болашағының жарқын болуы оның азаматтарының білімділігімен қатар, олардың отансүйгіштік сезімдеріне байланысты. Өз елінің, ұлтының патриоты болған азамат қана елінің тағдырына жанашырлықпен қарап, оған адал қызмет етуді өзінің борышы деп санайды. Қазақ халқы қашанда «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген даналық сөзді тәрбиенің негізі ұстанымдарының бірі ретінде ала отырып, әр баланы Отанды қорғау жолында барлық қиындықтарға төзе білуге баулып тәрбиелейді.Дегенмен, соңғы жылдары елімізде Отан деген ұлы ұғымның қадір-қасиетінің парқына бармастан, оны қорғамақ түгілі, халықтың өзіне тән құндылықтары мен ұлттық болмысынан айырып, елдің тұтастығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін теріс пиғылды ағымдардың әрекет жүргізіп отырғандығын байқаудамыз. Ниеті теріс мұндай ағымдардың негізгі мақсаты – ел халқының арасына іріткі салып, алауыздық тудырып, территориялық тұтастығымызға қол сұғу ғана. Мәселен, кейбір дәстүрлі емес ағымдар елдігіміздің символикалық белгілері болып табылатын мемлекеттік рәміздерді құрметтемейді, сайлауда дауыс беруге қатыспайды, мемлекеттік мерекелерді тойламайды. Яғни, олардың бойында отансүйгіштік, патриоттық сезім ада екенін байқауға болады. Адамды өз отбасынан, одан ары Отанынан безінуге жетелейтін ислам атын жамылған діни ағымдардың да еліміздің аумағында жүргізіп отырған әрекеттерін жасыра алмаймыз. Олар санасы әлі қалыптасып үлгермеген өскелең ұрпаққа шетін көзқарастарын сіңіру арқылы оларды жерінен, елінен айыруды көздейді. Қалыптасқан ұлттық құндылығынан алыстаған бала өзіндік ойлау қабілетінен айырылып, күйзеліске ұшырайды, одан соң қоғамнан оқшауланып, өз елін тастап кетуге дейін барады. Жалған жиһадтың соңында, «таза исламды» аңсап, «жұмаққа» баруды көздеп, туған жерін оп-оңай тастап кетушілер де осындай теріс пиғылды ағымдардың қатарын толықтырушылар еді. Өткен жылдары елімізден жиһадтың жетегіне еріп, Таяу Шығыстағы соғыс алаңына аттанған азаматтардың саны төрт жүзді құраған болатын. Осындай біржақты идеологияның ықпалына түскен діни сауатсыз жастар өз еліне қарсы көзқарасты ұстанып, «нағыз ислам» мемлекетінде тұруды көздеп, елден кетуге шешім қабылдайды. Алайда, отбасын тастап, туған жерден безетіндей ешқандай жағдай туындап отырмағаны белгілі. Дінді ұстануға да, діннің насихатталуына да елде барлық жағдай жасалған дей аламыз. Бұл жағдайларды бағаламай шекара асып жатқандар – жалған жарнамаға елітіп, жаңылған, сауатсыз жандар. Ал оларды жылы ұясынан бездіруге үндеп отырғандар халықтың арасына іріткі салып, мемлекеттің тыныштығы мен ынтымағын бұзуды көздеушілер, елді бөлшектеп, жерімізге көз сүзушілер. Отан қорғаудың маңыздылығын көрсететін мынадай тағылымды хадис те бар: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі күнәсіне өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі Отанды қорғап шекара күзеткен көз». Осының өзі басқа жерді өзінің туған жерінен артық санап, «жұмақ өмірді» аңсап, Отанынан безінудің қисынсыздығын көрсетуге жетерліктей. Қорыта айтқанда, жат ниетті ағымдардың негізгі мақсаттары елдің қамын ойлап, жастарға тура жолды көрсету емес, керісінше мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне зиян тигізу екені айдан анық. Сол мақсатта, яғни елді тоқырату жолында олар жастарды көптеп пайдаланатындығы белгілі. Сондықтан да жастарды әртүрлі жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтандыру үшін оларды жастайынан өзінің асыл дінін, төл тарихын, ұлттық құндылықтарын бойына сіңіріп өсуіне баса мән беру өте маңызды. Өскелең ұрпақты ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұстанып келген имандылық жолына, туған жері мен салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін берік ұстануға тәрбиелеу арқылы елдің тұтастығы мен ынтымағына қол сұғуды көздеген теріс пиғылды ағымдардың ықпалынан сақтандыруға күш салғанымыз жөн. Оларды отансүйгіштікке, патриоттыққа, адамгершілік қасиеттерге баулып, жалған құндылықтардан аулақ болуға тәрбиелеуіміз қажет.

Жанар Теңлібаева, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының жетекші ғылыми қызметкері.

Ұқсас жаңалықтар