Онда ауыл тұрғындары жыр додасын қызықтап, әншілердің әуезді үнін тұшына тыңдады
Арқалы ақын Маралтайды өмірге әкелген әкесі Райымбек Ыбырайұлының туғанына 100 жыл толуына арналған еске алу мәдени іс-шарасы Саудакент ауылындағы Ә. Әбдіхалықұлы атындағы Мәдениет үйінде өтті. «Коммунар» совхозында шопан болып еңбек еткен Райымбек қарияның көзін көрген, тәлім-тәрбиесін алған алдыңғы толқынның қатары болса да сиреген. Бірақ, әруақты ардақтап, тағзым етуде жас ұрпаққа өнегенің үлкенін көрсете білетін және ән-жыр десе ішкен асын жерге қоятын сарысулықтар мен еліміздің әр қиырынан келген өнер тарландары мен белгілі ақын-жазушылардан 500 орындық мәдениет ошағында ине шаншар орын болған жоқ. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков пен қазақ кино өнерінің жұлдызы Асанәлі Әшімұлы ұрпақтар сабақтастығын жарасымды жалғайтын мұндай шараның жас желкен үшін тәрбиелік мәнін, әке рухын асқақтатып жатқан Маралтай ақынның перзенттік борышын өтеудегі азаматтық қырын тебірене әңгімеледі. Қазақтың дәстүрлі әндерін орындаудың хас шебері, күміс көмей әнші Сәуле Жанпейісова орындаған әуезді әндер маусымның мамыражай күнінде Саудакент аспанында қалықтап тұрып қалғандай… Еске алу шарасын филология ғылымының кандидаты әрі жыршы Берік Жүсіпов жүргізіп, Асанәлі Әшімұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, Қазақстан Жазушылар одағының кеңесшісі, белгілі жазушы Берік Шаханов, қаламгер Несіпбек Дәутайұлы, танымал тележүргізуші Иманғали Нұрғалиұлы және жерлес жазушы-журналистер «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры Мейрамбек Төлепберген мен облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы келіп қатысты. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, бала Маралтайдың өлеңін «Ақ жолға» алғаш жариялап, поэзия әлеміне тұсауын кесіп, ақжол тілеген өнер жолындағы ағасы, осы қонақтардың бірі – Көсемәлі Сәттібайұлы екенін айта кетсек артық емес. Ас болған жерде ақындар шығады айтысқа. Райымбек аталарының рухын аспандатып, киелі Сарысу жұртын жырға қосамыз деп облыстың сегіз ақыны арнайы сайланып келіпті. Республикалық айтыстарда талай рет олжа салған қордайлық Күміскүл Сәрсембаева мен байзақтық Алтынкүл Қасымбекова қарсыластарын ұтымды сөздерімен, әдемі әзілдерімен тұқыртып, сарысулық өнерсүйер қауымды тәнті етті. Облыстық мәслихаттың депутаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Асаубай Майлыбаев және аудан әкімі Қанатбек Мәдібек ақындардың бәріне бірдей ақшалай сыйлық пен диплом табыс етті. Одан әрі Райымбек Ыбырайұлының рухына арнап ас беріліп, Құран бағышталды. Ас соңы Сәкен Қалымов, Қадырғали Көбентай, Жұбаныш Жексен, Сүлеймен Ибрагимов, тағы да басқа өнер жұлдыздарының қатысуымен гала концертке ұласты. Әсем ән тербелген осы кеште сарысулық жас талант Асхат Абзалбековтің өнерін елімізге белгілі азаматтар жоғары бағалады.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді