Соңғы жылдары ішкі істер қызметіне жалған террорлық акт туралы хабар берушілердің қатары көбейіп келеді. Мұның қылмыс екенін бірі білсе, бірі білмейді. Өткен бес айдың өзінде Тараз қаласында екі тұлғаға қатысты осындай екі қылмыстық іс орын алған. Соның бірі биыл ақпан айында тіркелді. Араққа сылқия тойған В.Коваленко есімді азамат күндізгі сағат 15.00 шамасында «102» қызметіне қоңырау шалып, №6 қалалық емханаға бомба қойылғандығы туралы жалған хабар берген. Осылайша ол жедел қызметтердің бәрін әбігерге салды. Емхана да жұмысын тоқтатуына тура келді. Алайда, қылмыскер көп ұзамай-ақ қолға түсті. Әрі зейнет жасында, әрі 1-топтағы мүгедек екендігін ескергеннің өзінде сот алты ай мерзімге бас бостандығын шектеуге үкім кесті. Міне, осындай қылмыстық істердің ащы сабақтары туралы Тараз қалалық прокуратурасында өткен бес айда атқарылған жұмыстардың қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында тілге тиек болды.
Басқосуда баяндама жасаған қалалық прокуратура қылмыстық істер бойынша сот қаулыларының заңдылығын қадағалау бөлімінің бастығы Дәулет Әбдіхалық қылмыскердің қай-қайсысы болсын қатаң жазаланатынын айтты. – Кейінгі 3-4 жылдың көлемінде облыста террорлық акті туралы жалған көрінеу хабар тарату қылмыстары орын алуда. Оларға қатысты бас бостандығынан айыру тәжірибесі қолданылуда. Қарап отырсаңыз «пәлен жерге бомба қойылды» деп ерігіп отырып, қоңырау шалған. Енді біреуі ішкіліктің әсерінен осындай әрекетке барады. Соның кесірінен аталған нысандарда қаншама адам құтқару және залалсыздандыру жұмыстарына жұмылады. Түптеп келгенде жарылғыш зат жоқ болып шығады. Мұндай қылмысқа барғандар бас бостандығынан айырылып қана қоймайды, жалған қоңыраудың кесірінен келтірілген шығындарды да өтейтін болады, – деді Дәулет Әбдіхалықов. Қалалық прокуратура аталмыш мерзімде бұдан өзге қылмыстар бойынша жүргізілген қадағалау жұмыстарынан хабардар етті. Жалпы, өткен бес айда прокурорлар 166 қылмыстық іс бойынша 189 тұлғаға қатысты қылмыстық істің заңдылығын қадағалаған. Олар бойынша 165 тұлғаға қатысты сот үкімдері шығыпты. Сотталушылардың қатарында сыбайлас жемқорлар да баршылық. Бес айдың ішінде осындай он қылмыстық іс қаралған. Баспасөз мәслихаты барысында Д.Әбдіхалық журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді