«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

АҒАЙЫН, АРАЗДАСПАЙ КҮН КЕШЕЙІК!

АҒАЙЫН, АРАЗДАСПАЙ КҮН КЕШЕЙІК!
ашық дереккөз
АҒАЙЫН, АРАЗДАСПАЙ КҮН КЕШЕЙІК!

Байқасақ, бүгінгі таңда «заманның заңды талабының өзі осы» деп, бірінің үстінен бірі арыз жазу, қаралау сынды жиренішті әдет белең алып бара жатқан сияқты. Өкініштісі, арызқойлық ақыл тоқтатқан, орта жастан асқан адамдардың арасында жиі кездесіп отырады. Сөз бостандығын желеу етіп, кейбір азаматтарымыз арыз жазуды өзінің кәсібі мен нан табатын нәсібіне айналдырғандай. Бұндай келеңсіздіктің түбі болашағымызға балта шауып, жастарымыздың тәрбиесіне кері әсер ететіні айдан анық. Жалпы, арыз жазудың меніңше екі түрлі себебі бар. Біріншісі – «тауып» жазады, екіншісі – «қауып» жазады. Бірінші арызқойдан қорқуға болмайды. Олар «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген қағиданы ұстана отырып, мекемелерде, ауылдарда, жұмыс орындарындағы келеңсіз, пайдасыз іс-әрекеттерді көріп, басшыларға ескертіп, шындықты жазады. Бұндай «тауып» жазылған арыздар мекеменің, өндіріс орындарының, ауылдардың өркендеп дамуына септігін тигізеді. Жұмысына салғырт қарап, халықтың өтінішін тыңдамай, ісіне жүрдім-бардым қарайтын кейбір басшыларға сабақ болатыны сөзсіз. Ал «қауып» жазатын арызқойлардың ісі елдің береке-бірлігін бұзып, іскер басшылар мен әкімдердің жұмыс істеуіне және елдің өркендеп дамуына, көркеюіне мекемелердің, өндіріс орындарының қалыпты жұмыс істеуіне кері әсерін тигізеді. Арыздың ақыры сотқа барып тіреледі. Өзгенің де,өзінің де берекесін қашырады. Бұндай «қауып» жазылған арыздар болашақ жастарымызға кері әсерін тигізетіні сөзсіз. «Алла тағала білімсізден – білімдінің, көріксізден – көрікті сұлудың, жоқшылықтан – баршылықтың абзалдылығын танытып, адам мен хайуанның парқын аспан мен жердей ете білді. Әрбіріне өзіне тән түр-тұлға, сыр-сипат берді және ол қасиетті өзінен соңғы үрім-бұтақтарына да дарытты» деген сөзді естуім бар еді. Сонда, арызқойлар кейінгі ұрпағына, өзінің ұл-қыздарына, немерелеріне қандай өнегелі өсиет қалдырады?! Ендеше жастарға бауыр етіміз балаларға қолына қалам беріп арыз жазуды үйретпей, оның орнына өнер, білім, ғылым, саясат үйреткеніміз абзал емес пе? Көршілер бір-бірінің үстінен бір тұтам жер үшін арыз жазып, бет жыртысып та жатады. Бір кісімен әңгімелескенімде ол бір метр жер үшін көршісімен он жыл араздасып, арыз жазып, жуырда ғана жанжалдың тоқтағанын айтты. Себебі, көршісі о дүниелік болып кетіпті. «Тасада жатып тас атпай», домалақ арыз жазбай, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» еңбек етсек, кәне! Абай хәкім айтқандай: «Өзің үшін еңбек қылсаң өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың». Сондықтан бұл дүниеде Алланың сүйген құлының бірі болғанға не жетсін?!

Құдайберген Мамбетов.

Жаңатас қаласы, Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар