«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елдігіміздің нышаны

Елдігіміздің нышаны
ашық дереккөз
Елдігіміздің нышаны

«Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді».

Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Елдігіміздің нышаны, егемендігіміздің берік тірегі – Мемлекеттік рәміздеріміздің қабылданғанына биыл 25 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде халықаралық саяси аренада біздің мемлекетімізді желбіреген көк Туымыз арқылы таныды. Саңлақтарымыз Олимпиадалар мен әлем чемпионаттарында Әнұранымызды шарықтатып, мерейімізді үстем етіп келеді. Елтаңбамыз – мызғымас тәуелсіздігіміздей болып, мемлекеттік органдар мекемелерінің төрінде тұр. Жалпы, «рәміз» деген сөз грек тілінде «символ» деген мағынаны білдіреді. Рәміз – философия мен психология өнерінің ең басты дәрежелерінің бірі. Көптеген елдерде мемлекеттік рәміздер жалпы ұлттық және біріктіруші күш ретінде бағаланады. Сондықтан, ол діни, партиялық, рулық бөліністерінен биік. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Ту, Елтаңба және Әнұранның сипаттамалары және ресми пайдалану тәртібі конституциялық «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік рәміздер туралы» заңмен белгіленген. Бұл заң 2007 жылдың 4 маусымында күшіне енген болатын. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялағаннан кейін-ақ, өзін егемен мемлекет ретінде таныту үшін мемлекеттік рәміздерін қабылдау үшін дайындыққа кірісті. Біздің елдігіміздің нышаны саналатын Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз – ең басты асыл қазынамыз. Рәміздер дегенде халықтың салт-дәстүрі, ұлты, тілі, тарихы ойға оралады. Мәселен, көк Туымыз аспан күмбезін еске түсіреді және халқымыздың мәдени-этникалық біртұтастығы мен мемлекетіміздің мызғымастығын көрсетеді. Халқымыз зеңгір көкке әрқашанда бейбітшіліктің, тыныштықтың белгісі деп қараған. Әрі көк түс Қазақстан халқының өз мемлекетін құру жолында ниетінің тазалығын және маңыздылығын білдіреді. Туымызды көркемдеу үшін арнайы жасалған өрнек қазақтың дәстүрлі көркем өнерінің негізі деуге болады. Ал алтын шапақты күн шұғыласы – байлық пен берекенің, тыныштықтың нышаны. Қыран құс қазақтың өршіл рухы, кең құшақты болмысын көрсететіндей. Елтаңбаға арқау болып тұрған оның шаңырағы. Шаңырақ – Елтаңбамыздың жүрегі. «Шаңырағың биік болсын» дейді қазақ жаңа үй тігіп жатқан ағайынға. Елдігіміздің таңбасы іспетті негізгі рәмізге шаңырақты бейнелеудің мәнісі – тәуелсіз мемлекеттің шаңырағы биік болсын деген ниеттен туғаны анық. Шаңырақ әлемнің тұтастығын, ошақтың амандығын білдіреді. Уықтары – одан тарап жатқан сәулелері, қанатты тұлпар – Мәңгілік Ел болуға ұмтылған халқымыздың өзі секілді. Елтаңбаның маңдайшасында бес бұрышты жұлдыз салынған. Мемлекетіміздің жұлдызы жарық әрі биік болып, әр азамат сол жарық сәулеге сеніп, күш-қуат жинап, сол жұлдыздан бағыт-бағдар алып, әрқашан жарқын болашақпен жақсы жолға жетелесін деген сенімді көрсететіндей. Мемлекеттік Әнұран. Осы салтанатты әуенді естігенде бойың шымырлап ала жөнеледі. Отанға деген сүйіспеншілік, бейбіт пейіл, досқа ашық құшағымызды осы әуен жеткізіп жатыр. Бұл халқымыздың музыкалық бойтұмары десек, артық емес. Себебі, халықтың тарихы, ертеңге деген арман-мұраты осы Әнұранға сыйып тұр. Осының бәрі – Қазақстанның жаңа тарихының қастерлі беттері. Оның қасиеттілігі сол, Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба және Гимннен бастау алады. Оларды жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңселі азаматтары қалыптасады. Сондықтан, алғаш рет тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері бекітілген 1992 жылғы 4 маусымның тарихымызда алар орны ерекше. Қазақстан байрағы қазір әлемнің басқа да тәуелсіз мемлекеттерімен бірге БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штабы пәтерінде желбіреп тұр. Ел Әнұраны Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшыларының құрметіне шырқалды. Елтаңбамыз ұлттық теңгенің басып шығарылған банкнотында бейнеленген. Мемлекеттік рәміздеріміз алғашқы қазақстандық ғарышкерлермен бірге ғарышқа да барып қайтты. Осының бәрі – тарих. Нақ осы мемлекеттік рәміздер – біздің егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі.

Асхат Оразхан, облыстық әділет департаментінің басшысы, Қазақстан заңгерлер одағының облыстағы филиалының төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар