Бір салада өмір бойы қызмет істеп, үлкен абыройға бөлену оңай емес. Мұның сыры біріншіден, мамандыққа адалдықта, екіншіден, еңбекқорлық пен табандылықта болса керек. Қырық жылдан астам уақыт бойы облыстың статистика саласында еңбек еткен Сұлтан Әлімқұлов осы жұмыстың барлық баспалдағынан жүріп өтті. Кеңес әскері қатарында екі жыл әскери борышын өтеп келгеннен кейін, 1976 жылы 12 ақпан күні Жамбыл облысы статистика басқармасының машинамен есептеу стансасына жұмысшы болып қабылданды. Сол кездегі басқарма басшысы Шаймерден Манапов жас маманға жол көрсетіп, бағыт береді. – Жұмыс орнымдағы барлық есептеу техникасы мені қатты қызықтыра бастады және уақыт өте келе біразын меңгеріп алдым. Жарты жылдан кейін Жедел баспа өнімі меңгерушісінің лауазымына тағайындалдым, – дейді Сұлтан Жұманұлы. Осы арада қолда бар ақпараттарды талдау үшін жоғары білім мен біліктілік қатар қажет. Сондықтан да білімін жетілдіріп, ары қарай белсене қызмет атқару үшін Сұлтан Әлімқұлов 1983 жылы Жамбыл қаласындағы Технологиялық институттың бухгалтерлік есеп факультетіне түсіп, 1988 жылы өндірісті талдау мамандығы бойынша бітірді. Бұл аралықта техника, өндіріс және басқа да салалық бөлімге басшылық ете жүріп, ұстаздықпен де айналысады. Мәселен, Жамбыл статистика және есеп техникумында, республиканың орталық статистика басқармасының облыс орталығындағы бухгалтерлер даярлау және дәреже көтеру мектебінде «Есептеу техникасын қолдану» пәнінен дәріс оқыды. Білім мен тәжірибесін жетілдіру үшін облыстық статистика басқармасы Белоруссия Республикасының астанасы Минск қаласындағы Ғылыми зерттеу орталығына үш айлық курсына жіберіледі. Ал 1989 жылы Бүкілодақтық халық санағы өтуі тиіс болатын. Сұлтан Әлімқұлов басқарма басшылығының сенімін ақтап, Минск қаласындағы оқуын жақсы аяқтайды. Жас маман одан әрі шыңдалып, еңбек майданына араласады. Сондай-ақ, Бүкілодақтық халық санағының өз деңгейінде өткізілуіне техника саласы бойынша жетекшілік етіп, тәжірибесін толықтырады. Еңбек майданы сынға толы. Облыстық статистика басқармасының сол кездегі басшысы Серік Қазбековтің бұйрығымен Сұлтан Жұманұлы басқарма басшысының орынбасары қызметіне тағайындалады. Бұл уақытта да Ұлттық халық санағын өткізу Сұлтан Әлімқұловқа жүктеледі. «Мемлекеттік деңгейде өткізілетін, қиындығы мол тапсырма абыроймен орындалды», деп өткен күндерді елжірей еске алады ол. 2000 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының нұсқауымен және Қазақстан Республикасы Статистика Агенттігінің қолдауымен Т.Рысқұлов ауданында алғашқы Ұлттық ауыл шаруашылығы сынақ санағы өткізілді. Білікті маман Сұлтан Әлімқұлов осы кезде де берілген тапсырманы мүлтіксіз орындады. Санақ кезінде қолданылатын барлық құралдарды және картографиялық сызбаларды жоғары деңгейде өткізді. Еңбектің өтеуі ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымынан келген мамандар бұл жұмысқа оң бағаларын берді. Халық санағы – аса табандылықты қажет ететін маңызды іс. Бұл тұрғыда да Сұлтан Әлімқұловтың еңбегі зор. 2006-2007 жылдары алғашқы Ұлттық ауыл шаруашылығы және 2009 жылы кезекті Халық санағын өткізуге атсалысқаны да облыстың статистика тарихындағы үлкен оқиғалар. Сұлтан Әлімқұлов бір мекемеде табан аудармай қырық жыл бойы қызмет етті. Саланың қыр-сырын меңгерген білікті маман бүгінде Әлеуметтік және демографиялық статистика басқармасына басшылық жасайды. Жеті жыл бұрын осы қызметке тағайындалып, бүгінде абыроймен атқарып келеді. Дана халқымыз «Еңбек абыройға бөлейді» деп текке айтпаса керек. Оның өз міндетін мүлтіксіз атқарып, алаңсыз еңбек етуіне жанашыры, асыл жары Шәрипа Қозыбекованың қосқан үлесі зор. Сұлтан мен Шәрипаның ұлы Ғазиз, қыздары Жазира мен Қарлығаш, келіні Ақмарал мен күйеу баласы Рашит әке үмітін ақтап, өмірден өз орындарын тапқан жандар. Олардан бірнеше немере сүйіп отыр.
Мырзабай Маханов, облыстық энергетика ардагерлері бірлестігінің төрағасы.
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді