Облысымызға Еуразиялық экономикалық одақ соты төрағасының орынбасары Жолымбет Баишев жұмыс сапарымен келді. Қадірлі мейманның қатысуымен Тараздағы «Достық» үйінің мәжіліс залында «Азаматтық және қылмыстық іс жүргізудегі халықаралық келісімнің ережелерін пайдалану» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Жиынды облыстық соттың төрағасы Рүстем Алшынбаев ашып, басқосудың маңыздылығына тоқталды. Мұнан соң Еуразиялық экономикалық одақ соты төрағасының орынбасары Жолымбет Баишев «Шаруашылық жүргізу субъектісінің құқығын қорғау және интеграцияны бекітудегі Еуразиялық экономикалық одақ сотының рөлі» тақырыбында баяндама жасап, аталған сот алқасы Одақ аясындағы халықаралық шарттардың және Одақ органдары шешімдерінің дұрыс-бұрыстығын қарайтынын атап өтті. Сондай-ақ, ол халықаралық деңгейдегі кәсіпкерлер мен экономикалық қызмет саласындағы тұлғалардың құқығын қорғайтын Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысына да тоқталды. Жолымбет Нұрахметұлы сот жұмысында қарапайым іс деген болмайтынын, майда істердің өзін әр судья халықаралық деңгейдегідей сезінуі керектігін атап өтті. Мемлекеттер арасындағы халықаралық тауар алмасу, сауда байланысы кезінде түрлі даулардың кездесіп жататынына, оның бәрінің оң шешім табатынына, кедендік аймақтағы мәселелерге де тоқталған баяндамашы әр тұлғаның құқықтары мен мүдделеріне назар аударды. Жолымбет Баишев Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына да тоқталып, мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастың маңыздылығы зор екені, адам құқықтары заңмен қорғалатыны, Қазақстан мемлекеті бейбітшілік жолымен дамып, әлемге үлгі болып отырғаны, халықаралық байланыстарға еш кедергі жоқ екені жөнінде әңгімелеп берді. Бұдан соң облыстық соттың судьясы Мақсат Қасымов «Қазақстан Республикасындағы азаматтық іс жүргізуде халықаралық ережелердің қолданылуы», облыстық соттың судьясы Нұрбақыт Нұржігітов «Қазақстан Республикасындағы қылмыстық іс жүргізуде халықаралық ережелердің қолданылуы», М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті, КББ факультетінің деканы Зәуре Әбдікәрімова «Халықаралық және ұлттық соттардың өзара әрекеттестігі», облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті заң басқармасының бас маманы Аяжан Жұмабекова «Шетелдік жеке тұлғалардың кеден төлемдері және басқа төлем түрлерін өндірудегі кеден заңнамасының қолданылуы» жөнінде баяндамалар жасады. Соңынан заңгерлер мен журналистер тарапынан қойылған сауалдарға Жолымбет Баишев жан-жақты жауаптар қайтарды.
Есет досалы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді