«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңсесі биік, рухы асқақ азаматтар

Еңсесі биік, рухы асқақ азаматтар
ашық дереккөз
Еңсесі биік, рухы асқақ азаматтар

облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бірқатар сала қызметкерлерін қабылдап, марапаттады

Мәдениет – өркениет мәйегі, мемлекеттілікті айшықтайтын ең басты факторлардың бірі. Сондықтан да өнерін сүйген, өнерпазын мәпелеген елдің мәртебесі қашанда биік. Бар өнерін бармақтың басына, тілдің ұшына қондырған халқымыздың шежіресі, көнекөз естелігі ең алдымен оның әні мен күйінде, жыр-толғауында болған. Халықтың мәдениетін арттыру, өсер ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу, ұлттық өнерімізді дәріптеу мәдениет қызметкерлері арқылы жүзеге асып келеді.

IMG_1276 IMG_1342Осы орайда мәдениет және өнер қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бір топ өнер иелерін қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады. – Құрметті мәдениет және өнер саласының қызметкерлері, шығарма-шылық одақтың өкілдері, әріптестер! Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн – өнерде өшпес із қалдырып, ел мақтанышына айналатын рухани сала өкілдерінің күні болғандықтан, барша халқымызға да ортақ мереке. Осы бір айтулы мереке қарсаңында осы саланың барлық өкілдеріне, әсіресе халқымызға еңбегі сіңген аға буынға айтар алғысымыз мол. Сіздер елдігіміздің басты нышаны – өнеріміз бен мәдениетімізді, ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған асыл қазынамызды өскелең ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, ол елдің еңсесі де биік, рухы да асқақ болады. Кез келген халық мәдениеті мен өнері арқылы танылып, бағаланады.

Біздің облысымыз Жамбыл ақынның есімімен аталатынын білесіздер. «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» деп жырлаған Кенен Әзірбаевтай кемел композитор, әнші, ақынымызбен мақтанамыз. Бауыржандай батырымыз, Шерхандай халық жазушысы бар. Өзге де көптеген ірі тұлғаларымыз, өнер корифейлері шыққан киелі өңір, қасиетті мекеннің тұрғыны екенімізді мерейлене айта аламыз.

Жақында ғана Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланғаны өздеріңізге мәлім. Бұл мақалада ұлттық құндылықтарымыз, мемлекетіміздің ұлттық құрылымы, қазақ елінің тарихи мұралары туралы жан-жақты айтылды. Біздің бүгінгі ең басты мақсатымыз – елімізді дамыған 30 елдің қатарына енгізу. Сондықтан Елбасы мақаласындағы міндеттерге бейжай қарамай, ондағы жобалардың жүзеге асуына атсалысу – бәріміздің мерейлі міндетіміз, – деген Кәрім Нәсбекұлы мәдениет және өнер қызметкерлерін төл мерекелерімен тағы да құттықтап, отбасыларына амандық, шығармашылық табыс, шабыт тіледі. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы және өзге де ірі мерейтойларды жоғары деңгейде атап өтуге үлкен үлестерін тигізген сала қызметкерлерін алдағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне облысымыздың да жоғары деңгейде атсалысуына белсенді түрде жұмылуға шақырды. Жиында бірқатар мереке иелері марапатталды. Атап айтар болсақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне бес адам ие болды. Олар – облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі Әріпбай Мұсапанов, «Кәусар» вокалды ансамблінің жетекшісі Назима Үсенова, қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің әртісі Сәуле Баймұқанқызы, әншілер Жанатбек Қадыров пен Маралбек Бабақұлов. Сонымен қатар өңір басшысы құрамында суретші, әнші, мұрағатшы, қолөнер шебері, театр әртістері бар бір топ сала өкілдеріне Алғыс хат пен ақшалай сыйлықтар табыс етті. Облыстық қазақ драма театрының актрисасы Майра Әлімбетова мен Тараз қаласы мемлекеттік архивінің директоры Бақытгүл Әбдікәрімова мәдениет және өнер саласына деген қолдауы үшін Елбасына, облыс әкіміне деген ризашылықтарын білдіріп, ыстық ықыластарын жеткізді. Осы күні Жамбыл атындағы Руханият орталығында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев бір топ мәдениет және өнер саласының қызметкерімен кездесіп, мерейлі мерекемен құттықтап, «Нұр Отан» партиясының және басқарма басшысының Алғыс хаттарымен марапаттады.

Жанғазы ахмет, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар