«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Зейнетке шығуда өзгеріс болады

Зейнетке шығуда өзгеріс болады
ашық дереккөз
Зейнетке шығуда өзгеріс болады

Елімізде 2,1 миллион, облысымызда 112705 зейнеткер бар. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты шарада Мемлекет басшысы 2017 жылдың 1 шілдесінен зейнетақының барлық мөлшерін 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға, бала туылғанда берiлетiн бiржолғы жәрдемақыны 20 пайызға арттыруды тапсырғаны баршаға мәлім. Осыған байланысты 2017-2019 жылдарға арналған бюджетке сәйкес, ынтымақты зейнетақының көлемі 2017 жылғы 1 қаңтарда 9 пайызға көбейген болатын. Енді 1 шілдеден бастап, ол тағы да 11 пайызға ұлғайтылады. Мәселен, егер ынтымақты зейнетақы 2016 жылы 40 000 теңге болса, биыл 1 қаңтарда 9 пайызға көбейгендегі мөлшері 43 600 теңгені құрады. 1 шілдеден бастап 11 пайызға ұлғайтылғандағы жалпы көлемі 48 396 теңгеге жетпек. Осылайша, өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға өсіріледі. Базалық зейнетақы да солай көбейтіледі. Мемлекет басшының тапсырмасына сәйкес, алғашқы жартыжылдықта 7 пайызға, шілдеде 13 пайызға ұлғаяды. Егер базалық зейнетақы былтыр 11 965 теңгені құраса, биыл қаңтардан бастап қосылған 7 пайыздық өсімнің арқасында 12 802 теңгеге жетті. Шілдеде тағы 13 пайызға ұлғайтылғанда жалпы көлемі 14 466 теңге болады. Жалпы, осы өзгерістерге қарай зейнетақының ең төменгі мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) былтырғы 37 789 теңгеден биыл 1 шілдеде 45 711 теңгеге артады. Зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 55 154 теңгеден 66 721 теңгеге дейін ұлғаяды. Зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ескерілетін ең көп табысты шектеуді 41 еселенген айлық есептік көрсеткіштен 46-ға дейін көбейту көзделеді, яғни 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа тағайындалған зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табысы 104 374 теңгені құрауы тиіс. Бала туылғанда берiлетiн бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері де биыл қаңтарда 7 пайызға артқаны белгілі. Шілдеде тағы 20 пайызға ұлғаймақ. Жалпы, былтырғымен салыстырғанда өсім 27 пайызды құрайтын болады. Егер былтыр бірінші, екінші, үшінші баланың тууына байланысты берiлетiн бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 66621 теңге болса, биылғы 1 қаңтарда оның көлемі 71 270 теңгеге, 1 шілдеден бастап 86 222 теңгеге дейін жетпек. 2016 жылы төртінші баланың тууына байланысты берiлетiн бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 111 035 теңгені құраса, биыл алғашқы жартыжылдықта 118 мың теңгеге өсті. 1 шілдеден бастап 142 947 теңгеге ұлғаймақ. 2018 жылдың 1 қаңтарында ең төменгі күнкөріс деңгейінің 16 пайызға жоғарылайтынына байланысты, мүгедектік, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төленетін және базалық зейнетақы мөлшері артатын болады. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесі өзгереді. Жаңа тәсілге сай, ол зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалады және зейнеткерлік жасқа жеткен соң ғана (58-63/63) белгіленеді. Егер азаматтың зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 және одан аз жыл болатын болса, базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызын құрайды. Ал 10 жылдан көп еңбек еткендердің әрбір жылы үшін оның мөлшері 2 пайызға жоғарылап отырады, ал егер еңбек өтілі 35 және одан да асып кетсе, онда базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең болады. Бұл өзгерістер бір жағынан еңбек өтілі жоғары бола тұра табысы туралы мәліметі болмағандықтан, мардымсыз зейнетақы алатындарға қатысты әлеуметтік әділдік орнату үшін қолға алынып отыр. Екінші жағынан өскелең ұрпақты еңбек қатынастарын рәсімдеуге ынталандыра түседі. 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап әйелдердің зейнетақы жасы кезең-кезеңімен арттырылмақшы. Сөйтіп, он жылда олардың зейнет жасының ерлермен бірдей 63 жасқа теңестіріледі. Яғни, 2018 жылдан 2028 жылға дейін жарты жылға көтеріліп отырады. Егер келесі жылы бірінші қаңтарда зейнетке шығуы тиіс болса, ол жарты жылдан кейін, яғни бірінші шілдеден бастап шығады. Ал шілдеде базалық зейнетақының деңгейі көтерілетіндіктен, жаңа әдістемеге бірінші ілінген әйелдердің базалық зейнетақысы екі есеге көбейеді. Жарты жыл зейнетке кеш шыққанымын, зейнетақының көлемінен ұтатын болады.

Әлімқұл Тұрысов, облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы.

Ұқсас жаңалықтар