АСТАНА. ҚазАқпарат - Терең философияға негізделген Абай тағылымы қай заманда болсын өміршеңдігін жоғалтпайтыны айдан анық. Жуықта әлеуметтік желі беттерінде шетелдіктер арасында үлкен қызығушылық тудырған, Абайдың ағылшын тіліне аударылған қара сөздері мен ақын бейнесі иллюстрацияланған «Аbai cartoons» деп аталатын жоба орналастырыла бастады. Идеяның авторы Гарвард университетінің түлегі, қазір Англияда магистратурада білім алып жатқан Дидар есімді қыз. Абай мұрасын шетелдік жастарға дәріптеуді мақсат тұтқан ол - жазушы, филолог әрі иллюстратор. «Айқын» республикалық қоғамдық газеті (авторы - Ақбота Исләмбек) Дидарды іздеп-тауып, одан жоба жайлы, жат елдік жұртшылықтың Абай танымын қабылдауы жайлы білді. Сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. - Абай мұрасын осылайша, бүгінгі заман тынысына сай жаңғырту идеясы қайдан келді? - Abai cartoons жобасы - менің қазақ әдебиеті мен мәдениетін әлемдегі жастарға қысқа да нұсқа иллюстрациялар арқылы жеткізгім келгенінің нәтижесі. Бос уақытымда үнемі сурет салумен айналысатынмын. Мамандығым филолог болғаннан соң, осы екі кәсібімді мағыналы жобада қолданғым келді. Алғашқы жұмыстарымды достарыммен бөлістім. Олар бұл бастамамды қолдап, көпшілікпен бөлісуге кеңес берді. Бір түннің ішінде instagram әлеуметтік желісіндегі Abai cartoons атты парақшама бірнеше мың адам жазылып, суреттерімді мыңдаған адам өз парақшаларында жариялады. Осылай күтпеген жерден Abai cartoons жобасы өзінің оқырмандарын тапты. - Парақшаңыздан әлемнің түкпір-түкпірінде Абайдың қара сөзімен сіздің ашықхаттарыңызды ұстап түскен жастарды байқадық. Абайдың философиясын шетелдік жұртшылық қалай қабылдауда? - Абайдың дана сөздері - қазақтың теңдесі жоқ байлығы. Осы байлығымызды ағылшын тілінде сөйлейтін оқырмандарға жаңаша түрде жеткізгеннен соң, әлемнің түкпір-түкпіріндегі жастарымыздан xаттар ала бастадым. Олар Абайдың ашықxаттарын өздерімен бірге ала жүріп, суреттерімен бөлісті. Осыдан traveling Abai немесе «саяxатшы Абай хэштэгі» пайда болды. Жалпы, Abai cartoons жобасы шетел сайттарында көп жарияланды. Бір есте қалғаны, Вьетнамдағы газет менің ашықxаттарым жайлы «мәңгілік өшпейтін даналық сөздер екен» деп жазыпты. Абай - әлем мойындаған ұлы тұлға. Өзі өмірден өтсе де, артына өлмес сөз қалдырған атамыздың өнерін мақтан тұту және келешек ұрпаққа насиxаттау - біздің борышымыз. - Жырақта жүрген қазақтардың жобаға араласуы қалай? - Жоғарыда айтып өткендей, жастар көптеген ұсыныс xаттар жібереді. Шамам келгенше олардың бастамаларына қолдау көрсетіп отырамын. Кейбір ұсыныстар түрлі мәдени орталықтар мен елшіліктерде ұйымдастырылған жобаларға қатысуға мүмкіндік берді. - Неліктен жоба авторы ретінде өзіңіз жайлы көп айта бермейсіз? - Бұл тікелей Абай шығармашылығына арналғандықтан, жұртшылықтың мені тануы міндетті емес. Себебі, мұндағы басты құнды дүние Абайдың қара сөздері болса деймін. Өзімді Абай мұрасын халыққа жеткізушімін деп санаймын. Барлық суреттерімде авторлық құқығымды қорғайтын Didar KM деген қолтаңбам бар. - Әңгімеңізге рақмет!
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді