«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ

Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ
ашық дереккөз
Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ

Сонау 1942 жылы Жамбыл қалалық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырту алғанда Бердалы Қарымсақов 18 жаста екен. Өзбекстанның Ферғана қаласында әскери оқу-жаттығудан өткен соң Ленинград майданына жіберіліпті. Жуков басшылық ететін дивизияның 250-қосалқы полкінің құрамында автоматшы болған ол Ленинград, Киев, Сталинград қалаларын жаудан тазартып, Австрия, Венгрия, Германиядағы ұрыстарға да қатысыпты. Үш рет жарақат алып, елге 1946 жылы оралған. Майдангерді Жеңіс мерекесі күні облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев үйіне барып, мерекесімен арнайы құттықтады. Гүл шоқтары мен бағалы сыйлық тапсырды. Қарияның хал-жайын сұрап, дастарханынан дәм татты. Естелікке суретке түсті. – Биыл Жеңіс мерекесінің 72 жылдығын тойлап отырмыз. Мұны көргенде бар, көрмегенде бар. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына Жамбыл өңірінен 70 мың жауынгер майданға аттанып, соның жартысы елге оралмай қалған екен. Қазір облыста 127 ардагер бар. Соның бірі – өзіңіз. Жеңіс бізге оңай келген жоқ. Сіздердің арқаларыңызда бейбіт күнге жеттік. Отанымызды жаудан қорғап, бізге осындай бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерді ел ешқашан ұмытпайды. Майдангерлеріміздің ерлігін дәріптеу, ұрпаққа мұра ету – біздің парызымыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осыны назардан тыс қалдырған емес. Жыл сайын әрбір ардагерді мерекемен құттықтап, ерлердің ерлігі үшін сый-құрмет көрсетуді Президент бізге тікелей тапсырады, – деген өңір басшысы ақсақалға Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың Құттықтау хатын тапсырды. Бейбіт өмірдің 72-ші көктемін қарсы алып отырған майдангер биыл – 93 жаста. – Соғысқа біз ұрпағымыз-дың болашағын ойлап, елді, жерді жау қолынан аман алып қалу үшін бардық. Елге оралғаннан кейін Жамбыл ауданындағы Пионер кеңшарында 50 жыл мал бақтым. Бабалар армандаған тәуелсіздікті біз көрдік. Барға да, жоққа да қанағат еттік. Еліміз тыныш болып, бейбіт күн мәңгі жасай берсін. Елбасымыз елі үшін еңбек ете берсін! – деп ақ батасын берді.

IMG_4781Мереке қарсаңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков Тараз қаласы «Астана» шағын ауданында тұратын майдангер, ақын-журналист Мүтәліп Ережепбайұлын шаңырағына барып, арнайы құттықтады. Бекболат Серікбекұлы Отан қорғау жолында да, бейбіт күнде де еліміздің дамуы үшін күш-жігерін аямаған ардагерге алғысын білдіріп, зор денсаулық тілеп, мерекелік сый-сияпат ұсынды. Өз кезегінде Мүтәліп ата Елбасына, облыс пен Тараз қаласы басшылығына алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол журналистерге майдан өмірінен естеліктер айтып берді.

Мүтәліп Ережепбайұлы 1926 жылы Талас ауданы Қарой ауылында туылған. 1944 жылы майданға аттанып, Белорусь жерін жаудан азат ету ұрыстарына белсенді араласқан. Берлин маңына дейінгі жорықтарға қатысып, Ұлы Жеңіске өз үлесін қосқан. Ұлы Жеңістен кейін де соғыс жүріп өткен қалаларды қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, елге 1947 жылы оралады. Әскерден келе салысымен бейбіт еңбек майданына араласып кетті.

нуралиевҰлы Отан соғысының ардагері Әуесбек Бекболатовті облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев Жеңіс мерекесімен құттықтады. Ардагерге гүл шоқтары мен бағалы сыйлық ұсынып, емен-жарқын әңгімелесті. Майдангер 1924 жылы Мойынқұм ауданы Қарабөгет ауылында дүниеге келген екен. Ардагер әскерге 1943 жылы шақырылғанын, Отан қорғау үшін Красноярск қаласына аттанғанын әңгімелеп берді. Сержант шеніндегі жауынгер қолынан алған жарақатына байланысты Ресейдің Нижний Тагил қаласындағы 19-шы полктің танкистер дайындайтын екінші батальонына қайта жіберіледі. Кейіннен, Польшадағы үшінші танк бригадасының қатарында жүріп, бес адамнан құралған танкінің жаңа экипажы құрамында соғысқа кіреді. Елге 1946 жылы оралған екен. – Жалпы соғысқа дейін де, соғыстан кейін де бала оқыттым. Жалпы, мұғалімдік еңбек өтілім – 50 жыл. Қазір заман тыныш. Біздің көргенімізді кейінгі ұрпақ көрмесін. Алла халқымызды тыныштықтан айырмасын. Тәуелсіз еліміздің туы мәңгі желбіреп, мемлекетіміз өркендей берсін, – дейді қария. Ардагер «Қызыл Жұлдыз» және І, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Маршал Жуков», «Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Жеңіске – 50 жыл», «Ұлы Жеңіске – 65 жыл» мерекелік медальдармен марапатталған. 5 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірген қарияның 29 немересі мен 16 шөбересі бар.

20170508_115039Бұл күні облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов Тараз қаласында тұратын соғыс және еңбек ардагері Әшірбек Сәрсенбиевтің отбасында болып, Жеңіс күні мерекесімен құттықтады. Жастығы оқ пен оттың ортасында өткен кешегі ержүрек жауынгер бүгінде 97 жасқа толып отыр. Ол бұрынғы Свердлов ауданы, Суханбаев колхозының «Қарасу» бөлімшесінде 1920 жылы дүниеге келіпті. 1942 жылдың күзінде Өзбекстанның Ферғана қаласында кіші командирлер даярлайтын курста оқып, сержант шенін алады. 1943 жылы қыркүйекте 246-шы атқыштар полкі құрамында соғысқа кіріп, қазан айында Запарожье қаласын азат ету кезінде ауыр жарақат алған. 1944 жылы емделіп шығып сәуір айында Нарва қаласындағы қан майданға кірген. Эстонияның Таллин қаласын, Балтық теңізіндегі Муха аралын, Франкфурт қаласын азат ету шайқастарына да қатысқан. 1945 жылы 9 мамырда Берлин қаласында Жеңісті қарсы алған. Елге келісімен ұжымшар экономикасын көтеруге өзіндік үлесін қосыпты. Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов ардагер қарияны мерекемен құттықтап, ел қорғауда, бейбіт еңбекте көрсеткен ерен еңбегі үшін алғысын жеткізіп, тиісінше сый-сияпат жасады. Кешегі майдангер, бүгінгі абыз қария «Таңымыз бейбіт атсын, аспанымыз ашық болсын, ұрпағымызды соғыстан сақтасын» деп ақ батасын берді.

5D1mYgOo834Ұлы Жеңістің 72 жылдығы аясында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов Ұлы Отан соғысының ардагері Тілеуқабыл Төребековті мерекемен құттықтап, сый-сияпат жасады. 1925 жылдың 17 сәуірінде Жамбыл ауданына қарасты Айша бибі ауылында туған Тілеуқабыл Төребеков 1945 жылы Жапония жеріндегі сұрапыл соғысқа қатысқан. Отан үшін от кешкен Тілеуқабыл Төребеков Хайлар-Харбин бағытындағы майдан шебінде ерекше белсенділігімен көзге түскен. Жаудың тізе бүгіп жеңілген сәтін Қытайдың Чаньчунь қаласында қарсы алған. Кейіннен түрлі саяси қызметтерді атқарған. Ардагерді құттықтай барған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов: «Барлық ізет те, ілтипат та, құрмет те тек сіздерге арналады. Сіздердің жанкешті ерліктеріңіз ұрпақтар жадынан мәңгі өшпек емес. Бүгінгі біздің бейбіт елде өмір сүруіміз өздеріңіздей асыл текті аға буынның арқасы. Деніңіз сау болсын!» деп ізгі тілегін арнады. Өз кезегінде Тілеуқабыл Төребеков ақ батасын беріп, замандастарын айтулы мерекемен құттықтайтынын жеткізді.

IMG_1030-10-05-17-04-35Облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері, Тараз қаласының 96 жастағы тұрғыны Қыбырай Рыспанбетовті құттықтап барды. Сонау 1921 жылы Талас ауданында өмірге келген жас Қыбырай Ленин атындағы колхозда жұмысшы болып еңбек еткен. 1942 жылы қаңтар айында әскерге алынып, майданға аттанған. 1943 жылы 45-атқыштар полкінің құрамында Ленинград қаласын азат етуге атсалысады. Жау оғынан жарақат алып, жеңіспен елге оралған ол еңбекке қайта араласады. Аталмыш колхозда ферма меңгерушісі болып ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, бейнетінің зейнетін көреді. 1,2 дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» және басқа да көптеген жауынгерлік медальдармен марапатталған. Ұрпақ өрбітіп, одан тараған немере-шөберелердің мәуелі байтерегіне айналған майдангер бұл күнде құқық қорғау саласында ұзақ жыл тер төгіп, зейнетке шыққан ұлы Сұлтан Қыбырайұлының қолында алаңсыз өмір сүруде. Бағлан Жиенәліұлы ардагерді мерекесімен құттықтап, осынау Жеңіске қосқан үлесін ескеріп, бүгінгі бейбіт күн үшін ұрпақтар атынан алғыс айтты. Облыс әкімі К.Көкірекбаевтың құттықтауын жеткізіп, сый-сияпат жасады. Өз кезегінде майдангер де енді ешқашан соғыс оты тұтанбауын, еліміздің көркейе беруін тілеп, жастарды бейбітшіліктің бағасын білуге шақырды.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Зоя Мамедова – Ұлы Отан соғысына өз еркімен сұранып, қан майданды басынан кешірген, фронтта медбике болып еңбек еткен. Соғыс өрті тұтанған 1941 жылы-ақ майданға аттанған оған 1942 жылы кіші лейтенант шені беріледі. 1944 жылдың наурызында Ростов на Дону маңында басынан ауыр жарақат алып, денсаулығы жарамаған соң өзі туып-өскен Баку қаласына оралады. Соғыстағы ерлігі ескеріліп, І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендері, «Кавказды қорғағаны үшін» және өзге де жауынгерлік медальдармен марапатталған. Тағдырдың қалауымен әзірбайжан қызы қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, Талас ауданының Тамды ауылына келін болып түседі. Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан соғыс ардагері Зоя Әлиқызын Жеңіс күні мерекесімен арнайы құттықтап барған облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова жүрекжарды лебізін білдіріп, алғысын айтты. Сондай-ақ, ардагерге мерекелік сыйлық табыс етті.

Ұқсас жаңалықтар