«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сол күндерді сағынышпен еске аламын

Сол күндерді сағынышпен  еске аламын
ашық дереккөз
Сол күндерді сағынышпен еске аламын

Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы да, өндірісі де өркендеп, Одаққа аты дүрілдеп тұрған кезеңі болды. Шаруасы түзу елдің адамдары да шат көңілді, шырайлы, жомарт пейіл келеді ғой. Қазір ойға алып, көзге елестетсем сол кездегі кісілердің ажары ашық, жайдары қалып, жайма-шуақ жандар тәрізді еді. Бүгініне риза, болашағына сенімді-тін. Мұның бәрі адал тер төккен еңбектің нәтижесі еді. Сол еңбек еткен адамдарды құрметтеп, көтермелей білген саясаттың да жемісі екені даусыз. Әрине кезінде сол саясаттың насихатшысы ретінде еңбекте, еңбек адамдарын дәріптеп, көпке үлгі-өнеге жасай білген баспасөздердің, облыста облыстық, аудандарда аудандық газеттердің атқарған игі істеріне тарих куә. Біздің облыс жұртшылығының да экономикасының, руханиятының өркендеп дамуына бүгін, міне 95 жылдығын атап өтіп отырған облыстық «Ақ жол» газетінің қосқан үлесі зор екені сөзсіз. Менің де қаламгерлік еңбек жолым осы газеттен бастау алды. 1966 жылы КазГУ-дің (қазіргі әл-Фараби атындағы университет) филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген соң Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жолдамасымен ол кезде «Еңбек туы» аталатын облыстық газетке әдеби қызметкер болып орналастым. Жастай осы газетте үш-төрт жыл қызмет атқарғаным маған үлкен тәрбие мектебі болды деп сеніммен айтамын. 1981 жылы «Жазушы» баспасында редактор болып қызмет атқарып жүргенде үлгілі еңбегім үшін Қазақстан Республикасының Алтын Құрмет кітабына есімім жазылса ол осы мектептен алған тәртіп, тәжірибемнің нәтижесі деп білемін. Партиялық баспасөз болып саналатын бұл газет жұмысында еңбек тәртібі, іске деген жауапкершілік, мақала қорыту мен мақала жазудағы сауаттылық, жинақылық, өз бойындағы мәдениеттілік қатаң талап етілетін. Газет ұжымында өмірдің ащы-тұщысын бастан өткерген, біразы Отан соғысына қатысқан кексе журналистер баршылық еді. Олардың әңгіме, сұхбаттары өзі алдына бір қазына болатын. Газеттің редакторы – сөзі де, түр-тұлғасы да келісті, маңғаз, сыпа табиғат, қазақтың көрікті, келбетті перзенттерінің бірі дерлік Баттал Жаңабаев. Ол кісінің екі орынбасары – тәртіптің тегеуріні тәрізді, анау-мынауға селт етпейтін, әр басқан қимыл-қадамына дейін ұқыпты, сабырлы әрі осы ұжымда өмір бойы қызмет атқарған Төленді Оңғарбаев, жазған жазуы да, түр-келбеті де мұнтаздай, жаңалыққа жаны үйір, жастарға елгезек, бауырмал, арғы-бергі классиктердің туындыларын көп оқыған, көркем әдебиетке бүйрегі бұрып тұратын Анарбек Айтбаевтың ағалық қамқорлығын көрдік. Осы кісілердің шарапатымен қызметке тұрған соң, жарты жылдың ішінде жаңадан салынып жатқан мөлтек ауданнан екі бөлмелік пәтер алдық. Әрі жазушы, әрі журналист Бақытяр Әбілдаев, Мейірхан Қуанышбаев, Әлдихан Қалдыбаевтың да ағалық әрі достық ықыласына ие болдық Тұрмысы жақсы, көңіл-хошы түзу ауыл, елді аралау-дың өзі адамның жан дүниесін кеңейтіп, өмірге деген құштарлығын арттырса керек.

Берік Шахан, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының кеңесшісі.

Алматы.

Ұқсас жаңалықтар