«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Баспасөздің бас сардары

Баспасөздің бас сардары
ашық дереккөз
Баспасөздің бас сардары

Ежелгі Әулиеата, бүгінгі жаңарған Жамбыл өңірінің баспасөзінің қара  шаңырағы саналатын облыстық «Ақ жол» газетінің тарихы тым арыда жатыр. Өткен ғасырдың 1922 жылғы 1 мамырында «Кедей еркі» деген атпен тұңғыш нөмірі жарық көрген басылым ұзақ жолдан өтіп, 95 жасқа толып отыр. Облыстың қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға қарсаңында қазақ баспасөзі ардагерлерінің бірі, «Ақ жолды» (ол кезде «Еңбек туы») табаны күректей 20 жыл басқарған Баттал ЖАҢАБАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Баттал аға, бір кездері өзіңіз ұзақ жыл редактор болып абыройлы қызмет атқарған («Еңбек туы»), қазіргі «Ақ жолдың» мерейтойымен Сізді құттықтаймыз. Аға буынның атасы ретінде, облыс баспасөзінің сардары ретінде сіздің ой-пікіріңізді оқырман қауымға ұсынғанды жөн көрдік. – Иә, саналы өмірімнің дені баспасөз саласында, оның ішінде «Ақ жол» (ол кезде «Еңбек туы» аталады) газетінде өткендіктен бұл ұжым маған қашанда ыстық көрінеді. Оның өткен жолы, ұжым мүшелері, жеткен жетістіктері көз алдымда өтіп келеді. Газет халықты тәрбиелеуші құрал. Одан оқырман қауымның дүние танымы кеңейіп, қоғамдағы жүріп жатқан саясаттан, өзгерістерден хабардар болып отырады. Өзі өмір сүріп отырған қоғамның бір мүшесі екенін сезінеді. Соған қызмет етеді. Содан болар, әу бастан халық газетті өзіне серік етіп, ақылшым деп ұғынады. Оған газеттің қай жылдары, қандай қиын замандарда болмасын жарық көрген нөмірлерінің сарғайған беттеріндегі уақыт табы сезілетін мақалалар куә. Мәселен, алғашқы колхоздастыру заманында халықтың сауатын ашу науқаны болған. Әріп танып, хат оқи білген көпшілікті газет оқуға міндеттеген. О заманда идеология күшті құрал болған. Содан барып халықты мемлекеттің саясатына баулыған. Кешегі Ұлы Отан соғысында осы күшті идеологияның арқасында халық қандай сұрапыл қиындықты жеңді. Мұны сол соғысты бастан кешкен жауынгерлер де жыр ғып айтатын. Сондықтан сонау қиын жылдары құрылған Жамбыл облысының жүріп өткен жолынан мол мағлұмат беретін, тіпті тарихшысы іспетті рөл атқарып отырған облыстың басылымы, бүгінгі «Ақ жол» газетінің 95 жылдық тойы облыс жұртшылығы үшін үлкен елеулі оқиға дер едім. – Енді сәл шегініс жасап, баспасөз саласын таңдауыңызға не себеп болды, кімдерден дәріс алдыңыз деген дәстүрлі сұраққа жауап берсеңіз? – 1945 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім. Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда оқыдық. Курстастарымның дені ауылдық жерден келген қарапайым шаруа адамдардың балалары еді. Оқуға деген ынта-ықыласымыз зор болды. Факультеттің деканы Қайыржан Бекқожин студенттерден қамқорлығын аямайтын. Алдымызда жақсы оқып білім алып, елге қызмет етсек деген бір ғана арман болды. Ол кездегі Алматы ауасы тап-таза, көшесі миуалы баққа толы, у-шудан аулақ, табиғаты тамылжып тұратын. Ғажайып қаладай әсерге бөлейтін. Университет қабырғасындағы алған біліміміз өмір бойы азық болды десем артық айтқандық емес. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің Мұхтар Әуезов бастаған талай ірі тұлғаларынан дәріс алдық. Университетті 1950 жылы бітірдім. Бұл Қазақстандағы алғаш ашылған журналистика факультетінің тұңғыш түлектері болатын. Олардың арасында кейіннен қазақ баспасөзінің көрнекті өкілдері болған Тауман Амандосов, Балғабек Қыдырбекұлы, Тұрсынбек Кәкішев, Пернебек Бейсенов, Төлеубай Ыдырысов сынды азаматтар болды. – Баспасөздегі ең алғашқы еңбек жолыңыз қайдан басталды? – 1949 жылы Семей облысының «Екпінді» газетінде тәжірибеден өттім. Газет редакторы Сағат Жұмағалиев деген кісі «Келесі жылы бітіреді екенсің. Бізде кадр тапшы, келсең қайтеді?» деп қолқа салды. Мен не дей қояйын? Ол кезде университет бітірген жастарға ОК өңірлерге жолдама беретін. Осы тәртіппен Орталық комитеттің сектор меңгерушісі Әбдуәли Қарағұлов бәрімізді жиып, маған келгенде аты-жөніме қарады да: «Саған Семейден өтініш келіп түсті. Қалай қарайсың?» – деді. Мен баруға дайын екенімді білдірдім. Содан Семейдің облыстық газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы болып үш жыл еңбек еттім. Содан бір күні редактордың алдына бардым. «Менің де ел көріп, жер көріп, мақала жазғым келеді. Бөлімге ауыстырсаңыз», – деп өтініш білдірдім. Партия бөлімінің меңгерушісі, біраз уақыт өткен соң үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқардым. Ол кезде үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі редактордың орынбасары деңгейіндегі қызмет болатын. Осы қызметтерді 7 жыл атқардым. 1957 жылы туып-өскен Жамбыл облысына оралып, облыстық партия комитетіне идеология хатшысының орынбасары қызметіне тағайындалдым. Ол уақытта осындай қызмет болатын. – Ол кезде «Еңбек туы» аталатын облыстық газетке редактор болып қай жылы келдіңіз? – Жоғарыда айтқан қызметті 3 жыл атқардым. Содан бір күні облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров өзіне шақырды. Әлі есімде бұл 1965 жылдың 4 қаңтары болатын. Асекең қолыма бір папканы ұстатып жатып: «Мұнда обком бюросының қаулысы бар. Онда сені газеттің редакторы қызметіне ұсынып отыр. Бұрын Баттал деуші едік, енді Бәке деп атайтын болдық қой», деп күлімсіреді де «ЦК-ға барасың» деді. Ертесіне Орталық комитеттің төрінен, бірінші хатшы Дінмұхамед Қонаевтың алдынан бір-ақ шықтым. Үлкен ұлық адамның кішіпейілдігін алғаш рет осында көрдім. Алдымнан шығып: «Жақсы келдіңіз бе? Ел аман ба?» – деп шағын-шағын сұрақтар қойып, қал-жағдайымды сұрады. Мен туралы құжаттармен танысып, қабылдауға мені алып кірген Орталық комитеттің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ф.Михайловке: «Он же готовый редактор» – деп күлді. Ал маған: «Жауапты қызмет, жауапты жұмыс істе!» – деп, қолымды қысып, сәттілік тіледі. Содан Жамбылға оралып, ертесіне А.Асқаровтың қабылдауында болдым. Ондағы мақсатым «Еңбек туы» ол кезде орысша шығатын облыстық газеттің көшірмесі іспетті еді. Мақалалардың денін орыс тілінен аударып басатын. «Қазақ журналистеріне обал-ақ. Аяғын тұсаулаған аттай алысқа ұзай алмайды. Лажы болса, осы мәселені шешіп беріңіз!» – деп мәселені төтесінен қойдым. Ол кісі бұл мәселеге түсіністікпен қарады. Тіпті, сол сәтте шешті десе де болғандай. Ұмытпасам, «Еңбек туының» 9 қаңтар күнгі саны болуы керек, таза өзіміз дайындаған мақалалармен жарық көрді. Редактор ретінде мен қол қойдым. Бұған дейінгі газет бетіне редколлегия деп қана жазылатын. Содан 1985 жылғы 25 сәуірге дейін 20 жылға созылған редакторлық қызметті атқардым. – Баспасөзде осыншама жыл редакторлық қызмет атқарған адамдар некен-саяқ. Партияның көрігі қызып тұрған заманда газетте басшылық қызмет атқарудың қандай қиын болғанын осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңғандар жақсы біледі... – Ол кезде талап басқа еді. Газеттің әр нөмірі цензураның сүзгісінен өтетін, қайсыбір мақалаларды нөмірге кетіп бара жатқан жерінен тоқтататын. Содан түннің бір уақтында айтыс-керіс. Обкомның бір хатшысы: «қара шаңырақ деген не бәле? Бұл ескіліктің сарқыншағы ғой», – деп тепсінгені бар. Құдығынан жеріген құландай талай кепті көрдік қой. Оның үстіне, облыстың бірінші басшысы ауысқанда жаңаша жұмыс істеу талабын қояды. Мен редакторлық қызметімде алты бірдей обкомның бірінші хатшысымен қызмет атқаруыма тура келді. 1972 жылы газеттің 50 жылдық мерейтойын атап өттік. Жоғарғы Кеңес Төралқасының төрағасы С.Ниязбеков алқалы жиында «Құрмет белгісі» орденін газет ұжымына табыс етті. Газеттің бірнеше қызметкері Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасымен марапатталды. Маған «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағын берді. Бұл сол кездегі өлшем бойынша үлкен құрмет, биік баға еді. Газеттің мерейтойы шын мәнінде халықтық мерекеге айналды. – Жарық көргеніне 95 жыл толып отырған төл газетіңіз «Ақ жолдың» мерейтойына орай тілегіңіз? – Қазір Құдайға шүкір, еліміз тәуелсіздіктің арқасында даму үстінде. Қоғамдағы орасан зор өзгерістерді халыққа жеткізетін баспасөздің рөлі артпаса кеміген жоқ. Ең бастысы журналистерге қай тақырыпты жазамын десе де жол ашық. Кешегі ұзын арқан, кең тұсаулы заман келмеске кетті. Азат елдің еркіндігі мен сөз бостандығы қай тақырыпты қаузаймын, қаламыңды қалай сілтеймін десең де ерік беріп отыр. Әрине, сөз бостандығы осы екен деп ауа жайылып кетуге болмайды. Мұны бүгінгі жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен басылымдар ескерсе болар еді. Газет – ұжымдық еңбектің жемісі. Бұл ақиқаттан ешкім де аттап өте алмайды. Оның бетінде тілшінің ізі сайрап жатады. Әр нөмірін оқырман қызыға оқу үшін жақсы, өткір, ойлы мақалалар керек. Талантты, еңбекқор, ізденгіш журналистері бар газет қашанда бақытты. Өйткені, жақсы мақаланы солар жазады. Бүгінгі заман талабына сай жаңарған «Ақ жолдың» бетінен осындай ойлы мақалаларды жиі оқимыз. Газет мерейтойының қарсаңында газеттің бас редакторы, жазушы, талантты журналист Көсемәлі Сәттібайұлы бауырымыз халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанды. Оған қоса осы газеттен түлеп ұшқан қаламгер Доқтырхан Тұрлыбек те осы сыйлыққа ие болды. Бұл, сөз жоқ, «Ақ жол» газетінің ұжымы үшін үлкен мерей, мәртебе дер едік. Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы баспасөз бетіне жарияланды. Бұл мақаладан гөрі үлкен бағдарламалық дүниеге ұқсайды. Оған үн қосып, ойын білдіріп жатқан зиялы қауым өкілдерінің пікірінше, бұл шын мәнінде халқымыздың түлеуіне, ел болып мұратына жеткізетін жолды көрсеткен құнды дүние. Ел өмірінде үлкен қолдауға ие болып отырған осы дүниені халыққа жеткізуде Көсемәлі басқарып отырған «Ақ жол» газетінің шығармашылық ұжымы аянып қалып жатқан жоқ. Оның әр нөмірінен осыған байланысты тұшымды дүниені оқып отырмыз. Бұл, сөз жоқ, Елбасының көрегендік саясатын халыққа жеткізуде үлкен рөл атқарып отырған баспасөздің жемісі дер едім. Сөз соңында «Ақ жолдың» ардагерлеріне, қазіргі ұжымына отбасылық бақыт, шығармашылық шабыт тілеймін. «Ақ жолдың» алар асуы биік, ғұмыры ұзақ болсын! – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Әділбек ЖҮНІС.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар