Кәрім Көкірекбаев, облыс әкімі.
Бұқаралық ақпарат құралдары — халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Ақпарат айдынындағы кез келген басылым қоғам үшін еңбек етуі тиіс. Себебі, журналистика қоғаммен бірге өмір сүреді, қоғаммен бірге тыныстайды. Әсіресе, газет-журнал өзі өмір сүрген кезеңдегі оқиға, құбылыстарды өз оқырманына нақты, дәйекті жеткізе білуі керек. Өйткені, күні ертең ол мақалада келтірілген дерек – сол кездің тарихы. Елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында жүргізіліп жатқан үлкен істер, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы негізінде қабылданған бағдарламалар және Президенттің биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан туындайтын тапсырмалар мен жақында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттердің, мемлекетіміздің қалыптасу кезеңдеріндегі реформалардың жүзеге асырылуы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихатталады. 95 жылдық тарихы бар облыстық «Ақ жол» газеті – осы міндеттің үдесінен шыға білген басылым. Сіздердің жарияланымдарыңызда көтерілген мәселелер, айтылған ой-пікірлер біз үшін шешімдер қабылдауда, міндеттер белгілеуде аса маңызды. Себебі, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Сонау 1922 жылы 1 мамырда «Кедей еркі» деген атаумен шыққан газеттің ғасырға жуық тарихы бар. Осы 95 жылдың ішінде бұл басылым өңіріміздің шежірелі жылнамасын жасады. Газеттің сарғайған тігінділерін парақтап, тарихтың ақтаңдақ кезеңдеріне куә боламыз. Ұжымдастыру жылдарының, ашаршылықтың, саяси қуғын-сүргіннің салдарын, Ұлы Отан соғысындағы жамбылдықтар жасаған ерлік істерін, егемен ел атанған жылдардан бергі тәуелсіздік тарихын, мемлекетіміздің қалыптасу, даму кезіндегі тыныс-тіршілігін осы «Ақ жолдан» көре аласыз. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық белесінде әлеуметтік-экономикалық даму жолына түскен еліміздің түрлі салада қол жеткізген табыстарын айшықты көрсетуде «Ақ жол» газеті айрықша дараланды. Жұрт облыстағы жағымды жаңалықтарды осы басылымнан оқып-танысты. Газеттің 95 жылдық мерейтойын атап өту ең алдымен, өз тарихымызға, сол тарихты жасауға табан ақы, маңдай терімен үлес қосқан газет қызметкерлерінің еткен еңбектеріне деген құрмет. «Ақ жолдың» ұжымы аға ұрпақтар алдындағы жауапкершілікті терең түсініп, оқырман артып отырған міндетті анық сезінеді. Газет Жамбыл жерінің жасампаз істерге толы шежіресін жазуға зор еңбек сіңірді. Облысымыздың айнасы – «Ақ жол» газетінің ұжымын және басылымның оқырмандарын 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Әр уақытта қаламдарыңыз қарымды болып, шығармашылық табысқа жете берулеріңізге тілектеспін!
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді