«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Дәстүрдің озығын алып, тозығын тастайық

Дәстүрдің озығын алып, тозығын тастайық
ашық дереккөз
Дәстүрдің озығын алып, тозығын тастайық

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ, филология ғылымдарының докторы, М. Х. Дулати атындағы ТарМУ профессоры.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы көп мәселені тереңнен қозғаған, халыққа ой салатын, ойландыратын, болашаққа сенімін нығайтатын келелі, бағдарламалық мәнді туынды болып жазылған. Елбасы айтқандай, «Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды». Бұл өзгеріс көз алдымызда, өте жылдам шапшаңдықпен жүзеге асуда. Әр алуан технологияның қарыштап дамып бара жатқаны сондай, бүгінгі бар нәрсе ертең көнеге айналып, орнына жаңа үлгі пайда болады. Онымен ілесіп, жаңарып отыру оңай емес. Бірақ қажет, уақыт сондай, әлемдік орта, талап солай. Бәсекелестікке төтеп бере алмасаң, ұтылып қана қоймайсың, қатардан шығып қаласың. Жаһандану иіріміне жұтылып кетуің де ықтимал. Қазіргі уақыттың қатал талабы, қатері солай болып отырған соң да ел, ұлт, халық өзін сақтап қалуы үшін алды-артын әріден ойлап, өз-өзіне сын көзімен қарауы керек. Елбасының мақаласында осы жай жан-жақты пайымдалған. Сонымен қатар халықтың, оның жеке тұлғаларының, билік басындағыларының атқаратын міндеттері мен қызметтері, жауапкершілік жүгі көрсетілген. Бұдан бүгінгі кәрі де, жас та сырт қалмауы қажет. Өз-өзімізге сын көзбен қарап, өзгенің емес, өзімнің міндетім, азаматтық борышым деп ұғатын кез келді. Мақалада ұлттың рухани жаңғыруында екі мәселеге айрықша көңіл бөлінеді. Бірінші – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтыны айтылады. Екінші – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту қажеттігіне назар аударылады. Елбасы мақалада ұлттық код деген мәселеге жақсы анықтама берген. «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіз құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп жазады Елбасы. Бұл ойда терең мән-мағына бар. Ұлттық кодтың басында, біздіңше, ең алдымен тіл мәселесі тұрады. Өйткені, тіл – ұлттың жаны. Тіл заман талабына сай жаңғыруы, дамуы тиіс. Ал ол өздігінше жүзеге аспайды. Бұл – халықтың өз жауапкершілігіндегі аса үлкен мақсат. Тіл отбасынан басталып, азаматтың, халықтың бүкіл ғұмыр бойында дамуы, қанатын жаюы қажет деп білеміз. Әр маман өз саласында мемлекеттік тілге – қазақ тіліне зор құрметпен, патриоттық сезіммен қарауы қажет. Сонда ғана мемлекеттік тіл мемлекеттік қарым-қатынас құралына, ғылым мен техника, мамандық тіліне айналады. Олай болмаса, ұлттық кодымыздың бірінші шарты мемлекеттік тіл әлі де тасада қалуы, бұл «бағыты әлі бұлыңғыр жаңа тарихи кезеңде» үлкен қатер-сын болуы ықтимал. Әрине, біз мұндай жағдай болмасын деп тілейміз. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарты» деп біледі. Дәстүр-салтымыздың жақсысы да, тозығы да бар екені бүгінгі күні айқын танылып отыр. Ерлік, батырлық дәстүрі, қоршаған ортаны қорғау, ұлтымызға тән имандылық пен толып жатқан басқа да жақсы қастерлі қасиеттеріміз – бұл ұлтымыздың ешкімге ұқсамайтын өзіндік келбеті. Біз осы қалпымызбен қазақ болып қаламыз және қазақпыз деп мақтана аламыз. Дегенмен де рухани жаңғырудың бірнеше бағытын талдап-таратып айтып өткен Елбасы «Прагматизм» деген екінші бағытта қарапайым халықтың жадында болуы, ойлануы тиіс уақыттың өзі алға тартып отырған қасиеттерді алға тартады. Қазіргі қазақ бұрынғы қазақ емес. Бүгінгі уақыт, шындап келгенде, қазақтың дарақылығын, астамшылдығын, тойшылдығын көтермейді. Ал өкінішке орай, бізде әлі де дарақылық пен ысырапшылдық та, қызыққұмарлық та мол. Әрине, өмір бұлай жалғаса бермейді. Уақыт көп нәрсені әлі-ақ жөнге салары сөзсіз. Дегенмен, бұрынғы психологиямен, бұрынғы өмір ағымымен біразымыздың әлі де «сүрлеулетіп» жүріп келе жатқанымыз шындық. Ойланатын уақыт жеткенін, енді дүниеге басқаша көзбен қарау керектігін орынды ескертіп отыр. «Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы» дейді Елбасы. Бұл – бүгінгі заманның қағидасы. Өкінішке орай, жасыратын несі бар, көптеген көк диплом қазір кәдеге жарамай сандық түбінде жатыр. Ал оған кезінде ата-ананың қаншама қаражаты кетті. Бұл – бәсекеге қабілетсіздік. Өмірдің осындай және өзге де жайларынан сабақ алып, алғы күнге сын көзбен, қатаң талаппен қарауымыз керек тәрізді. Қазір, ең қуаныштысы, кәсіпкер-лікке кең жол ашылды. Халық та осы бағытқа бет бұрып отырған сияқты. Бұл өте жақсы нышан. Дегенмен мұнда да «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған көптеген сындарлы ойларды зерделеп, іштей таразыға салып, күнделікті шаруамызда басшылыққа, межеге алуымыз қажет.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар