Тұрғындардың талап-тілегін тыңдады

Тұрғындардың  талап-тілегін тыңдады
ашық дереккөз
Тұрғындардың талап-тілегін тыңдады

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимаратында облыс прокуроры Ернат Сыбанқұлов қоғамдық қабылдау өткізіп, шағымданып келген азаматтардың талап-тілегін тыңдады. Облыс прокурорының қабылдауына кірген Қаратау қаласының тұрғыны Жетебай Түлендібай малшымен арадағы дау бойынша әділдік іздеп келіпті. Ол малшы А.Ибраимовпен келісімшартпен жұмыс істеген. Малшы мал иесінің 2 жылқысын жоғалтып, не ақысын, не малын қайтармаған. Жетебай Дабекұлы малын жоқтап барғанда одан 2 мал алуға келіседі. Кейін келісім бойынша үйіне барғанда А.Ибраимовтың өзі жоқ болғандықтан, әйелінен алып кетіпті. Сол үшін малшы мал иесінің үстінен арызданып, 1 бас малын қайтарып алып, екіншісін қолхатпен қалдырып кеткен. Екі ортада малын жоқтаған Жетебай Дабекұлының өзін кінәлі санап, аудандық ішкі істер қызметкерлері төлқұжатын алып алған. Тіпті, баласының төлқұжаты да тәртіп сақшыларының қолында болғандықтан, енді балаларының жәрдемақысын да ала алмай отырған көрінеді. Бұл мәселені байыппен тыңдаған прокурор Ернат Сыбанқұлов істі қараған Талас ауданының ішкі істер қызметкерлерін де, даудың басы болған мал иелерін де шақырып, істі қайта қарайтындарын айтты. Ал Тараз қаласының тұрғыны Тұрар Жапаров «Тараз су» мекемесінің директоры Марат Смаиловтың үстінен шағым айта келіпті. Талай жыл абыройлы қызмет еткен Тұрар Жапаров өзін жұмыстан негізсіз жұмыстан шығарған Марат Смаиловтың жауапкершілігін қарауды, бұрынғы жұмыс орнына қайта орналасуының заңды жолы бар ма, соны сұрайды. – Мен 30 жыл жұмыс жасадым. Үздік қызметкер де атандым. 2005 жылы «Тараз су» мекемесіне бас экономист болып жұмысқа орналастым. Кейін басшының айтуымен сол мекеменің кәсіподағын басқардым. Заң бойынша кәсіподақтың қоры болуы керек. Сол қорды директор өзі басқаратынын айтып, кәсіподақ төрағасы ретінде менің билік етуіме рұқсат етпеді. Жөн-жосығын айтқанымда, жұмыстан кетуімді талап етті, – дейді ашынған Тұрар Жапаров. Жәбірленушіні мұқият тыңдап, істің мән-жайымен танысқан облыс прокуроры Ернат Сыбанқұлов бұл істі өзінің жеке бақылауына алатындығын айтты. Қорыта айтқанда, қоғамдық қабылдауға келгендер көкейлеріндегі сауалдарына іздеген жауаптарын алып қайтты.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар